Сыр өңірінде жылыжай кәсібі жандана бастады. Алыс аудандармен қосқанда облыс орталығында да бұл іске қызу кіріскендер көп. Оның үстіне, аталған сала ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында баса маңызға ие. Қармақшы ауданы Жаңажол ауылында Дулат Жаппаров осы кәсіпті алғаш қолға алғандардың бірі.
Қызанағы мен қияры ауылдағы дүкен сөресінен түспейтін Дулат бұл идеяны 2017 жылдан іске асырып келеді. «Bastau Бизнес» жобасы бойынша жылыжай ашуға «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» 1 млн 800 мың теңге жеңілдетілген несие алған. Оған қоса, қайтарымсыз грантты да жеңіп алды.
– Екі бірдей жылыжайым бар. Әуелгісін грант арқылы ашсам, кейінгісін «Даму» қоры арқылы іске қостым. Ерте көктемде бастаймыз, күн суығанша жұмыс істейміз. Бізде қыстыңгүні жылыжайдың тиімділігі аз. Шығын көп, ауылда өнімді қымбатқа сата алмайсың. Халықты жыл бойы көкөніспен қамтамасыз еткім келеді. Бірақ отын, көмір, жарық, су мәселесі қолбайлау. Ауылға көгілдір отын келсе, ол мақсатым да орындалып қалар. Ал жылыжаймен айналысамын дегенге бұл – жақсы кәсіп, әсіресе, ауыл тұрғындары үшін, – деді Дулат Жаппаров.
Дулат Спандиярұлы облыста өтетін түрлі семинарлардан сәті келсе қалмауға тырысады. Өйткені, ғалымдар мен сала мамандарының басқосуында түрлі тақырыптар талқыланады. Енді ғана айналысып келе жатқан жас маман үшін мұның пайдасы зор.
– Бірде өсіп тұрған қызанақ біртіндеп сола бастады. Суы бар, тыңайтқыш та бар, неден екенін білмей басым қатты. Облыста үлкен семинар өткелі жатқан, соған бардым. Жиында мықты агрономдармен, ғалымдармен танысып, мәселемнің шешуін де таптым. Қазір байланысып, ақыл-кеңес сұрар ортам да қалыптасып келеді, – деді жас кәсіпкер.
Жаңажолда жастардың кәсіпке бет бұруы үрдіске айналған. Ауыл әкімі Әбимүсілім Қоқановтың айтуынша, мемлекеттік бағдарламалардың ауыл халқының тұрмыс деңгейін көтеруге септігі зор.
– Мемлекеттік бағдарламалармен былтыр 22 азамат несие алған. Биыл 2 азамат жұмысын бастап кетсе, 3 адам қаржысын алуға қарап тұр. Тағы 3 тұрғын РИТС арқылы кәсібін бастамақ. Сонымен қатар, 5 ауылдасымыз қайтарымсыз қаражатқа құжат тапсырған. Көпшілігі жастар екені қуантады, – деді ауыл әкімі.
Айта кетейік, өңірде 164 жылыжай болса, оның 90-ы тұрақты жұмыс істеп тұр. Жалпы көлем 10,5 гектарды құрайды. Десе де 74 жылыжайда қозғалыс байқалмайды. Мәселені шешу жолында аймақта Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда жылыжай шаруашылығын дамыту жөнінде арнайы іс-шаралар қабылданды. Нәтижесінде жаңадан қолға алынған және жұмысы тоқтап тұрған 43 жылыжай іске қосылады деп күтілуде.
Дәулет ҚЫРДАН.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<