Жаңалығы көп Жолдау болды

324

0

Жаңалығы көп Жолдау болды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған алғашқы Жолдауы әлеумет тарапынан қолдау тауып, қызу талқыланып жатыр. Осы ретте, жоғары оқу орнының құқық қорғау саласына қажетті кадрларды даярлайтын кафедраның меңгерушісі ретінде Жолдаудың азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігіндегі сот және құқық қорғау жүйесіне жүргізілетін реформалар жөнінде сөз еткім келеді.
Әсіресе, сот шешімдерінің сапасын арттыру, әкімшілік әділет құрылымын енгізу, жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны қатайту мәселесі бойынша тиісті шаралар қабылдау маңызды болып табылады. Сонымен қатар, ұйымдасқан қылмыс, браконьерлік қылмыс проблемасын шешу,  сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күрес, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасалған мекеменің бірінші басшысының жауапкершілігін заңнамалық және нормативтік тұрғыдан нақты белгілеу қажет екені нақты айтылды. Осы ретте, құқық қорғау жүйесін толық реформалау, 2020 жылдың соңына дейін Әкімшілік полиция комитетінің жұмысын қайта ұйымдастыру, ішкі істер министрлігін реформалауға алдағы үш жыл ішінде 173 миллиард теңге бөлінетіндігі құқық қорғау саласын одан әрі жетілдіруге айрықша серпін беретіні сөзсіз.
Жолдауда білім саласы, оның ішінде ел экономикасына қажетті сұранысқа ие кадрлармен қамтамасыз ету үшін еңбек ресурстарының балансын  есепке алудың тиімді әдістемесін әзірлеу қажет екендігі тапсырылды. Бұл мәселеде, мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалғаны, жұмыссыз жастардың білім алуына мүмкіндік жасау бағытында нақты шаралар қабылдау керек. Оның ішінде жоғары білімнің сапасына ерекше мән беріліп, бітіруші түлектерді жұмыспен қамту мәселесінде еліміздегі жоғары оқу орындарының көрсеткіштері көңіл көншітпейтіні айтылды.
Жолдаудағы педагог қауымына ерекше серпіліс берген маңызды мәселе алдағы төрт жылда мұғалімдердің еңбек ақысын екі есеге арттыру болып отыр. Еліміздегі ғылым саласын дамытуға айрықша назар аударылып, ғылыми зерттеулер деңгейін көтеруге мән берілді. Жолдауда елдің көңілінен шығатын, әлеуметтің әлеуетін көтеретін маңызды мәселелер баяндалды. Оны зерделеу, алдағы жұмыстарымызға басшылыққа алу – біздің басты міндетіміз. Маған ерекше әсер еткені Жолдауда зейнетақы жүйесіне байланысты айтылған әрбір азаматтың қызмет атқара жүріп, өзінің зейнетақы қорынан тұрғын үй алуға және білім алуға қажетті қаражатты жұмсауға мүмкіндік берілетіндігі болды.
Осы орайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын білім саласының қызметкерлері толық қолдайды, мемлекетіміздің баянды болашағы үшін аянбай еңбек ететініне сенім білдіреміз.

Гүлнар АРҒЫНБЕКОВА,
«Болашақ» университетінің кафедра меңгерушісі,
заң ғылымдарының кандидаты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<