Көмекке мұқтаж адамға ешқандай өтінішсіз, тапсырмасыз, бұйрықтан тыс өз еркіңмен көмектесу, жақсылық жасау, сол адамның ғана жағдайының оңалуына емес, тұтас мемлекеттің дамуын титтей болса да ілгерілетуге ықпал етері сөзсіз. Әсіресе, бүгінде бұл істе өз азаматтық ұстанымы қалыптасқан жастар белсенділік танытып келеді.
Мемлекет басшысы 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялады. Мұндағы мақсат – еліміздің өркендеуіне, көркеюіне, дамуына шын жаны ашитын патриот жастарды тәрбиелеу. «Еріктілер қызметі туралы» арнайы заң бар. Олар жеке тұлғаларға, кәсіпорындар мен компанияларға әлеуметтік топтарға көмек көрсетуді, қоршаған ортаны қорғауды көздейді. Сонымен бірге, жастардың бойында азаматтық ұстаным қалыптастырып, оларға әлеуметтік жауапкершілікті сезіндіруге бағытталған. Өз еркімен атқарылған әрбір істің, жан қалауымен жасалған жақсылықтың нәтижесі болады.
Бүгінде Жалағаш ауданының білім саласында волонтерлар тобы жасақталған. Аудан мектептерінен 355 оқушы еріктілер тобына тартылған.
Жуырда З.Жарқынбаев атындағы №202 мектепте аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың қатысуымен «Біз біргеміз, берік іргеміз» атты аудандық форум өтті.
Аудан басшысы бұл істің басынан жастардың табылғанына ризашылық білдірді. Еріктілер тобының атқарып келе жатқан жұмысына оң баға берді. Жиында мектеп оқушыларынан құралған еріктілер тобы «Таза әлем», «Қауіпсіз жол», «Саулық» жобалары туралы айтылды.
Оқушылар қолынан шыққан қолөнер бұйымдарының ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға тарту ретінде таратылуын, табиғатты қорғауға атсалысып жүрген еріктілер жұмысын топ жетекшілері арнайы дайындалған бейнероликтер арқылы көрсетіп, шараның алдағы уақытта жалғасатынын жеткізді.
«СБ» ақпарат.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<