Жастарға жалаң үгіт жарамайды

1828

0

«Сыр бойы» – облыс халқының айнасы, хабаршысы, ақылшысы, көп ойлар тоғысының тоғаны, жастар талантының жан ашыры, рухани-мәдени өмірдің насихатшысы болғандықтан, осы басылымның  тұрақты оқырманымын. Газеттің осы жылғы (16 тамыз) кезекті санында облыстық мәслихат хатшысы, тарихшы-ғалым Наурызбай  Байқадамов «Толғандырар тақырып» айдарымен «Бала тәрбиесіне жауапсыздық – ұлт мүддесіне жауапсыздық» атты мақаласы жарияланыпты, ешкімді, әсіресе ұстаздар қауымын бей-жай  қалдырмайтын бәрімізге ортақ мәселе көтеріліпті. Қолыма майшамыммен бірге, әртүрлі бояулары бар қаламсаптарымды алып, шұқшия отырып, кейбір ойларының астын сызып оқыдым. Осы ынтам менің де кейбір пікірлерімді ортаға салуға итермеледі. Қайсыбір пікірлерім біреулерге ұнамай қалуы да мүмкін. Оларды менің жеке пікірім деп қабылдарсыздар, оқырманым.

Автор Тамыз мәслихаты алдындағы ойларын ата-аналармен бөлісе отырып, баланы тәрбиелеуді өзімізді тәрбиелеуден бастауымыз керек  деген аксиоманы негізге алыпты. Бұл қазақтың «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген мақалының астарына үңілуге жетелейді. Отбасы ата-ана, оның перзенттерінен тұрады ғой. Сондықтан әкеге қарап ұл, шешеге қарап қыз өсетіні де – өмір шындығы. Демек, әке мен шеше – ұрпақтарының дұрыс қалыптасып, өмірден лайықты орнын табуға Алланың алдында, өз  ары алдында бірден-бір жауапты тұлғалар.

Өткен уақыттармен салыстырғанда жағдайымыз бөтен емес. Оның үстіне рухани санамыз  сәл кейіндеп, материалдық дүниеге деген тәбетіміз артып кетті. Мұны да  қоғамымыздың нарыққа көшуімен байланыстыруға болады. Бірақ, сол қоғамның қозғаушы күші – біз емеспіз бе? Сондықтан рухани санамыздың екінші орында қалуы қоғам дамуының ең жазылмайтын, оның түбіне жететін жемқорлықты үдетті. Ол өз кезегінде «Мұрны пұшық болса да байдың ұлы сөйлесін» деген сұрықсыз жағдайға әкелді. Данышпан Абайдың 41-қара сөзінде «…Қазаққа ақыл берем,  түзеймін деп қам жеген адамға екі нәрсе керек: әуелі билік, екінші байлық» деген екен. Бұнда Абай хакімнің мақсаты кейбіреулерге сынақ ретінде аталған екі нәрсені ұсынып, олардың парасат-пайымын, адамгершілігін, болмысын бағамдау екені белгілі. Осы екі артықшылықты иеленген жоғары лауазым иелерінің  не болғанын өмір көрсетуде. Олардың бұндай дәрежеге жетуі ынсапсыздық, тойымсыздық, жаратушымыз – Алламыз бәрін көріп, біліп тұратынына шүбә келтірушілік. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген  Абай хакімнің көрегендігін көз алдыңызға елестетіңізші! Осы ретте ұрпақтарымызды әлем мойындаған ең шыншыл, әділ ислам дінінің қағидаттарымен тәрбиелегеннің артықтығы жоқ қой деп ойлаймын. Алланың үйіне, яғни мешітке тәу етуге менің замандастарымнан гөрі қазіргі жастарымыздың көп баратынына қуанамын. Тек оның дұрыс ағымын ұстанса деген ой.

Парақорлық пен жемқорлық салдарының ең қауіптісі – бала-бақшадан бастап, мектеп, орта, жоғары оқу орындарында жастарымыздың санасына жат құбылыстың сәулелене бастауы. Кейбіреулерінің ақша шешеді (фетишизм) деген ойдың жетегінде кете бастауы. Өйткені қоғамдағы  осы бір келеңсіздікті сезіп, көріп, естіп отыр ғой олар да. Бұл – еңбектеген нәресте мен еңкейген кәріге дейін бірлесіп күреспесе жеңу қиынға соғатын дерт, мемлекеттік деңгейдегі проблема. Онымен күресте ұстаздар қауымы мен ата-аналар, ғалымдар, қайраткерлер, ақпарат құралдарды қызметкерлері, жазушылар мен өнер қайраткерлерінің алдыңғы сапта болуы өзінен- өзі сұранып тұрғандай. 

