Зейнет жасы һәм әл-ауқат саясаты

1172

0

Халқымызда «Бейнеттің зейнетін көріңіз» деген көңілге жағымды тіркес бар. Зейнет жасында алаңсыз өмір сүріп, бала-шағасының рахатын көруді армандамайтын жан кемде-кем. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың  2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында көп уақыттан бері қоғам талқысына түскен зейнет жасына қатысты мәселе де айтылды.

– Алда зейнетақы жүйесін айтарлықтай қайта жүктеу керек. Зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін, ал ең жоғары мөлшерлемесін 120 пайызға дейін дәйекті түрде жеткізу керек. Бұған дейін қабылданған шешімдермен бірге бұл 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әлеуметтік сұранысты ескере отырып, әйелдер үшін зейнеткерлік жас деңгейі 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде белгіленеді, – деді Мемлекет басшысы.

Ал, өткен аптада Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар Мемлекет басшысының осы тапсырмасы аясында тиісті заңға түзетулер енгізді. Осыған орай зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруға сәйкес жаңа шаралар пакеті ұсынылып, келер жылдан бастап әйелдер зейнетке 61 жастан шығатын болды. Бұл межені алдағы бес жылға дейін асырмау көзделуде.

Биыл қазақстандық әйелдер 60 жарым жаста зейнетке шыға алады. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңның 11-бабына сәйкес Қазақстанда 2022 жылы әйелдерге зейнетақы тағайындау 60,5 жасқа толғанда жүзеге асырылады. Бұл ретте келесі жылдан бастап әйелдердің зейнет жасы 61 жасқа дейін ұлғаяды. Ал, бұл деңгей бес жылға бекітілетініне қарамастан, жоғарыда аталған жастағы әйелдер биыл төлемдерді рәсімдеуге үлгеруі керек.

30 маусымға дейін 60 жасын тойлаған қазақстандық әйелдер 60 жарым жасында зейнетке шығады, яғни, 30 желтоқсанға дейін олар зейнет жасына жетеді. Бұл жағдайда зейнет жасына 10 күн қалғанға дейін зейнетақы тағайындауға өтініш беру қажет. Осы ретте жыл соңына дейін зейнет жасына жетіп, бірақ зейнетақы тағайындауға өтініш бермеген әйелдер 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 61 жасқа толғанша күтуі керек болады.

Зейнет жасына толған азаматтарға төлемдер өтініш берген күннен бастап тағайындалады. Өтініш беруді кешіктірген жағдайда өткізіп алған кезеңнің төлемдері жоғалады.

Әйелдер алғаш зейнет жасына жеткен сәттен бастап жұмыс беруші оның БЖЗҚ-дағы зейнетақы шотына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуді тоқтатады. Ал жарналар болмаған жағдайда еңбек өтілі белгіленбейді. Жоғарыда аталған факторларды ескере отырып, зейнетақы төлемдерін уақытында рәсімдеген дұрыс.

Ал зейнет жасына қатысты мәселеге кеңірек тоқталсақ, бұған дейін елімізде әйелдердің зейнет жасын 58 жасқа дейін төмендету туралы ұсыныс қоғам белсенділері, депутаттар тарапынан көтерілгені белгілі. Президент Жолдауынан кейін мәселені көтеріп жүрген депутаттар да, қоғам белсенділері де 61 жасты қанағат тұтты. Дегенмен, бұл алдағы бес жылға ғана бекітілгенін естен шығармаған дұрыс. Зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде бекіту – нақты шешім емес, мәселенің шешімін кейінге қалдыру.

Анығында, бұл мәселенің әлеуметтік астары бар. Айталық, қазіргі таңда ауыр жұмыс атқарып жүрген азаматтар өте көп. Олардың арасында зейнет жасына жете алмай, жетсе де рахатын көре алмай өмірден өтіп жатқандар да баршылық. Оған қоса, әйелдер арасында жасы ұлғайған сайын немесе денсаулығына байланысты өзінің еңбек функцияларын атқара алмай жұмыстан шығып қалып жатқан жағдайлар бар. Осыған байланысты еңбек даулары да туындап жатыр.

Сондықтан мәселе жас мөлшерінде емес, еңбек жағдайы, өмір сүру сапасының жақсаруына тікелей байланысты. Осы орайда ересектер қоғамның инклюзивті мүшесі екендігін де ескерген жөн. Асыраушысынан айырылған, мүгедектігі бар, тағы да басқа себептерге байланысты әйелдер зейнет жасында да жұмыс істеуге мәжбүр болып отыр.

