ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІПТІҢ ЖҮГІ НЕГЕ АУЫР?

1275

0

ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІПТІҢ ЖҮГІ НЕГЕ АУЫР? Елімізде кенжелеп тұрған саланың бірі – жеңіл өнеркәсіп. Аты жеңіл болғанымен жолы ауыр. Жергілікті тауар өндірушілер әзірге бұл салаға қызығар емес. Қызыққан күннің өзінде отандық өнімге сұраныс не қаражаттың болмауы салдарынан қажетті технология кешеуілдеп тұр. Мәселен, 250 мыңнан астам уақ малы бар Жаңақорғанда қой мен ешкінің терісі мен жүні сайын далада шашылып, не өртеліп жатыр. Ауданнан жүн жуатын немесе тері өңдейтін шағын цехтың ашылмауына не кедергі? Қайтсек, іс ілгері басады? Әлде шынында бұл сала көп қаржыны талап етеді ме? Хош. Ә-дегеннен нақты мәлімет алмаққа аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің есігін қақтық. Бізге керегі – уақ малдың нақты саны. Сала басшысының орынбасары Серік Сейдуалиевтың айтуынша, бүгінде тіркелген төрт түліктің ішінде қойдың саны 222 181 басты құрайды. Бұл шілденің 1-не дейінгі мәлімет. Аз емес. Өңірдегі уақ малдың үштен бірі біздің ауданда деген сөз.
Міне, қазіргі таңда қозы қырқымның маусымы басталып кетті. Ал, тамыздың соңында басталатын қойқырқым науқанындағы қарбаласта өзіндік бір мәселелер бар екенін байқадық. Яғни, отар-отар қойдың жүнін қырқуға бір-екі шопанның шамасы келмейтіні сөзсіз. Мұндайда мал иесі ақылы түрде жалдамалы жұмысшыларды жалдайды. Жыл басында шопандар әрбір бас қойды 100-120 теңгеге қырыққызған. Алайда қырқылған қылдың пайдаға аспай сай-сала да шашылуы не кәдеге аспай өртелуі көңілге қаяу түсіреді. Таудай-таудай болып үйілген жүндерді қабылдайтын пунктің қатары жоқтың қасы. Десе де, бір жеті болды аудан орталығында «Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу орталығы» ашылды. Жеке кәсіпкер Нұрлан Сәдуақасовтың жетекшілігімен ашылған орталықта қой, түйе, ешкі жүнінің келісін 30 теңгеден қабылдауда. Бүгінгі таңда Көкшетау, Шымкент, Семей қаласындағы кәсіпкерлермен әріптестік байланыс орнатып жатқан Нұрлан Шәмшідінұлы мемлекеттің қолдауына мұқтаж. Өйткені, аудандағы малшылар қауымы қойқырқымнан қалған жүнді ұйымдасып, осы қабылдау пунктіне әкелсе деген өтініші бар. Шынында тәуекелі көп тірлік. Қойшылардан келісін 30 теңгеден алғанның өзінде, ертеңгі күні маусымдық мезгіл деп кәсіпкерден үлкен кәсіпорындар 20 теңгеден қабылдауы бек мүмкін. Міне, осындай тәуекелге бел буып, «Нұр-Шах» деп аталатын дара кәсіпкерлікті қолға алған Нұрлан Сәдуақасов төрт түліктің қылынан бөлек, пластик өнімдерді, яғни, баклашка, полиэтилен пакеттер және макулатура (қағаз) өнімдерін қабылдайды.
Жарайт, дана қазақ «мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деген. Бірақ біз кәуабын ғана жеп, тері-терсегін кәсіпке айналдыруға ынта танытпай отырмыз. Дұрысы қойдың жүні қор болған заман ғой. Оны іс қалатын ауданда бірлі-жарым адам болмаса, баяғыдай жүннен шұлық тоқып, сырмақ сыратын әжелердің саны күн санап азаюда. Оның үстіне, заман талабына сай жүн өңдейтін фабрика мен цехтарда жоқтың қасында. Әттең осындай шағын кәсіпорындар Жаңақорғаннан бой көтерсе, Пахриддин Садықов бастаған «Қолөнер шеберлер орталығы» қандай тамаша бұйымдарды нарыққа шығарушы еді. Оған қоса, шетелдің қымбат синтетикалық киімінен гөрі, табиғи, экологиялық таза, жеңіл әрі жылы қой жүнінен тоқылған киім неғұрлым тиімді болмай ма? Негізі қойдың әрбір мүшесі – бұйым. Тобығын тығып, асығын атып ойнай беріңіз. Кәрі жілігін – біз, орта жілігін – шүмек қылуға болады. Бұл жөнінде толығырақ елімізге танымал қолөнер шебері Пахриддин Садықов айтып берді.
