Бүгінде өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған облыстық автомобиль транспорты саласының өткен тарихы аймақтың өсіп-өркендеуімен, бірнеше ұрпақ өкілдерінің жанқиярлық, жасампаздық еңбегімен сабақтасып жатыр. Мұрағат құжаттарына жүгінсек, 1938 жылы Қызылорда қаласында тұңғыш автокөлік пайда болды. Бұл орайда облыстық коммуналдық шаруашылық жанындағы облыстық трест правосы негізінде дербес транспорт шаруашылығы құрылған болатын. 1939 жылғы 20 маусымда Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысымен жеке баланста Қызылорда автотресі ұйымдастырылды. 1940 жылдан бастап облыстық атқару комитеті жанындағы облыстық автомобиль транспорты бөлімі болып қайта құрылды.
1948 жылы Қызылорда қаласында алғаш рет жолаушылар көлік жүйесі құрылды. 1950 жылдың басында облыстық автомобиль басқармасының бастығы ретінде тиісті шешімдерге Г.Ганнота қол қойды. Одан кейінгі жылдары салаға Дмитрий Кузнецов, Мағмұр Маханов, Аскарян, Цой, Төлеу Байтөкенов, Ақберген Төралин, Жақсыбай Маматов, Амангелді Әбдікәрімов, Ким Дон Чер, Сансызбай Құттыбайұлы, Жолғазы Баймақышев, Нұрділда Сыздықов басшылық жасады.
Ал 1955 жылы облыстың автотранспорт жүйесінің паркі 300-ге жуық автокөлікпен толықты. Біз бүгін облыстың автокөлік жүйесінің құрылуына маңдай терін сіңіріп, кәсіпорындардың тізгінін алғаш ұстаған Юрий Максим, Палонин, Рыбакин, Жамантаев, Құдайбергенов есімдерін құрметпен атап өткіміз келеді.
Уақыт өте келе сала өркендеп дамыды.1960-1970 жылдары облыс экономикасының барлық салалары күрт көтерілді. Оған автотранспортшылардың қосқан үлесі қомақты. Аудандарда автокөлік жүйесі кеңінен өріс алды. Жүк тасымалдау, жолаушы көліктерінің паркі едәуір ұлғайды. Облыс кәсіпорындары республикалық жарыстарда бедел биігінен көрінді. 1980 жылдары облыстық өндірістік автомобиль транспорты бірлестігінде 6000-нан астам жұмысшы-қызметкер еңбек етті.
Бүгінгі айтулы мерекені саланың үш ұрпақ өкілдері атап өтпекші. Тарихқа көз жүгіртсек, бұл сала өзінің кәсіби мерейтойын сонау 1989 жылы атап өткен болатын. Бұл кеңес тұсындағы соңғы мереке іспеттес еді. Содан кейін 70 жыл өмір сүрген ортақ жүйе құлады. Бүкіл экономика саласы жаңа нарық қатынастарымен өмір сүре бастады. Саланы басқару, үйлестіру қалалық әкімшіліктерге, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының құзыретіне көшті. Жолаушылар, жүк тасымалдауды жеке нарық субъектілері жүзеге асыра бастады.
Саланың ардагерлер ұйымы өзінің 2018 жылғы қыркүйек айындағы алқа мәжілісінде жүйенің 80 жылдық мерейтойын атап өту жөнінде шешім қабылдады. Бұл орайда тарихи-танымдық энциклопедия шығару, мерекелік төсбелгілерге тапсырыс беру жұмыстары қолға алынды. Сала ардагерлері мен озаттарын ұлықтау, марапаттау рәсімдерін өткізу белгіленді. Шараға облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Әбдіхалықовтан, облыс, қала басшылығы, облыстық және қалалық ардагерлер кеңесі тарапынан қолдау білдірілді. Облыстың жеке жолаушылар тасымалдау ұйымдарының басшылары Б.Сыздықов, Ж.Құрмашев, Т.Ниязғалиев, М.Нұғманов, Б.Өтегенов, А.Тәуіпбаев, Н.Ахатов, Ә. Шайыхов, Әбдіазиз Әлжан, М.Әкімов, Қ.Әуезов, А.Арысбай, Л.Мамитанова және басқалар қаржылай көмек көрсетті.
Бүгінде 80 жылдық мерейтойын лайықты жетістіктермен, еңбекке деген айрықша серпінмен атап өтіп отырған облыстық автотранспорт саласының қызметкерлері Қазақстанның стратегиялық бағдарламаларын жүзеге асыруда жаңа биіктерді бағындыратынына сенімдімін.
Жәнібек НҰРҚЫШҰЛЫ,
облыстық жолаушылар көлігі және
автомобиль жолдары басқармасы
ардагерлер ұйымының төрағасы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<