Жауапсыздықтың жолы тұйық

571

0

Жауапсыздықтың жолы тұйық Облыс әкімдігінің ситуациялық орталығында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен аймақтың экологиялық мәселелеріне арналған  мәжіліс өтті. Онда Қызылорда қаласы мен елді мекендерін кәріз жүйелерімен қамту, тұрмыстық қатты қалдықтарды орналастыратын полигондарды экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкестендіру, қалдықтарды тасымалдауға байланысты бекітілген тарифтер туралы мәселелер талқыланды.

Облыс бойынша экология депар­таментінің басшысы Марат Құрман­баевтың айтуынша, тұрмыстық шаруа­шылыққа пайдаланатын судан жы­лына шамамен 16 млн текше метр лас су шығады. Алайда осынша көлемді тас­тайтын арнайы кәріз су қабылдайтын алаңдар кейбір  елді мекендерде нақты шешімін таппай отыр. Департаментке қоршаған ортаның ластанғаны, қолайсыз санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жөнінде арыз-шағымдар түскен.

Бұл мәселе 2013  жылдан бері бірнеше рет облыс әкімдігінің мәжілістерінде қаралып, құзырлы мекемелерге нақты тапсырмалар берілген. Бірақ мәселенің басы ашық күйінде қалып келеді. Қолда бар қаладағы биологиялық тазарту станциялары пайдаланылмай,  арнайы алаңдарға суды тазартпай тастағандықтан санитарлық-экологиялық ахуал ушығып, эпидемиологиялық ошаққа айналды. Кей аудандарда лас су арнайы алаңдар болса да, бейтарап қоршаған ортаға тасталып отыр.

Экология департаменті аудандық тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімдерімен бірлесе отырып, елді ме­кендердегі  орталықтандырылған кәріз жүйелерінің және лас суларды тас­тау  орындарының жай-күйін зерттеген. Барлығына ортақ кемшілік – қолданыстағы сүзгілеу алаңдарының жағдайы санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкес келмейді, сарқынды сулар тазартусыз  тасталуда. Лас суды қабылдайтын резервуарлардың сүзгіш­тері шіріп, істен шыққан.

Қызылорда қаласындағы биология­лық тазарту станциясы сүзгі алаңының  жағымсыз иісі қаланың батыс бөлігіне ғана емес «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолында дейін жетіп жатыр. Белкөлдегі, Тасбөгеттегі  және Талды­арал елді мекеніндегі сүзгі алаңдарының жағымсыз иісі қаланы, сол жағалаудағы жаңа қаланы алып кетуі мүмкін.

Хабарламашы жағдайды оңалту үшін Титов қыстағындағы бүгінде жобасы жасалып жатқан биологиялық тазарту станциясын модернизациялауды,  тазартылған суды арнайы су жинағыш салып, қысты күндері сонда жинақтауды, тағы басқа шешу жолдарын ұсынды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқар­масының басшысы Медет Усаинның айтуынша, кәріз жүйесі Қызылорда қаласынан басқа Әйтеке би, Тереңөзек кенттерінде, Қызылорда қаласы аума­ғындағы Тасбөгет, Белкөл, Талдыаралда бар. Басқа аудан орталықтарында негізінен ауруханалар, кәсіпкерлік және теміржол нысандары қосылған. Бүгінде облыстың елді мекендерінің ауыз су және кәріз жүйелерін дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарының жобасын жасап, Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің келісімін алған. Жақында бекітуге ұсынылмақ. 

– Бес жылдан бері кәріз жүйесінің жоба-сметалық құжаттары дайындалмауы, жобалаушы мекеменің жұмысты аяқсыз қалдыруы, оған әкімдік тарапынан сұрау болмауы, жобалаушының үстінен арыз берілмеуі сияқты кемшіліктерді қызметтік тексеру керек. Атүсті қаралған мәселенің түп тамырында жауапсыздық тұр, – деді  аймақ басшысы.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу бас­қар­масының басшысы Айдар Абдуалиев полигондарды экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкестендіруде атқарылған жұмыстармен таныстырды.

Барлық аудан мен қала әкімдіктері өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастыруға 145 жер учаскесін белгілеп, тиісті құжаттарын толығымен рәсімдеді.

Қармақшы, Қазалы аудан­да­­рының орталықтарына по­­ли­­гон құрылыстары жүр­­гізіл­­ді. Мемлекеттік-жеке­мен­шік әріп­тестік аясында Қы­зылорда қаласында тұр­мыс­тық қатты қалдықтарды сұрыптау кешені мен полигон құрылысын іске асыру жобасы басталды. Сексеуіл мен Терең­өзек кент­терінің полигон құры­лыс­тарына алдағы жыл­дың бюд­жетіне өтінім ұсынылды. Жаңа­қорған, Шиелі, Жалағаш аудан­дары поли­­гонның жоба-сметалық құжат­тарын әлі күнге дейін созу­да. Қазір барлық ауданда полигондағы қалдықтар сұрыпталмастан, кәдеге жа­ратуға жарамды бөліктерін көмуде.

Еліміздің Экологиялық ко­дексі­не сәйкес 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап жарылатын, өрт қаупі жоғары, пластмасса, плас­тика, полиэтилен қалдықтарын, құрамында сынап бар лампалар мен аспаптарды, шыны сынықтарын, түсті және қара металдар сынықтарын, батареяларды, ұйымдастыру техникасы қалдықтарын полигонға көмуге тыйым салынады.

Облыс бойынша биыл жинақталған 147  мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтардың 4700 тоннасы өңделген. Қай­та өңдеу үлесі 3,19%-ті құ­рады. Коммуналдық қал­дықтардың түзілуі мен жи­нақталуы нормаларын есептеу қағидалары бекітіліп, қаулы орындауға жолданған. Бүгінгі күні аталған норманы Қазалы, Қармақшы, Жаңақорған аудандары бекітті. Ал Қызылорда қаласы мен Арал, Жалағаш, Сырдария, Шиелі аудандары бүгінге дейін жайбасарлық танытып отыр.  Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға, шығаруға және көмуге тарифтерді есептеу әдістемесіне сәйкес Қызылорда қаласы және барлық аудан әкімдіктері тарифті қайта әзірлеп, мәс­лихат шешімімен бекітуге ұсы­нуы тиіс. Бұл тұрғыдағы тапсыр­ма­лардың да орындалуы ала-құла.

Аймақ басшысы мәжіліске селекторлық байланыс арқылы қатысқан барлық аудан әкім­дерінен кемшіліктердің себебін сұрап, немқұрайлылық пен жауапсыздықтың кесірінен орын алған олқылықтарды қатаң сынады.

– Бұл мәселені жіті бақы­лауда ұстау керек. Жоба-сме­талық құжат пен мемлекеттік сараптама тиісті министрлік пен комитеттің талаптарына сай болуы тиіс. Кәріз су жүйелеріндегі экологиялық жағдайды сауық­тыру үшін қажетті қаржы көлемін нақтылап ұсыныс беріңіздер, – деді облыс әкімі.

Мәжіліс қорытындысында аймақ басшысы полигондарды салуда мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің мүмкіндіктерін пайдалануды, тарифтерді бекіту, алдағы жылдың 1 ақпанына дейін жол картасын түзу, Қызылорда қаласындағы биологиялық тазарту станциясын қайта жаңғыртуға байланысты құжат әзірлеуді  тапсырды. Кәріз су жүйелерінде қалыптасқан экологиялық мәсе­лелерді ретке келтіретін шаралар кешенін дайындау да кезек күттірмейді.

Гүлжазира Жалғасова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<