– Маңызы сол бүгінгі таңда бізге ең қажеті шикізат. Шикізат шикі болғаннан кейін ол құнсыз зат. Ал, оны өңдеп, қалыпқа келтіргеннен кейін қомақты дүние болып көрінеді. Ең кішкентай нәрседен бастасақ; далаға лақтырылып жатқан сүйек-саяқ, тері-терсек, жүн-жұрқа. Осылардың қалыпты тірлік істеуі үшін оны өңдеу керек. Мәселен, бір қойды 25 мыңға сатып аласыз да оны 25 күнге жеткізбей тауысасыз. Ал, сүйек-саяғы қоқысқа кетеді. Соның төрт сирағынан 2500 теңгеден 10 мың теңге пайда көруге болады. Терісін өңдесеңіз 15-20 мың пайда. Мойын омыртқадан төмен қабырғалықтың астына дейін 7-8 омыртқаны кішкентай сувенирлік ер-тоқым жасауға болады. Ал, сиырдың мүйізінен 5-10 мың теңгелік үйде тұратын қазақтың қадір-қасиетін көрсететін тамаша шаңырағын, уығын, керегесін, ошағын, және бір мүйізден қобыз туралы 7-8 композиция тудыруға болады. Міне, ұлттық құндылықты кәсіпке айналдырудың маңыздылығы осында. Өкінішке орай, қазір бәріміз дайын өнімді сатып алғанға машықтандық. Сырттан келген синтетикалық өнімнен жастар әлсіз болып бара жатыр. Оған құнарсыз тамақ пен резеңке араласқан киім мен аяқ-киімді қосыңыз, – деді Пахриддин Шәмшідінұлы.
Ойлап қарасаңыз ақылға қонымды. Әлгі бабадан қалған нақылдың неге айтылғанын енді түсінгендейміз. …Пайдасы оның көл-көсір дегені осы екен ғой. Сонымен қатар, Пахриддин Садықов бір сөзінде жүн жуатын және тері өңдейтін цехты Манап ауылы сыртынанда салуға болатынын айтты. Бірақ су тапшылығы қолбайлау. Өйткені, тері-терсек шикізатына тұрақты су керек. Бұл мәселенің шешу жолында айтты. Тоғаннан су тарту керек. Сонда зиясыз, иіссіз жұмыс жасауға болады. Ал қалдық суға бау-бақша егіп, ауыл айналасын көгалдандыру жөнінде ұсынысында жеткізді. Әрине бұл мәселе де қаржыға келіп тіреледі.
ШИКІЗАТ БАР,
БІРАҚ ШЕТЕЛ АСУДА
Жалпы жеңіл өнеркәсіп 20-дан аса қосалқы салалардан тұратын кешенді сала. Оны үш негізгі топқа біріктіруге болады. Бірінші, Тоқыма, оның қатарына мақта-мата, жүн, жібек, трикотаж, жүнді бастапқы өңдеу, тоқылмаған материалдар өндірісі, тор тоқу өнеркәсібі, киіз басу және басқалары. Екінші тігін саласы. Үшінші, Былғары, тері, аяқ-киім. Мойындау керек, еліміз бойынша жеңіл өнеркәсіп саласы оның ішінде тері-жүн өндірісінде қарқынды қауқар жоқ. Жамбыл облысындағы «ПОШ-Тараз» фабрикасы тері-жүн шаятын еліміздегі жалғыз кәсіпорын. Оның өзі өңделген өнімнің басым көпшілігін Қырғызстан, Қытай, Түркияға жөнелтеді. Тері өңдеуден көрші Қырғыз елінен қалып қойыппыз. Айыр қалпақты ағайынның 30 пайызы жеңіл өнеркәсіппен шұғылдануда. Жалпы әлемдік нарықтағы тері шикізаты импортының 25 пайызын Түркия алады екен. Бұл елде бір күнде 3 мыңға жуық тері өңделеді. Әсіресе онда былғары тон бизнесі қарқынды дамыған. Ал, аяқ киім өндірісінде Италияға жететін ел жоқ. Танымал брендтері бүкіл әлемді жаулап алды десек артық айтқанымыз емес. Бізден тиын-тебенге кеткен терілер өзімізге қымбат аяқ-киім болып қайта оралу да. Осы тұста, Ауғанстанда тулып, Иранда ер жетіп, Түркияда тон тігумен айналысқан қандасымыз Абдулла Ишан бүгінде Жаңақорғанда жұмыссыз жүр. Ағайынмен бірге атамекенге оралған кәсіби тігінші қаржы тапшылығынан ойға алған кәсібін бастай алмай отыр. Оның айтуынша, ауданда шикізат қоры мол. Егер тіптен болмаған жағдайда, былғары теріні сатып алып, аяқ-киім өндірісі мен киім-кешек тігуді жүргізуге болатынын жеткізді.
