Елімізде цифрландыру, сандық технологияға көшу бағытындағы бастамалар қай саланы да жандандырды. Ең бастысы, білім саласындағы қызметке қолжетімділік артып, ұстаздар қауымы қағазбастылықтан арылуға мүмкіндік алды. Ата-анаға да жеңілдік жасалды. Байқап қарасаңыз, қазір ата-ана баласының сынып журналындағы бағасын бақылауда ұстап, қажетті ақпарды дер кезінде ала алады. Бұл ретте құр сөзбен шектелмей, құзырлы мекеме ұсынған мәліметті жариялауды құп көрдік.
Облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, бүгінде «Күнделік» электронды журналдар ақпараттық жүйесіне 124 мектеп пен 1 колледж қосылған. Электронды журнал енгізілгелі бұрынғыдай мектеп пен ата-ана сынып журналы, үлгерім табелі мен қағаз күнделік сатып алуға ақшасын шығындамайтын көрінеді. Бұл жүйе – сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл. Ата-ана баласының қай тақырып бойынша баға алғанын біліп, мұғалімге хат та жолдай алады. «Күнделікті» 173370 тұрғын, оның ішінде 12803 мұғалім, 99565 оқушы мен 62958 ата-ана пайдаланып отыр екен. Ал, «BilimLand» цифрлы білім беру порталы мұғалімдерді тегін дидактикалық материалдармен қамтамасыз етуге септесуде. Бұдан бөлек, оқушылардың келешектің кәсібін меңгеріп, IT ілімді, робототехниканы игеруіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл орайда қаладағы нөмірі 3-ші мектеп-лицей өңірдегі алғашқы инновациялық білім ұясына айналуға күш салып отырғанын айту керек. Білім ордасының материалдық-техникалық базасы ақпараттық технология бағытында жабдықталуда. Мектеп-лицей директоры Меруерт Әбдіхалықованың айтуынша, цифрландыруға қатысты маңызды міндеттерді іске асыруда облыс басшылығы қолдау танытып отыр. Жаңа сыныптар ашылуда. Соның арқасында балалардың ізденуге құштарлығы артқан. Ал, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада орналасқан ІТ парк ашылғанына көп бола қоймаса да, талантты жастар шоғырланатын ортаға айналып үлгерген. Мұнда жастар ақпараттық-бағдарламалық өнімдерді әзірлеу, оларды қорғайтын антивирустық бағдарламаларды жасап шығаруға дағдыланып келеді.
Осындай қарқын денсаулық сақтау саласында да байқалады. Себебі, басшылық қызметті электрондық форматқа ауыстыру тұрғындарды әуре-сарсаңнан құтқаратынын қаперге алған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова баспасөз конференциялардың бірінде облыстың барлық медициналық ұйымдары кешенді медициналық ақпараттық жүйеге қосылғанын алға тартқан еді. Иә, биылдан бастап емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды цифрлық нұсқада жүргізуге көшті. Бұл 2020 жылға қарай ел тұрғындарының электронды денсаулық паспорттарын жасауына, кезек күту мәселесін түбегейлі жоюға көмектесері сөзсіз. Оған қоса «DamuMed» мобильді қосымшасы дәрігер қабылдауына алдын ала жазылуға, дәрігерді үйге шақыртуға, рецепт, еңбекке уақытша жарамсыздық парағы, зертханалық талдау нәтижесі туралы мәліметті алуды жеделдетуде. Бүгінде оның қызметін пайдаланушылар үлесі 41,7 процентке жеткен.
Коммуналдық төлемдерді де қазір мойын созып, сағаттап кезек күтпей, терминалдан төлей салу мүмкіндігі көптеген жерде қарастырылыпты. Тұтынушылар енді су, жылу, электр жарығы, тұрғын үй қызметі мен тазалық қызметіне бір кассадан төлей алады. Облыс бойынша 700 терминал арқылы электр жарығы үшін төлем жасауға болады. Айта кетейік, «Android» операциялық жүйесінде арнайы бағдарлама да іске қосылған. Ол арқылы сіз смартфонның бетін сипап, қаражатты діттеген жерге жеткізуге мүмкіндігіңіз бар. Кәсіпкерлік саласына да осындай бірсыпыра тиімді дүние енгізілген.
Ал, назар аударарлық басты жаңалық – облыста цифрлық технологиялар басқармасының құрылуы дер едік. Бұл ретте аймақ басшылығы шетелдік тәжірибені ескеріп отыр. Себебі, қазіргі кезеңде ақпараттық технологияның пайдасы жетерлік. Оның үстіне әлемді алақанға сыйдырған технологияның өріс алғаны әрбіріміз үшін тиімді. Біз оны күнделікті өмірге ақырын енгізіп келеміз. Тұрмыстық қажеттілік жылдам әрі адам күшінсіз өтелетін дәурен таяғаны осыдан-ақ белгілі емес пе?!
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<