Наурызбай Байқадамов мақаласында педагогикалық кадрлардың сапасы қоғам талқысындағы негізгі мәселе болғандықтан, оны да айналып өтпепті. Иә, қай мамандық болса да қажетті һәм қадірлі екені белгілі. Олардың ішінде бірінші кезекте ұстаздық мамандығы тұрады. Себебі қалғандарының барлығы ұстаздың алдынан өтеді. Ал, бұл мамандыққа күнкөріс түрі деп келгендер қателеседі. Себебі, сіз ұстаздық еңбегіңізбен   қоғамның келешегі – балалар, жастар,  мамандар тәрбиесіне жауаптысыз. Сондықтан сіз отанға деген ақжүрек адал пейіліңізбен келуіңіз керек. Бұл – жаңа қазақстанды құрудың, дамытудың, оның келешегінің жауапты қадамы. Әңгіменің реті келгенде айта кетейін. Академик Т.Шарманов ағамыздың ойынша: «Жаңа Қазақстан бәрін қайтадан құру емес, бұрынғы қателіктерді түзетіп әрі сол кемшіліктерден сабақ алу… Бәлкім жаңа емес жаңарған Қазақстан дегеніміз дұрыс шығар» депті. Ағамыздың ойына толық қосыла отырып, Қазақстан бұрын да болды ғой, бүгін дамудың жаңа жолына қадам басудамыз дегім келеді.

Өткен кеңестік дәуірде ең құрметті, қажетті, қадірлі мамандықтар: ұстаздық пен дәрігерлік – ең төменгі жалақы иелері болып келді. Бұл келе-келе мұғалімдер мен дәрігерлердің беделін түсірді, мамандыққа қызығу дәрежесін төмендетті. Аталған жағдай күнкөріс үшін оларды парақорлыққа (әрине бәрі емес) итермелегенін жасыруға болмас. Кешегі пандемия кезінде ұлы мамандық иелері өздерінің кім екендерін дәлелдеді, көрсетті. Мемлекетіміздің ішкі әлеуметтік саясаты да жаңа қадамға бейімделіп, олардың жалақыларын көбейтіп,  әлеуметтік жағдайларына көңіл бөле бастады.

Менің жарты ғасырдан астам ғұмырым ұстаздықпен өтті, өтіп те келеді. Сондықтан әріптестерімнің барлығы адалдықты, шыншылдықты, талап ететін ұлы мамандықты толық ұлықтап жүр деп айта алмаймын. Заң қызметкері я тергеуші болмағандықтан, олардың аттарын атау менің құзырыма кірмейді.  Бірақ олар жайлы келеңсіз әңгімелер естігенде қынжыламын, оларды ақылға шақырамын. Наурызбай Сейітқалиұлының мақаласындағы: «Жұмысқа қабылдағанда сыйақы алатындарды жоққа шығару қиын. Осындайға саналы түрде баратын азаматтарды, ұлттық мүддеге сатқындық жасаушы деп айтым келеді» деген пікіріне толық қосыламын. Осы ретте өмірімде болған мына бір жағдай есіме түсті. Мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Сәрсенұлы Досманбетов Қорқыт ата гуманитарлық университетінде ректор мен кафедра меңгерушісі болдым. Мен басқарған кафедра философия, саяси экономия пәндерін біріктіретін ауқымды құрылым еді. Кафедраны мамандармен жасақтау өзіме тапсырылғандықтан, ЖОО-ны жақсы бітірген 8 мамандық иесінің құжаттарын ректорға апарып, өтініштеріне қол қойғызып алдым. Бүгінде солардың біразы ғылым кандидаты, білікті ұстаз, мемлекеттік қызметкер болып қалыптасты. Кездескен кезде Бақберген екеумізге ризашылық сезіммен рахметтерін жаудырады. Қазір еден жуушылыққа жұмысқа алынатындардан пара талап ететін фактілер кездеседі. Мен әрине, бәрін кінәлаудан аулақпын. Өкінішке орай аталған әрекеттер жоқ емес.

