\»Жаңа жылға 15 минут қалғанда көз жұмды\»: Ресейлік басылым Саттарханов туралы мақала жариялады

478

0

\"Жаңа жылға 15 минут қалғанда көз жұмды\": Ресейлік басылым Саттарханов туралы мақала жарияладыРесейлік беделді «Чемпионат» спорт порталы 2000 жылы 31 желтоқсанда қайғылы оқиғада көз жұмған Олимпиада чемпионы, қазақстандық боксшы Бекзат Саттархановқа арнайы шығарылым арнады. Жаңа жылдың келуіне санаулы минут қалғанда бар болғаны 20 жастағы жігіт дастархан басында жиналған достарына асыққан деп жазады NUR.KZ желілік басылымға сілтеме жасай отырып.
2000 жылы Түркістан қаласының тумасы Бекзат Саттарханов Сидней Олимпиадасында бокстан «алтын» медальді қанжығалаған болатын. Ол қазіргі әлем чемпионы, американдық Рикардо Хуаресті жеңген.
Осыдан кейін 20 жастағы чемпион елге оралып, қарапайым тұрғындармен кездесті, деп жазады мақаланың авторы.
Материалда бұл сенсациялық жеңіс жас жігіттің болмысын өзгертпегені туралы сөз қозғалған. Бекзат танымалдыққа байыппен қарап, оқуын жалғастыруға ниет білдіріпті. Алайда ол сүйіктісімен көрісіп үлгермеген.
Өкінішке орай, спортшының барлық жоспарлары бір сағат ішінде үзіліп кете барды.
Сол күні жаңа жылды тойлау қарсаңында Бекзат туған жері Түркістанның орталық алаңында «Жыл спортшысы» атағын алады.
Сағат кешкі 10-дар шамасында боксшы ата-анасының үйінде болып, содан кейін екі танысымен бірге Олимпиада жеңісінің ақшасына алынған су жаңа автокөлігімен Шымкентке барған.
2001 жылдың басталуына азғантай ғана уақыт қалғандықтан спортшы асығыстық танытады. Достары бас қосқан үйге дейін 40 шақырым қалған жерде Бекзат рөлді игере алмай, темір тұлпар аударылған.
Онымен бірге келе жатқан жолаушылар аман қалып, бүкіл елдің сүйіктісі болған спортшы апат орнында көз жұмады.
Жас боксшының мансабындағы жарқын оқиғадан кейін үш ай ғана өткенде, бәрі шампан ашып, алдағы жылға бақыт тілеген кезде кенеттен қаралы хабар жетті, деп жазады «Чемпионат».
Айта кетерлігі, қазіргі таңда атақты спортшы дүниеге келген Түркістандағы шағын аудан оның есімімен аталады.
Бекзат бала кезінен табанды, мінезді болған. Ол қарсыластары өзінен күшті не үлкен болғанына қарамастан, қыздарды қорғауға күш салатын.
Оның спортқа деген махаббаты бастауыш сыныптарда байқалыпты. Олимпиада чемпионы жасөспірімдік шақта таңертең ерте оянып, үйдегі шаруаларға ата-анасына көмектесіп, кейін жүгіруге шығатын болған.
10 сынып кезінде бозбала Олимпиада қатысушыларын дайындайтын Шымкентке көшіп барады.
Достары Бекзаттың жанкүйерлерінен тыным болмағанын еске алады. Ол тіпті жүректерді жаралай білетін аспап – гитарада керемет ойнаған. Алайда, марқұмның өзі ел намысын қорғап, жақындарын кедейліктен шығаруды армандапты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<