Жазба мұралар – ұлт жадының айнасы

5

0

Мәдениет және ақпарат министрлігінің Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы 2017 жылы құрылған және еліміздегі, шетелдердегі тарихымызға қатысты көне жазба мұраларды жинаумен, сақтаумен, қалпына келтіріп, ғылыми айналымға қосумен айналысады.

Ұлттық орталықтың жалпы қор­дағы кітап саны 9 мыңға, оның ішінде аса құнды кітап са­ны 2 мыңға жуық. Қордың құнды кі­таптарының 500-ден астамы ХІХ-ХХ ғасырларға жа­татын араб, парсы, түркі (шағатай, көне өзбек, татар) тіл­деріндегі си­рек кітаптар. Олар қол­жазбалар, ли­тографиялық кітаптар жә­не типо­гра­фиялық баспа кітаптары бо­лып бөлінеді.

Қолжазбалардың ішін­де Қожа Ахмет Ясауидің «Диуа­ни хик­мет» қолжазбасын атауға бола­ды. Қол­жазба ХІХ ғасырда қайта кө­ші­рілген нұсқасы. Литографиялық бас­­падан жарық көрген кітаптар да ма­­ңыз­дылығы жағынан кем түспейді. Олардың ішінде Суфи Аллаярдың «Мәслак әл-Муттақин», Бурхан-ад-дин Маргинанидың «әл-Хидайа фи шарх ал-бидайа», Убайдалах Ахмад әл-Махбубидің «Шарх әл-викайа», Фи­зулидің «Диван» және т.б. кітап­тары бар. Типографиялық баспа кітап­тардың ішінде Шамсуддин Ахтаридің «Ахтар әл-Кабир», Ибн Халликанның «Вафийат әл-айан» және Бедиль, На­вои сияқты ақындардың өлеңдер жи­нақтары кездеседі.

Сонымен қатар, төте жазумен, ла­тын графикасымен ХХ ғасырда ба­­сы­лып шыққан кітаптар, қазақ ағар­­тушылары мен ғалымдарының, ба­тыс және орыс зерттеушілерінің ең­бектері, 1886-1915 жылдардағы Ақ­мола, Торғай, Сырдария, Орал, Семей об­лысы, Жетісу өңірі бойынша ауыл ша­руашылығы, демография, мал ша­руа­шылығы, т.б. саланы қамтитын ста­тистикалық шолулар, шағын кітаптар коллекциясы және көне сөздіктер мен энциклопедиялар бар.

Ұлттық орталықта көне жазба мұ­раларды реставрациялау жұмыстары жоғары деңгейде дамып келе жатыр. Мамандар көне қолжазбалар мен сирек кітаптарды тазалап, дезинфекция және дезинсекциялап, қалпына келтіреді, түп­теу, консервация жұмыстарын ат­қарады. Реставрация және консер­вация зертханасының жұмысы 2018 жылғы 15 қарашадан бастау алады. Зертхана АҚШ, Ұлыбритания, Корея, Италия, Жапония, Германия сияқты мемлекеттерде жасалған озық техно­логиямен жабдықталды. Реставра­тор­лар заманауи материалдарды пай­да­лана отырып, қағаз құжаттарға рес­тав­рация жұмыстарын жүргізеді. Мұнда қолда­нылатын материалдар да шетел­дерден алынады.

Қазіргі таңда зертхана реставрация және консервация жұмыстарының то­лық циклын атқара алады. Мамандар Түркия, Ресей, Иран, Армения, Корея елдерінде тәжірибе алмасып, білім жетілдірді. Шетелден алған білімі мен тәжірибесін отандық әріптестермен де бөлісуде.

Осы бағытқа арналған «Қазақ­стан­дағы жазба мұра­лар­дың рестав­рациясы және сақтау мәселе­лері» атты халықаралық ғылы­ми-тә­жіри­бе­лік семинар жыл сайын өткі­зілуде. Се­минарға елімізден және шетел­дерден архив, кітапхана, музей са­ласының қызметкерлері қатысады. Сонымен қатар, сала мамандарына ар­нап реставрация бойынша біліктілікті арттыру курстары өткізіледі.

«Uly dala murasy» ғылыми журна­лы 2019 жылдан бері жарық көреді. Журналда Отанымыздың тарихы мен мәдениетіне қатысы бар көне жазба мұралардың, архив деректерінің қазір­гі жай-күйін таразылау, сақтау және қал­пына келтіру, оларды зерттеп-зерде­леу, жүйелеу, каталогтау, жария­лау және ғылыми айналымға енгізу бойынша ғалымдардың, сала ма­ман­да­рының мақалалары жарыққа шыға­ды. Ұлттық орталықта дөңгелек үс­тел­дер мен семинарлар, дәрістер, көр­ме­лер тұрақты ұйымдастырылып тұ­рады. Осыған дейін 30-дан аса ха­лық­аралық және республикалық дең­гейдегі көрмелер өтті.

