Жасанды интеллект – жасампаз ұлттың болашағы

5

0

Санаулы күн бұрын ға­на та­балдырығымызды аттаған жыл­қы жылында ел дамуының жа­ңа тынысы ашылмақ. Мем­­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды «Цифр­лан­дыру және жасанды ин­теллект жылы» деп жариялап, ел дамуы­ның негізгі бағыттарын, алдағы реформалардың маңызын жә­не қоғам алдындағы ортақ міндет­терді айқындады.

Бұл тыңнан соғылған түрен емес. Әлем елдері бүгінде жа­сан­ды интеллект көмегімен ауыз толтырып айтарлықтай дең­гейге жетті. Медицина, ғы­лым және білім, өнеркәсіп, өзге де же­тек­ші салалардағы жаңа­лық­­тың же­місін көру жай­ын­да Прези­дент осыған дейін де та­лай мәрте айтқан болатын.

Мемлекет басшысы Қазақ­стан халқына Жолдауында: «Үкі­­мет жасанды интеллектіні да­­мы­ту ісіне баса назар аударуға тиіс. Әлемде алдағы бірнеше жыл­да осы салаға бір триллион дол­лардан астам инвестиция са­лынады деген болжам бар. Жа­­санды интеллект оны дамы­та білген елдердің ішкі жалпы өніміне айтарлықтай үлес қосуы мүмкін. Жасанды интел­лектінің мүмкіндіктерін толық пайда­лансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші ха­лық­аралық компаниялармен ын­ты­мақтастық орнату керек. Бі­лікті мамандар даярлауымыз қа­жет. Кемінде үш белгілі жо­ғары оқу орны жасанды интел­лект саласына қажетті кадр даяр­лаумен және зерттеулер жүр­гі­зумен айналысуы керек» де­ген болатын.

Расында, қазіргі таңда әлем дамуының негізгі қозғаушы күш­терінің бірі – жасанды ин­теллект. Ол тек өндіріс пен ғы­лымда ғана емес, білім беру саласына да түбегейлі өзгеріс­тер әкеліп отыр. Колледж қабыр­ға­сында еңбек етіп жүрген мұ­ға­лім ретінде жасанды интел­лекттің мүмкіндіктері мен жа­­уап­кершілігі туралы ой бөлісу – біз­дің де міндетіміз. Тек ой бө­лісіп қана қоймай, Мемлекет басшысы жүктеген талаптан шы­ға білуіміз қажет.

Жасанды интеллект – дерек­терді талдап, үйреніп, шешім қа­былдай алатын технологиялар жиынтығы. Өзіміз еңбек етіп келе жатқан білім беру саласында студенттің оқу деңгейін талдап, жеке траектория ұсынуда, оқу материалын визуализациялап, түсінуді жеңілдетуде, бағалауды автоматтандырып, мұғалім уақы­тын үнемдеуде, инклюзивті білім беруде ерекше қажеттілігі бар білім алушыларға қолдау көр­сетуде таптырмас мүмкін­дікке ие.

Біздің колледжде де бұл мүм­кіндіктер әсіресе, кәсіптік бағ­дар беруде, практикалық дағ­дыларды қалыптастыруда ма­ңыз­ды. Алайда бір нәрсені естен шығармаған абзал. Жасан­ды ин­теллект мұғалімді алмас­тыр­май­ды, керісінше оның ро­лін жаңа деңгейге көтереді. Күн­де­лікті жұ­мыстар біз айтып отырған жа­ңалық арқылы жеңіл­деген уақытта мұғалім студентпен ті­келей жұмысқа, тәрбие мен құн­дылық қалыптас­тыруға кө­бірек көңіл бөле алады. Демек, мүм­кін­діктер жолы ашылады.

Қазіргі уақыттың өзінде кол­ледж тәжірибесінде жасанды интеллект элементтерін қолда­ну оң нәтиже беріп отыр. Мә­се­лен, онлайн тренажерлар ар­қы­­лы мамандыққа бейімдеу, си­му­ляциялық бағдарла­малар­мен қауіпсіз ортада тәжірибе жасау, интеллектуалды тесттер арқылы білім саласындағы ол­қы­лық­тарды анықтау секілді дү­­ние­­лер­ді күнделікті көріп отыр­­­мыз. Бұл студенттердің қы­­зы­ғу­шылығын арттырып, өз беті­мен ізденуіне жол ашқаны бізді қуан­тады.

Десе де әр нәрсенің шегі мен жауапкершілігі бар. Сондықтан жасанды интеллектті қолдануда этикалық мәселелерді естен шы­ғармау қажет. Әсіресе, дербес деректердің қауіпсіздігі басты ұстанымымызға айналуы керек. Сонымен қатар ол дайын жауап беретін құрал емес, ойлануға жетелейтін көмекші екенін үй­ретуіміз ләзім.

Міне, жасанды интеллект – уақыт талабы. Уақыт көшінен қа­лыс қалсақ, даму жолында да көштің басына шығу мүмкін емес. Оны дұрыс қолдана білген педагог қана сапалы білім мен саналы тәрбие бере алады.

Самал ЖЫЛДЫБАЕВА,

Арал көпсалалы колледжінің информатика пәні оқытушысы