Тәуелсіз елімізде жас ұрпақтың ұлттық рухта және жаңа өркениет үрдісінде жан-жақты дамуына мейлінше жағдай жасалған. Жастар үшін білім беру деңгейі, технологиялық жағдайы жоғары оқу орындары, керемет спорттық, мәдени нысандар салынған.
Биыл Қызылордада облыс әкімінің тікелей бастамасымен бой көтерген «Өнер орталығы» есік ашты. Бұл зәулім ғимаратта симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалар, түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар өткізіліп келеді.
Мұнан соң кәсіпкер Сейітқали Алшынбаев басқаратын құрылысшылар іргесін қалаған «Шұғыла» спорт кешенінің ашылуына куә болдық. Қала жастары бұл келбетті кешенде шағын футбол, волейбол, таэквандо, үстел теннисі, шахмат, тоғызқұмалақ секілді ондаған спорт түрімен шұғылдана алады.
Мұндай жаңалықтар көп, осындай жағдайдың жасалуы арқасында жастар әртүрлі жетістіктерге жетіп, өз елінің атын танытып келеді.
Дегенмен, осы деңгейден төмен, жаһанданудың жаршысындай ұялы телефонның құрдымына батып-шығып жүрген жастар да баршылық. Жастар ғана ма, ел іші «екі қолда бір смартфон». Көшеде, үйде, дүкенде, көлікте, тіпті ұйқыдан тұрғанда да сол смартфондар қолдан түспейді. Ұялы телефон торы әлеуметтік желіге толы. Енді өсіп келе жатқан балақайлардың телефоны – онлайн ойындардың сандығы. Мәселен, Free fire, Standoff, Minecraft.
Ол ол ма, желіде жөнсіз іс-әрекеттер өріп жүр. Интернет қолжетімді болғаннан кейін былық пен шылық үлкендермен бірге бала-шағаға да ортақ. Бұл желіде не жоқ, сайқымазақтар тарихи батырлардың образын мазақтап, жұртты күлкіге қарқ қылдым деп ойласа, о дүниеге «барып келген» әсіредіншілдер әнтек сөз айттым деп ойламайды да…
Жаға ұстатар әрекеттерімен халыққа танылып, телефонның тікелей түсірілімі арқылы нәпақасын тауып жүргендер тіпті ұяттан алыстады. «Атың шықпаса, жер өрте» демекші, бұл әрекеттің елдің имиджіне кері әсерін тигізетіні анық.
Кейбір жастардың іс-әрекетін жастық максимализм деп қабылдап, оған кешіріммен қараудың зардабы аз болмайды.
Смартфонмен жақын болу арқылы жастар ең қажет дүниесін естен шығарды. Ол – уақыт. Тас тескен тамшыдай сыртылдаған әрбір минуттың өткенін, экранға желімдей жабысқан адам байқамайды. Желі – ақылды, адам – ақымақ болып тұр. Себебі, әлеуметтік желінің қолданушыға ұсынысы шексіз және әртүрлі. Ал адам баласы, ұзынсонар жіпке тізілген бүкіл бағдарламаға байланып, алтын уақытын уыстап шашып, айдалаға жұмсап жатыр. Мәселен, Instagram, Facebook, TikTok, YouTube, WhatsApp сынды желілердің күндіз-түні қолданыста екенін білеміз. Бұл психологиялық тұрғыда санамызды улап, үлкен кесел тудырады.
Бәрін айт та, бірін айт, құмар ойындардың жарнамасы да қызып тұр. «Плинко ойыны шынайы, әділ, ол тек ұтысқа арналған» деп қазақтың баласы екі езуі екі құлағына жетіп отыр. Алайда, сол онлайн казинодан талай қазақ баласының бақытсыздыққа ұшырап жатқанын осы айналамыздан да аңдап қаламыз.