– Қазір әркім әрқалай киініп жүр. Қалтасы қалыңдар бутик аралайды, қалтасы тесік қарапайым жұрт базар жағалайды. Бағасы қымбат киімдердің дені Түркияның өнімдері. Ал арзанқол Қытайдың өнімдері де сұраныс жоғары. Жасыратыны жоқ, түріктің тоқыма өндірісі экспорттаудан милиардтаған қаржыны қазына қамбасына құйып, экономикалық әлеуетін арттырып отыр. Ол Еуропаға сапалы да сәнді өнім шығаратын әлемдегі екінші елге айналды. Олардың өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестицияның 82 пайызы тоқыма секторына бағытталған. Өзімде бір кездері сол Түркияда сыртқы киімдері тігіп, пішіп, еңбек еттік. Кейіннен атамекенге оралғаннан кейін, қаржы қолбайлау болып, жұмыссыз қалдық. Жақында тігін машинасын сатып алдым. Алайда онымен не тігерімді білмей отырмын. Егер мемлекет тарапынан қолдау болса, Түркияда германдық тігін аппараттары бар. Бағасы 1700 АҚШ доллары. Міне, сол машинада 4 данасы болса, көп тірлік жасауға болар еді. Ол қалың, жұқа терілерді таңдамай, тіге береді. Мәселен, бізде сиырдың терісін 500 теңгеден өткізеді. Ал ол Қытайға 3000 теңгеден шетел асады. Егер тері өңдейтін мүмкіндік өзімізде болса, көл-көсір пайдаға кенелуге болады, – дейді Абдулла Ишан.
Иә, «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» осындай қолында өнері бар қандастарды демеп жіберсе, жеңіл өнеркәсіп саласына қан жүгірер еді. Оған қоса, Абдулла Ишан кілем тоқитын да өнері бар екенін жасырмады. Тек «екі қолға бір күрек» болатын өндірістік мақсаттағы тігін аппараты болса, кәсібін дөңгелетер еді.
Түйін.
Тақырыпқа қатысты ой тастасақ. Ресми мәліметке жүгінсек, ауданда 222 181 бас қой, 19367 бас ешкі, 1312 бас түйе бар. Оның ішінде, уақ мал көктемде және күзде қырқылады. Жыл сайын әрбір бас малдан орташа есеппен 1,5 кг жүн түседі деген сөз. Яғни, орташа 375-400 тоннадай жүн жайылымдарды ластауда не қабылдау пунктері өздері келіп алып кетуде. Осы орайда, Жаңақорған ауданынан физикалық салмақта қабылдап алып, жуып, өңдеп, нығыздап республикалық не халықаралық нарыққа шығаратын кәсіпорын салуға мүмкіндік бар. Оған төрт түліктің терісі де тиынға өткізілуде. Ауданда жүн жуатын және тері өңдейтін кәсіпорынға ең ыңғайлы жер бар. Ол – Кейден ауылдық округіндегі «Күкірт қышқылы» зауытының арзан энергиясы мен ыстық суын(буы) жууға пайдаланса, жүнге кеткен шығынның өзіндік құны барынша арзандар еді. Әрине, бұған сол сала да тәжірибесі мол инвестор тарту керек.
Мемлекет тарапынан қолдау көмек болып, игілікті істерге жұдырықтай жұмылып шешу жолдарын қарастырса, терілер жарамсыз болмай, қылдар сай-салада шашылмай, бәлкім жаңақорғандық брендке айналар меді?
Әбдісамат ӘБДІШ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<