Жас ғалымның жаңалығы – жел генераторы

685

0

Жас ғалымның жаңалығы – жел генераторы

Бірнеше жыл бұрын Шотландия әлемді таңғалдырды. Бұл ел ұйтқыған желді де ұтымды пайдаланған. Энергетикалық қажеттілікті бір ғана жел энергиясымен жауып, экономика ғана емес, экология тұрғысынан  да тиімді жолды таңдапты. Белгілі емес пе, жел энергиясы сарқылмайтын, экологиялық таза, табиғи құбылыс.

Жалпы, мыңдаған жылдар бойы адамдар желді энергия көзі ретінде пайдаланып келген еді. Мысырлықтар желді пайдаланып, суда желкен көмегімен жүзсе, голландықтар жел диірменін жетілдіріп, дәнді дақыл ұнтақтаған. Тіпті электр энергиясын алудың жолын білген. Бірақ өткен ғасырда жел энергиясының орнын мұнай алмастырды. Соңғы уақыттары қара майдың да қоры таусылатыны белгілі болды, енді ғалымдар қайтадан табиғи энергияны пайдаланудың жаңа технологиясын іздеуде. Бұл мәселе біздің елде де алдыңғы қатарға шығып, ғалымдар жел генераторларын іске қосу мақсатында зерттеулер жүргізе бастады. Ал қызылордалық, Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Әлихан Шәкіман жуырда жел генераторының жаңа түрін ойлап тауыпты.

Жас ғалым бұл құрылғыны 3D-модельдеу арқылы жасаған. Инновациялық тұрғыда жетіл­дірілген әрі пайдасы арта түскен генератор жел энергиясын тиімді пайдаланумен қатар, атмосфераға бөлінетін зиянды заттарды азайтуға мүмкіндік береді. Конус тәрізді құрылғының диаметрі бір жарым, ал биіктігі 3 метр. Ең бас­тысы, бұрын жел энергиясын алу тым қымбат болса, бұл жел генераторы құрылыста арзанға түсетін, темірпластик материалынан жасалады. Генератордан өндірілетін қуат бір шағын ауданды электр энергиясымен қамтамасыз етуге жетеді екен. Бұл ғылыми жаңалыққа сарапшылар әлемде баламасы жоқ деп баға беріпті. Әлиханның айтуынша, бұл жоба жел энергиясын игерудің технологиясын одан әрі жетілдіріп, пайдасын арттыра түспек.

Жалпы, синоптиктердің айтуынша, Сыр өңірінде бір жылдағы 365 күннің 300-ден астамында аспан ашық, бұлтсыз болады. Аймақ географиялық жағынан желді белдеуде орналасқан. Ауаға зиянды заттар тарауының алдын алатын бұл құрылғы, әсіресе, Арал өңірі үшін аса тиімді болар еді. Өйткені, батыс беткейде орналасқан бұл аймақтың климаты тым жиі соғатын желді, бұрқасын дауылды болып келеді. 

Дәл қазіргі уақытта жел энергиясын тиімді пайдалануда Германия мен АҚШ алдыңғы қатарда екен. Бірақ бұл талдаманың нәтижесі тұрақты емес. Технологияның қарқынды дамуының нәти­жесінде көшбасшы елдер де жиі өзгереді. Ал біз жас ғалымның, ерекше бастамасына «бәрекелді» дестік, мүмкін алдағы уақытта бұл қатардан біздің ел де табылып қалар.

Айдана ЖҰМАДИНОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<