«Архив-2025» жобасы аясында 2022 жылы ұлттық орталық жанынан құрылған ғылыми экспедиция тобы Ресей Федерациясының Мәскеу, Санкт-Петербург қалалары, Татарстан және Башқұртстан Республикалары, Түркия, Венгрия, Үндістан, Иран Ислам Республикасы, Мысыр және Катар мемлекеттерінде іссапарда бо­лып, Қазақстан тарихына қатысты ма­ңызды тарихи деректерді Ұлттық архив қорына жинақтады. Нәтижелі жүргізілген ғылыми ізденіс жұмыс­тарының арқасында Ұлттық архив қо­ры архив құжаттарынан басқа араб, парсы, шағатай тілдеріндегі елі­міздің тарихына қатысты құнды дерек­тер­ге, бай қолжазбаларға, сирек кітап­тарға толықты. Атап айтар бол­сақ, Тегеран қаласындағы Мәлік кі­тап­ханасынан Алла елшісінің немересі Имам Ха­сае ибн Али ибн Аби Талиб(а) қо­лымен жазылған (көшірген) VII ға­сырдағы Құран қолжазбасы, Мәс­кеу қаласының Ресей мемлекеттік кітап­ханасының қолжазбалар қорынан Ибн Умар ат Тафтазани, Хамдаллах Мус­­тауфи Казвини, Искандер-бек Мун­шидің және Қазақ хандығының тари­хына қатысты құнды деректері бар, XVII ғасырға жататын Шах Мах­муд Чуростың тарихи қолжазба­сы­ның көшірмесі алынды. Стам­бул қаласындағы Сулеймания кітапхана­сындағы іздестіру-зерттеу жұмыстары кезінде қазақ жерінен және Орта Азия­дан шыққан ортағасырлық ғұла­ма­лар Әл Фарабидің (Китаб аль мад­халь ила сана аль Мусики, Таквим ас Сияса), Хибатулла Таразидің (Таб­са­ратуль фи Усули Дин), Наджмуддин Насафидің (Аль Фаик филь Васа­ик), Аль-Исфиджабидің (Шарх Джа­миа ас Сабир), Шамшетдин аль Курлани­дің (Аль-Кифайа Шерхил хидая), Ху­сам ад дин Сығнакидің (Ат Тасдид фи Шархи Тамхид), Сағди ат Тур­кес­­танидің (Ат Рисалатул ала-и-е фил Ме­салили Хасабие) және т.б. еңбек­тері анықталды.

Ұлттық орталық жер-жерден қол­жазбалар мен сирек кі­тап­тарды жи­наумен айналысуда. Елі­міздің әрбір аймағында жазба дү­ние­лер тұр­ғы­лықты халықтың сан­­дығында, ша­тырында немесе сара­йында сақ­таулы. Сақталған көне жаз­­ба­лардың жағ­дайы өте нашар, құ­рып кету ал­дында тұрғанын көресің. Ха­лық бұл жазбалардың аз уақытта жо­ға­лып кету қаупі бар екенін түсінуі қажет. Қолжазбалар және сирек кі­тап­тар ұлттық орталығы оларды сақ­таудың қаншалықты ма­ңызды еке­нін ел арасында түсіндіру және қол­жаз­баларды жинау үшін был­тыр Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Абай, Көкшетау, Павлодар, Қарағанды өңір­леріне археографиялық көне жазба мұраларды іздестіру іссапарларын ұйымдастырды.

Нәтижесінде барлығы 300-ден аса көне қолжазба мен сирек кітап түп­нұсқалары Ұлттық орталық қоры­на жинақталды. Хронологиялық шең­бері 18-20 ғасырлар аралығын қамти­ды. Олардың ішінде Қожа Ахмет Яса­уидің «Диуани хикмет» кітабының бірнеше данасы, Бурхан ад Дин Наср ад Дин Рабгузидің «Кысас әл Әнбийя» литографиялық баспасының бірнеше нұсқасы, Сүлеймен Бақырғанидың «Бақырған кітабы», Софы Аллаяр өлең­дерінің қолжазбасы және баспа нұсқасы, Физули мен Хафиздің өлең­дері, Шахаб ад Дин Марджанидің, Шам­суддин Сарахсидің, Садр аш-Ша­­рианың құнды еңбектері, Ислам тарихына қатысты, шариғат жа­йын­дағы, араб, түркі граммати­касына қа­тысты кітаптар мен мұсылман күн­тізбелері бар.

Ұлттың рухани мұраларын сақ­тау және болашақ ұрпаққа жеткізу – әрбіріміздің міндетіміз. Көне мұ­ра­ларды ұлттық орталық өз деңге­йін­де сақтап қалу үшін көп жұ­мыс атқаруда. Ұлттық орталық­тың бастамаларын қолдап, өз қолы­ңыз­дағы көне қол­жазбалар мен сирек кі­таптарды өт­кізіп, сақтап қалуға сіз де үлесіңізді қосыңыз.

К.ПӘРІМБЕКОВА,

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы,

А.БАЙМАҒАМБЕТОВА,

есепке алу, сақтау және көрме ұйымдастыру бөлімінің

басшысы