Жас биологтың жаңа идеясы

444

0

Жас биологтың  жаңа идеясы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Алтынай Әбдіжәміл жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында фитонцидтерге бай жабайы өсімдіктерді көркейту-көгалдандыруға пайдалануды ұсынады. Облыстағы жабайы өсімдіктердің салыстырмалы фитонцидтік белсенділігін эксперимент арқылы зерделеген жас зерттеуші аймақтың климаттық жағдайына төзімді, экономикалық тұрғыдан тиімді, туберкулез таяқшасына және басқа да патогенді микробтарға қарсы тұра алатын «өсімдік антибиотиктерінің» тізімін жасады.

Алтынайдың ғылыми жоба үшін тақырыпты таңдап алуына, туберкулезбен сырқаттанушылық деңгейінің әлі де болса алаңдататын мәселе екені себепші болған. Жоба жетекшісі биология пәнінің эксперт мұғалімі Дариха Мұнарбаеваның басшылығымен фитонцидтік қасиеттері басым жабайы өсімдіктерді зерттеген. Ол өсімдіктер жұқпалы аурулардың алдын алуға және күресуге септігін тигізбек. Өз ұсынымында мектеп және басқа да балалар оқып-білім алатын ғимараттардың ауласына көркейту-көгалдандыру жұмыс­тарына пайдалану қажеттігін айтады.

Жас биологтың сөзінше, фитонцидтер – микроорганизмдердің дамуын және көбеюін тоқтатуға, тежеуге ықпалды иммунитетті заттар. Ол бойынша зерттелген өсімдіктер – тораңғыл терегі, жыңғыл, жабайы жиде, күміс терегі, қараған, кекіре, ақ сексеуіл, адыраспан болған. Мик­роорганизмдерге және кейбір жән­діктерге олардың әсері зерттелген.

– Эксперимент нәтижесі көрсет­кендей, жабайы жиде, жыңғыл, то­раңғыл терегі, терек, адыраспан сияқ­ты фитонцидтік белсенділігі жоғары өсімдіктерді жұқпалы аурулардың алдын алу үшін табиғи компонент ретінде балабақшалар мен басқа да балалар мекемелерінің ауласында көркейту-көгалдандыруда пайдалану өте тиімді, – деп толықтырды жоба жетекшісі Дариха Мұнарбаева.

Жобаның маңыздылығын өңір ма­мандары ғана емес, Алматы қаласының белгілі ғалымдары жо­ғары бағалады. Жақында өткен рес­публикалық ғылыми жобалар сайысында жас биологтың бұл идеясы жүлделі екінші орынға лайықты деп танылған еді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<