Мәселенің бір ұшы экономикаға тіреледі. Сондықтан, зейнет жасын төмендету үшін алдымен қаралған қаржы болуы керек. Айталық, еліміздің жалпы ішкі өнімі шамамен 75-80 трлн теңге десек, бюджет шығыны – 15 трлн, яғни, шамамен ЖІӨ-нің 20 пайызы. Ал, сол бюджет шығынының 20 пайызы – 3 трлн теңге зейнетақы төлеуге кетіп жатыр. Егер әйелдердің зейнет жасын 58 жасқа түсірсе, бюджет зейнетақыға 4-5 трлн теңге жұмсар еді. Бұл – тәуелсіз сарапшылардың болжамы ғана.

Ал, салалық министрліктің мәліметіне сүйенсек, ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасын мұндай біріздендіру бюджет қаражатын үнемдеу үшін емес, әйелдердің зейнетақы мөлшерінің барабарлығын қамтамасыз ету үшін қажет. Елімізде үш деңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді және зейнетақы төлемдері әрбір деңгейде еңбек өтіліне байланысты.

Тағы бір айта кетерлігі, әйелдер мен ерлер БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары жеткілікті болған кезде зейнетке тиісті жастан ерте шыға алады. Ол үшін зейнетақы аннуитетін – зейнетақы жасына жеткенге дейін төлем жасау құқығын пайдалануға болады. Биыл 1 қаңтардан бастап азаматтар мұндай төлемдерге 45 жастан бастап өтініш бере алады. Бұл ретте ерлер зейнетақы алуды 55 жастан, әйелдер 52 жастан бастай алады.

Зейнетақы аннуитетіне қатысты да үлкен мәселе бар. Мысалы, ерлер 55 жасында, әйелдер 52 жаста зейнетке шығуы үшін оның зейнетақы жинағында кемінде 10-15 млн теңге аралығында қаражат болуы керек. Бірақ, 2020 жылғы ақпаратқа сәйкес, елімізде 118 мың азаматта ғана осындай қаржы болған. Биылғы жылға мұндай өзекті ақпарат жоқ.

БҰҰ деректеріне сүйенсек, соңғы жылдары дамушы және дамыған елдерде қоғамның қартаю үдерісі қарқын алып келеді. 2050 жылға қарай елімізде 65 жастан асқан тұрғындардың саны екі есе ұлғаятын көрінеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінше, Қазақстандағы зейнеткерлердің саны 2,2 миллион адамды құрайды. Оның шамамен 1,5 миллионы – әйелдер. Бұл қатарға жыл сайын 100 мыңнан астам зейнеткер қосылып отырады. 2030 жылға дейін зейнеткерлер қатарына тағы 2 миллион адам қосылады. Сондықтан, мәселенің түбегейлі шешімін табу өте өзекті болып отыр.

Қоғамда мәселе көтерілген сайын сала басшылары мысал ретінде зейнет жасы елімізге қарағанда бұрын да жоғары болған Еуропа елдерін, сондай-ақ, көршілес елдер ішінде Ресейде 2028 жылға дейін зейнет жасы бес жылға өсетінін, Әзербайжанда зейнет жасы 60-тан 65 жасқа дейін өсетінін келтіреді. Сонымен қатар, қазір елде белгіленген зейнет жасы халықаралық тәжірибеге және әлемде қалыптасқан экономикалық, демографиялық жағдайға сәйкес келетіні жиі айтылады.

Бұл ретте, өткенге көз салсақ, елімізде 1998 жылға дейін әйелдер 55 жастан, ерлер 60 жастан зейнетке шығатын. Содан бері зейнет жасы ұдайы өсіп, 2018 жылдан 2027 жылға дейін әйелдердің зейнет жасын 63 жасқа дейін жеткізу көзделді. Қарап отырсақ, 1998 жылдан бері еліміздің экономикасы біртіндеп өсіп, халықтың өмір сүру деңгейі үнемі артып отырғандай әсер қалдырады. Кез келген шетелдік сарапшы елімізде зейнет жасын ұлғайту себебін солай деп түсінер еді. Дамыған елдерде зейнет жасы бізден де жоғары. Өйткені онда халықтың өмір сүруі, табысы, әлеуметтік қамсыздандыруы мен денсаулығы жоғары деңгейде.

Демек, бейнеттің зейнеті жас мөлшеріне емес, әл-ауқат саясатының жақсаруына тікелей байланысты. Әлем елдері тәжірибесін қарастырғанда, мінсіз зейнетақы жүйесі жоқ. Ал, зейнет жасын арттыруды қарастырып отырған елдерде өмір сапасын жақсарту шаралары тиімді жүзеге асып келеді. Сондықтан еліміздегі зейнетақы реформасына әлі нүкте қойылған жоқ деуге болады.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<