Кез келген нәрсенің екі жағы бар. Жаңашылдық жаңа бетбұрысқа жетелейді, қазіргі таңда мобилограф, копирайтер, таргетолог, контент-мейкер, блогерлік салалары дамуда. Бүгінгі күнде желілерді дұрыс әрі түрліше бағытта қолданып жүрген жастар да жеткілікті. Қалғандарды осыған үйрету керек. Сондықтан керекті-керексіз тегін сабақтардың орнына әлеуметтік желіні пайдалы қолдануды үйрететін онлайн курстарды көбейткен дұрыс деп есептеймін.
Екі жағы бар дегенде жаһандануға қоса ере жүретін жағымсыз әдеттер де көп. Жастардың мұндай әдеттерді тез сіңіріп алатыны да рас. Арсыз фильмдер көріп, сұрқия сәнқойлыққа еліктеп, шашын бояп, сырға таққан бозбалалардың азғыруға да тез бой алдыратынын көріп келеміз.
Ал кітапты көп оқып, ата-ананы, ұстазды құрметтей білген жас ешқашан жаман әдетке жоламайды. Негізі кітап оқудың мәнін жастарға әртүрлі жолмен түсіндіре түсу жағы енді жолға қойылғандай. «Қазіргі компьютерде отырғандарды болашақ кітап оқығандар басқарады» деген сөздің мәнін ашып жеткізу маңызды.
Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда «кітап оқитын халық қана нағыз зиялы бола алады» деген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды. Смартфон баланың қолындағы кітаптың орнын баспауы қажет» деп атап көрсетті.
Кітап оқыған жас өзінің алған білімі арқылы қоғамға жаңалық енгізуге талпынуы қажет. «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген бұрынғылар. Өйткені, жастардан үміт күткен. Әрбір жастың ойында «мен ата-анамның үмітімін, елімнің иесімін» деген жауаптылық тұрса, онда болашаққа жаһанданудың жақсы әсерімен баратын болады.
Мына бір жағдайды күлкі үшін айтқым келіп отырған жоқ, болған жайт еді. «Өтейбойдақты білесің бе?» деп бір жас маманға сұрақ қойған едім. «Үйленбей жүрген біреу шығар, білмедім» деп шынын айтты. Мен оның осы жауабынан-ақ кітап оқымайтынын байқадым.
Қазақтан шыққан әйгілі шипагер емші Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы терең білімді дәрігер болған. Тіпті ол емге көнбейтін науқастарды өз әдістерімен жазып жіберген. Оның атақты «Шипагерлік баян» дейтін кітабы бар екенінен хабардармыз. Бірақ, бұл кітапты өзім әлі қолыма түсіре алмадым. Бабамыз осы еңбегін Жәнібек ханның тапсыруы бойынша 70 жасында жазған екен.
Өтейбойдақ денсаулық саласына бар ғұмырын арнап, халық медицинасын ғылыми жүйеге келтірген. Атақ-даңқ, дүние-мүліктен бас тартып, бүкіл өмірін шипагерліктің қыр-сырын игеруге сарп еткен.
Мынадай бір түсінік бар, жаңа заман жастары жаһандану арқылы дамиды дейді. Мұндай қасаң түсініктен аулақ болып, өткен тарихымызды да терең білуге тырысуымыз қажет.
Ата-бабамыздың тарихы, халқымыздың жүріп өткен ғасырлық жолы мен тағылымы – өміріміздің өлмес азығы. Осыларды білсек, бізді ата-бабамызбен жалғап тұрған алтын тін ешқашан үзілмейді. Ал қанша жерден жаһанданумен қаруланса да, ұлт ұстынын танымаған адамның рухы діңі бос ағаш секілді.
Сондықтан, жаһандану жолындағы жастар таразының басын тең ұстағанда ғана нағыз өркениетті, саналы ұрпақ болып қалыптасады. сонымен бірге халықтың қуат-бірлігін сақтауға, елдің ертеңін дамытуға үлес қоса алады.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<