Қазіргі жаһандану (глобализация) заманында оның қарқынынан қалып қоюға болмайды. Себебі ол кез келген мемлекетті, ұлтты таптап кетуі мүмкін. Қазақстанымыз әлемдік ақпараттың кеңістігіне шыққаннан кейін, дүниенің түкпір-түкпірінен интернет арқылы хабардар болуға мүмкіндік туды. Бұл – әрине жақсы. Ал кез келген жақсы құбылыс, керісінше жамандық әкелетіні де өмірдің заңы. Жас жеткіншектеріміз көзден, тілден қалып, жүрек ауруына, мидың тежелу зардабына ұшырап жатқаны аз ба? Солардың негізгі себебі – қымбат бағалы телефондар, смартфон, т.б. Демек, оларды пайдаланудың да шегі болу керек. Аталған мақалада бұл мәселе де егжей-тегжейлі көтеріліпті. Интернет ағымының, играманияның жеткіншектеріміз  құлы (зомби) болып кетпеуі үшін тек балабақша, оқу орындарының ұстаздар қауымы  ғана емес, ата-аналардың да ролі арта түседі.

Қоғамның экономикалық саласында қажеттіліктің өсу заңы деген объективті заң әрекет етеді. Сондықтан қазіргі уақытта жастарымыздың қажеттіліктерінің арта түсуі – заңды құбылыс. Кейбір менің замандастырым осы жағдайды ескермей, жастарды кінәлауға бейім тұрады. Мен бұрын есекпен, берігіректе велосипедпен жүрдім деп, жастарды осыған мәжбүрлеуге бола ма? Әрине болмайды, бірақ байлық пен барлықтың да шегі болуы керек. Бабаларымыз «кедей кезіңдегі далбайыңды іліп қой деп айтып кеткен. Ал шексіз байлықтың қасіретін тартып жатқандарды көріп жүрміз. Мен жұртты кедейлікке үндеуден аулақпын. Бірақ бұл құбылыстың да прогрессивті жағы болғанын еске салғым келеді. Кедейлік тек ағайын-туысқандарды ғана емес, бүкіл ауылды, елді біріктіретін-ді. Той жасау үшін ел болып кесе, табақ, қазан, самаурын, отын, көлік, т.б. жинайтынбыз, ал қазір ше? Есігіне қойылған кодты білмесең, туған ағаңның үйіне кіре алмайсың.

«Ас – адамның арқауы» деген аталы сөзді қазағым бекер айтпаған ғой. Ұл-қыздарымыздың дұрыс тамақтануы, ұлттық тағамдарымызға бет бұру мәселелері мақалада орынды көтерілген. Дұрыс мамандық таңдау, әлем азаматы қатарында қазақ жастарын тәрбиелеу сияқты өмірден туындап жатқан проблемалар да назардан тыс қалмаған.

Ойымызды қорытындылай келе, біріншіден, қазіргі жастар сауатты, ойлы, білімді, ізденімпаз. Бұны дәлелдеудің қажеті жоқ. Сондықтан оларды тәрбиелеуді өзімізден бастағанымыз абзал. Өйткені жастарға жалаң үгіт жарамайды. Нарық жағдайында олардың қажеттіліктерін әр кезде есепке алу керек. Жасыратыны жоқ, орта және ЖОО-ларда өткізілетін кейбір іс-шараларға студенттерді зорлап қатыстырамыз. Екіншіден, балабақшалар мен оқу орындарында ғалымдар мен өнер қайраткерлері,  еңбек ардагерлерімен өткізілетін кездесулерді ұйымдастыру, оны жүргізу мүмкіндігін жастардың өзіне беру керек. Жақында М.Дүйсенов атындағы мектеп-лицейде «Алтын домбыра» иегері М.Ниязовпен өткізілген кездесуді ыждағатпен көрдім. Оқушылар бұл шараны өздері жүргізіп, Мұхтар ініме еркін түрде келелі сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алды. Әрине, бұл кездесудің тәрбиелік мәні зор. Үшіншіден, қоғам дамуының қай саласынан болса да хабардар болып, кейбір кемшіліктерге белсене араласып, оны қайталамаудың жолдарын іздестіретін белсенді әрі озық ойлы жастармен жиі кездестіріп,  олардың ой-пікірлерін саралап отырғанның да артықшылығы жоқ.  Мұнда азаматтар қалада ғана емес, аудан-ауылдарда да баршылық. Ардагерлер ұйымдарында, әртүрлі қоғамдық кеңестерге жастардан шыққан белсенділерді қатыстырып отыру  қажет деп есептеймін.

Қазақ «жақсыдан – шарапат» деген ғой. Адалдықты, батырлықты, азаматтықты ту еткен небір ел жадындағы есімдерді жаңғырта отырып, жастардың өзегіне жақсылық дәнін себе білуіміз керек. Ешкім ешқашан өзімен ештеңе алып кетпейді. Бәрі қалады. Солардың ішіндегі біздің кім екенімізді келешекке жеткізетін де артта қалған ұрпақтарымыз. Олар аман болғай.

Қазыбай Құдайбергенов,

Қорқыт ата университетінің профессоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<