Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 80-қадамын іске асыру бағытында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу бойынша еліміздің барлық өңірінде қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатқаны белгілі. Оның ішінде ішінде біздің облысымызда да ауқымды шаралар атқарылуда.
Атап айтқанда, «Медициналық сақтандыру қоры» құрылды және ведомствоаралық іс-шаралар негізінде тұрғындардың әлеуметтік мәртебесін анықтау жұмыстары жүргізілді. Емдеу ұйымдарындағы «Тіркелген халық тіркелімі» (РПН) электронды базасы бойынша түгендеу жұмыстары қайта ұйымдастырылды.
Өткен жылдың 1 шілдесінен бастап медициналық сақтандыру қорына жарна аудару басталды. Елбасы тапсырмасына сәйкес қазіргі уақытта бейресми жұмыспен қамтылғандар мәселесі бойынша нақты шаралар қабылдануда. Бұл орайда ҚР Үкіметінің бейресми жұмыспен қамтылғандарды заңдастыру және оларды ел экономикасына, тиісінше міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту жөнінде 2018-2019 жылдарға арналған Жол картасы әзірленді. Сонымен бірге МӘМС жүйесін енгізу мерзімі 2020 жылдың 1 қаңтарына шегерілуіне байланысты «Медициналық сақтандыру қорына» төленетін жарналар мен аударымдар бойынша көптеген өзгерістер енгізілді. Осы өзгерістерге сәйкес жеке кәсіпкерлер 2017 жылдың шілде-желтоқсан айлары үшін жарна аударады да 2018-2019 жылдар үшін босатылады. Алайда жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықт иелері жұмыс беруші ретінде қарамағындағы жалдамалы жұмысшылары үшін 2018-2019 жылдары 1,5 процент, 2020 жылдан бастап 2 процент көлемінде жарна аударады. Сондай-ақ, азаматтық-құқықтық келісім шарт негізінде табыс табатын тұлғалар төлейтін жарна мөлшері төмендетілді. Бұл санаттағы азаматтар да 2018-2019 жылдары жарна төлеуден босатылып отыр, бірақ, 2020 жылдан бастап табыстың 1 проценті, 2021 жылы 2 проценті көлемінде жарна төлейді.
Жұмыс берушілер үшін медициналық сақтандыру қорына аударатын аударымдар мөлшері өзгеріссіз қалды. Тұрғындардың 14 санаты немесе жекелеген санаттағы азаматтар үшін медициналық сақтандыру қорына жарнаны мемлекет төлейтіні белгілі. Бұл төлемдер 2020 жылдан бастап жүргізіледі. Мемлекет анықтаған жекелеген санаттарға жатпайтын тұлғалар ең төменгі жалақының 5 процентін төлеу арқылы сақтандыру жүйесіне қосыла алады.
Сондықтан барша тұрғындарды ұлт саулығын нығайту, медициналық қызмет сапасын арттыру, медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында еліміз бойынша енгізілген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне жете назар аударып, оның маңыздылығына мән беруге шақырамын. Өйткені, өз денсаулығымыз өз қолымызда.
Жалғасбек ҮСЕНОВ,
№3 қалалық емхана бас дәрігерінің ішкі бақылау жөніндегі орынбасары.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<