Жаман дос – көлеңке

1301

0

*сурет ашық дереккөзден алынды

Аялдамада кезекті бір автобусты күтіп отырғанмын. Орта бойлы, кең иықты, жүзі жылы азамат келіп, аман-саулық сұрасты. Таныстығы жоқ. «Бұл кім болды екен?» деген оймен:

– Айып етпеңіз, танымадым. Кім боласыз? – дедім.

Жылы ғана жымиған ол:

– Мен сізді сырттай білемін, қаламгер боларсыз? – деді.

– Иә, дұрыс айтасыз.

– Сізге азын-аулақ өтінішім бар. Уақытыңыз болса әңгімелессек. Өйткені, көптен көкейімде жүрген бір мәні зор әңгіме бар еді. Соны айтсам, ал сіз оны көпке жеткізсеңіз.

Мейрамханаға барып, әңгіме-дүкен құрдық.

Байқаймын, Ардақ – жүрегі жомарт, алақаны ашық азамат. Тұрмысы төмен отбасыларға қамқор қолын созып жүрген көрінеді. Содан болар, дос-жараны көп.

– Кешірерсіз, мен өзімді дәріптеп кеткен жоқпын ба? Достық жайлы көптен көкейімде жүрген бір толғақты мәселе бар еді. Ендігі әңгіме желісін соған бұрсақ.

Біз сонау «Қарақұм» қойнауындағы шағын ауылда өсіп, өркен жайдық. Ауылдағы он жылдық оқу ордасынан бары-жоғы 12 оқушы дәріс алғанбыз, оның бесеуі – ер-азаматтар. Тағдырдың жазуы болар, екеуі өмірден ерте озып, бүгінде үшеуміз тай-құлындай тебісіп, бірге келеміз. Жасыратыны жоқ, әркімнің өз тіршілігі бар, содан болар сирек кездесеміз.

Алла сәтін салып, жақында Ербол есімді кластас досыммен жолықтым. Көптен көріспегендіктен айқара құшақтасып, аман-саулық сұрастық.

– Ардақ, сені әдейі іздеп келдім. Алла жазса, алдағы сенбіде қоныс тойын жасамақпын, соған міндетті түрде Айгүліңді алып келерсің.

– Шағын үйің үш қабатты коттедж ғой…

– Иә, ақ дастарханға өзің сияқты алақаны ашық азаматтарды шақырып жатырмын, досым.

– Барамыз, досым. Айтқандай, Серікті шақырдың ба? Кластастардан үшеуміз ғана қалдық қой.

– Ой, жоқ та, күнін итшілеп әрең көріп жүрген оның не керегі бар? Тұратын жері анау – біреудің үйінің сарайы. Нанын зорға тауып жүрген ол біздің ортаға мүлде лайық емес.

– Сонда сенің үйіңе қандай адамдар барады?

– Өзің бар, Мәкең бар, Жөкең бар, анау дөкей Дәкең бар дегендей. Бәрі де байлық пен билік басындағылар ғой.

– Е, досым, өзіңнің қандай адам екеніңді таныттың ғой.

– Неге?

– Ақшасы бар, қызметі мен мансабы бардан өз отбасын өзі сүйреп, күн көріп жүрген адамның не айырмашылығы бар? Ақшасы барлардың бізден қай жері артық? Әлде байлығы мен билігі барлардың төрт көзі, үш құлағы бар ма? Дүние деген – қолдың кірі, бүгін бар, ертең жоқ. Алла бетін аулақ қылсын, ертең басыңа іс түссе, әлгі азаматтар жаныңнан табыларына кім кепіл? Сонда Серік досымыз сенің ортаңа лайық болмағаны ма? – дедім де, жүре бердім.

Ербол досым осы әңгімеден соң ойланса керек. Ертеңіне кластас досымыз Серіктің үйіне шақыруға барады. Жатаған сарайдан жүгіре шыққан Серік:

– Ассалаумағалейкум, Ереке бауырым, қалай амансыздар ма? Көп болды ғой көрмегелі, қайда жүрсің? Әй, Маржан, шық бері, Серік досым келді, – деп Ерболды қапсыра құшақтайды.

Үйден жүгіріп шыққан Маржан да жағдай сұрасып жатыр.

– Әй, Маржан, давай, шайыңды қойып, дастарханыңды жаса, – деген Серік Ерболды үйге шақырып, бәйек болды.

– Жо… жоқ, Сәке, менің уақытым жоқ. Сендерді ертеңгі қоныс тойыма шақыруға келдім. Маржан қалмасын.

– Қоныс тойың құтты болсын, міндетті түрде барамыз. Қазір уақытың болмаса, қолың қалт еткенде шай-пайға келерсің, – деді. Ерболды шығарып салады да:

– Маржан, әлгі жинап жүрген азын-аулақ тиын-тебенді есептейік. Досымыздың тойына құралақан баруымыз ұят болады.

Жылы жымиған Маржан:

– Ол-пұл аламыз ғой деп жүр едік, – деді.

– Ол-пұлды қоя тұр. Ербол досымның үйіне үлкен бір кілем алайық, әйда базарға барайық, жинал.

– Серік, менде той көйлегі жоқ қой, бір әдемі көйлек алайықшы.

Қарқылдай күлген Серік:

– Әй, Маржан-ай, саған менен басқа кім қарайды дейсің? – деді.

Екеуі түкті кілем сатып алып, тойға тарту жасайды. Сый-сыяпатты қабылдап алған Ерболдың жүрегі дүрс-дүрс етті. Шамасы, сый-сыяпатқа емес, қайта қауышқан досына деген сағыныш сезімі болса керек.

Ағайынға айтар әңгімем осы еді, – деп әңгімесін аяқтады ол.

Мына қысқа жіп күрмеуге келмейтін алмағайып заманда дос пен ағайынның арасы ашылып бара жатқандай. Қолыңда барда ғана керексің. Аяғыңды шалыс басып, басыңа іс түскенде дос іздейсің. Мұндайда досың сәлемін сатып береді де, бұрыш айнала қашады.

– Жаман дос – көлеңке,

Басыңды күн шалса,

Қашып құтыла алмайсың.

Ал басыңды бұлт шалса,

Іздеп таба алмайсың, – деген сол.

Еркін ӘБІЛ,

жазушы-журналист,

Арал ауданының құрметті азаматы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<