Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Сыр өңіріне келіп, жүзеге асырылып жатқан серпінді жобалармен танысты. «Өнер орталығында» аймақтың зиялы қауымымен кездесіп, елдің бүгінгі тіршілік-тынысы жайлы әңгімелесті. Өз тарапынан өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіне оң баға беріп, әрі қарай қолға алынатын жұмыстардың жайына тоқталды.
Баршаға белгілі, біздің аймақ аграрлық салаға бейімделген. Оның ішінде күріш өндірісі қарқынды дамыған. Қазіргі заман талабына сай егінді егу, жинау жұмыстары жаңа технологиямен атқарылады. Ең әуелі жерді агротехникалық талаптарға сай лазерлік тегістеу, сондай-ақ су өлшегіш құралдары арқылы егінге суды үнемді пайдалану әдісі қолға алына бастады. Соның нәтижесінде жылдан-жылға өнім сапасы да жоғарылап келеді.
Иә, адал еңбек қай кезде де бағалы. Әсіресе, біздің өңірде егін шаруашылығы елдің әлеуетін көтеруге сеп болып отырғанын айта кеткеніміз жөн. Мыңдаған жұмысшы мамандар осы салада тапжылмай еңбек етіп, отбасын қамтамасыз етумен қатар, қоғамның дамуына да өз үлестерін қосып келеді.
Алайда кейінгі жылдары егін саласы бойынша судың тапшылығы өңір үшін өзекті мәселеге айналып отыр. Биыл да диқандардың жұмысында қиыншылықтар болды. Бірақ мемлекет тарапынан дер кезінде қабылданған шешімнің арқасында егін толықтай сумен қамтамасыз етілді. Осы орайда Мемлекет басшысына Сыр диқандарының атынан ризашылық білдірдім.
Президент бұл мәселеге байланысты ойын ашық айтып, алдағы уақытта да суды үнемдеп пайдаланудың тиімділігіне назар аударды.
– Су тапшылығына баса назар аударамыз. Келешекте де су мол болады дей алмаймыз. Оған дайын болуымыз керек. Су үнемдеудің жоғары технологиясын қолданғанымыз жөн. Мемлекет субсидия беріп жатыр. Биыл ауыл шаруашылығына 1 триллион берді. Бұл – үлкен мүмкіндік, – деді Мемлекет басшысы.
Расында, қазіргі туындап отырған су тапшылығы мәселесі Сыр диқандарына да оңай соқпайтыны белгілі. Осыған байланысты Президент айтып өткендей, егін егуде жаңаша бағытқа бейімделіп, бірте-бірте суды үнемді пайдаланып, қысқа мерзімде пісетін дақылдарды егу мәселесін қолға алуымыз қажет деп ойлаймын. Жалпы егін шаруашылығында қалыптасқан тәжірибеміз бар, тек соны жаңа технологияны енгізу арқылы толықтыра түссек, бұл қиындықты да еңсеріп шығатынымыз анық.
Абзал ЕРАЛИЕВ,
Қазақстанның Еңбек Ері





