Елде карантин басталғалы жалағаштық Ержан Жайлыбаев аудандағы төтенше жағдайлар, жол патрульдік полициясының автокөліктерін жөндеуден тегін өткізіп жүр. Ал жедел жәрдемнің шұғыл жағдайларда қатынайтын көлігіне тегін қызмет көрсету дағдыға айналған. Жалағаштағы жас кәсіпкердің бұл ісін үлгі ететіндер көп.
– Көлік доңғалақтарынан ақау болса, дереу Ержанның орталығына барамыз. Ол жердегі жігіттер еңбегімізді елеп, жылы шырай танытып, қарсы алады. Қайда барсақ екен, кім ашық тұр екен деп уақыт ұстамаймыз. Жедел жәрдемнің қызметінде әрбір секундтың маңызды екенін білетін шығарсыз. Ержан сияқты азаматтар көп болсын. Қасиетті Рамазан айында жасаған жақсылығы өзіне еселеп қайтуын тілеймін, – дейді жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Мүслім Серікханов.
Ержанды жалағаштықтар ғана емес, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолымен көп жүретін көлік иелері де жақсы таниды. Өйткені, ол тапсырысты жеткізіп беру, беймезгіл уақытта қосалқы бөлшектерді сату ұғымына қарсы емес.
– Әдепкіде шағын дүңгіршек қана болды. Ол жерде көліктің қосалқы бөлшектерін сататынмын. Телефоным жазулы тұр, солай халыққа тараған. Дереу хабарласа қояды, мен апарып беремін. Тынымсыз еңбек еттім, шаршадым демедім. Елге қызметтің бір үлгісі ғой, қазір сол дүңгіршегім үлкен кешенге айналды. Қосалқы бөлшектер сататын дүкен, азық-түлік дүкені, көлік жуу орны мен май ауыстыру орны, көлік жөндеу орталығы жұмыс істейді. Карантин уақытында ел үшін еңбек етіп жүрген салалардың автокөліктеріне тегін қызмет көрсетіп келеміз. Ал қосалқы бөлшектерден тек ауыл шаруашылығы техникаларына қажеттілерін сатамыз. «Көктемнің бір күні – жылға азық» дегендей, егіс жұмыстарына карантин әсер етпеу керек, – дейді жас кәсіпкер.
Жастайынан осы іске машықтанған ол талай мықты тап басып таба алмай жүрген көлік дертін демде анықтап береді әрі өзі де жөндейді. Қазір ауданда техникалық қызметке сұраныс жоғары. Оның 28 млн теңге тұратын жобаны қолға алып, үлкен орталық ашуы да аудан халқының қажеттігінен туындаған. Орталықта автокөлік жуу орны, май ауыстыру орны, автобөлшектер және азық-түлік дүкені бар. Онда барлығы 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
– Кәсібімді ашпас бұрын, бизнес идеямды дамытып, іскерлік қабілетімді жетілдіре түстім. Содан кейін ғана кәсіп ашуға бел будым. Бастапқыда дөңгелек жөндеу орталығының, көлік бөлшектерін сататын сауда орындарында болып, жұмысымен танысып, өзімді сынап көрдім. Негізгісі – тұтынушы талғамынан шығу. Қазір техникалық қызмет көрсету орталығын ашып, сұранысқа сай қызмет етіп келеміз. Кәсібімді одан әрі дамытқым келеді, – дейді іскер жан.
Орталықта жұмыс істейтіндер – өз ісінің шеберлері. Желімдеу орталығының тізгінін ұстайтын азамат – Нұржан Телғара. Ол бұған дейін облыс орталығындағы техникалық қызмет көрсету орындарында еңбек етіп, тәжірибе жинаған. Заманауи құрылғыларды басқарып, доңғалағы жарылған жанның көңіл хошын ісімен көтеріп жібереді.
– Осындай техникалық қызмет көрсету орталығында жұмыс істедім. Көлік дөңгелегін желімдеуді үйрендім. Мұнда жұмыс істейтініме бір жылдай болды. Орталықтағы құрылғылардың бәрі жаңа. Соны технологиямен тұтынушыларға дер кезінде қызмет көрсетіп, уақытты үнемдеуге мүмкіндік туды. Жалақым да жоғары. Айына 100 мың теңге аламын. Мұнан бөлек, тұтынушылар саны артып қосымша жұмыс істесек, бонус төленеді. Қызметкерлерге жақсы жағдай жасалып, тиімді жүйе орнатылған, – дейді Нұржан.
Жігіттің мырзалығы алдыңғы кезекте тұрады емес пе?! Жұрт секілді жасаған жақсылығын жер-жаһанға жарналамалап жүрген ол жоқ. Естуімізше, үнемі мұқтаж жандарға көмек қолын соза жүреді екен. Оған Жалағаштағы бір қауым елдің алғыстан өзге айтары жоқ. Қандай тамаша?!
Дәулет ҚЫРДАН,
«Сыр бойы».
Жалағаш ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<