Жемқорлық жұмылғанда жеңіледі

590

0

Жемқорлық жұмылғанда жеңіледі Қазіргі таңда бiз жаңа қоғамда өмiр сүрiп жатырмыз. Оның басты сипаты iскерлiк болса, бұл жолда жетiстiктерiмiз де аз емес. Алайда күрмеуі қиын мәселелер де жоқ деп айта алмаймыз. Соның ең бастысы – сыбайлас жемқорлық. Елiмiзде оның алдын алу, болдырмау үшін арнайы қабылданған заңдар да, атқарылып жатқан жұмыстар да баршылық.

Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын жемқорлық, саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын  әлемдегі  барлық  елдердің  қай-қайсысын  да  қатты  алаңдататыны  анық.

Сыбайлас жемқорлық  – мол қара­жат және қоғамдық бәсе­ке­лес­тік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі.

Қазақстан Республикасының заң­намаларына сәйкес, сыбайлас жем­қорлық қылмыстары не­гізі­нен өмір көрсеткендей, билікті не қызметтік өкілеттілікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жа­сау, көрінеу жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ие­леніп алу сынды жағдайларда көрініс беріп келеді. Бұл мәселеге тереңірек үңілетін болсақ, сыбайлас жемқорлық ел болашағына, ұлттық қауіпсіздікке үлкен зиянын тигізері даусыз.

Бір жағынан, сыбайлас жемқор­лық әлеуметтік-экономи­калық да­му, нарықтық экономиканы құру, ин­вестициялар тарту процесін баяу­лататын және демократиялық мем­лекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтар­лықтай қау­­іп төндіретін құбылыс.

Қоғам үшін қауіпті ке­селдің алдын алуды тапсырған Ел­басы «Төртінші өнеркәсіптік ре­во­люция жағдайындағы даму­дың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақ­стан халқына Жолдауында басты он міндетті орындау керектігін ай­қындап берді. Соның ішінде то­ғызыншы міндет – жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігін көз­­дейді. Бұл – мемлекеттің осы жағым­сыз құбылысты жою бағы­тын­дағы кешенді және жүйелі кү­рес жүргізу саясаты жанданып, әрі қарай жалғасын табады деген сөз.

Осы орайда мемлекеттік орган­дардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру жүйесіне көшіру қоғамдағы жем­қорлық көріністеріне айтарлықтай тосқауыл болатынына сенім мол.

Сонымен қатар, сыбайлас жем­­қорлықпен пәрменді күресу үшін халық арасында құқықтық тү­сіндіру жұмы­сының деңгейі мен сапасын артты­рудың маңызы  зор. Тұрғындар өзде­рінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білуі қажет.

Бұл бағытта, яғни «Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзе­ге асырылуда. Әсіресе, халық пара­қорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.

Парақорлық мемлекеттік орган­дардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқ­сан келтіреді, азаматтардың конститу­циялық құқықтары мен заңды мүд­делерінің бұзылуына түрткі болады. Сондықтан да, Қазақстан Рес­публикасының «Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен онда қызмет атқаратын лауа­зымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Соның ішінде, мемлекеттік орган­дардың, жергілікті өзін-өзі  бас­қару органдарының басшылары өз құзыреті шегінде кадр, бақылау, заң­герлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.

Қазіргі таңда мемлекеттік қыз­мет­шілердің сыбайлас жемқор­лық  тұрғысындағы құқық бұзушы­лық­тарға бой алдыруы­ның себебі көп. Осы мақсаттағы жұмыстарды жүйелі жүргізуге «Қазақстан Рес­­пуб­ликасында қылмысқа жә­не сы­б­айлас жемқорлыққа қарсы кү­ресті күшейту және құқық қор­ғау қызметін одан әрі жетіл­діру жөніндегі қосымша шаралар тура­лы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы жаңа серпін берді. Бұл Жарлық еліміз­дегі құқық қорғау органдары қызметтерін жетілдіруге бағыттала отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттермен олардың пайда болуының алдын алуда жүйелі әрі тұрақты шаралар атқаруды қам­тамасыз етеді.

Мұнан өзге, қызмет құзыреті бойынша Тәртіптік кеңесі Қазақ­стан Республикасының «Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес тура­лы» Заңы мен Қазақстан Респуб­ли­­касы мемлекеттік қызмет­кер­­ле­рінің «Ар-намыс» кодексі та­лап­­тарының сақталуын қадағалап, атал­­ған заңнама мен кодекс талап­тары­ның бұзылуына жол берген қызметкерлердің тәртіптік жау­апкер­шілігін қарауды жүзеге асыра­ды.

Иә, ел болып еңсемізді көтер­ге­німізге, тәуелсіздігімізді алып, әлем­ге танылғанымызға ширек ғасырдан асты. Өтке­німізге көз салсақ, Елбасының көре­ген сая­сатының арқасында мемле­кеті­міз­дің өркендеп, нығая түсуіне ба­ғытталған құқықтық заңна­малар мен іс-шаралар қабыл­да­нып, ел экономикасы мен әлеу­меттік жағдайы түзеліп, әлем мем­ле­кеттерінің ортасынан өз орнын айқындады. Бүкіл әлемге өзінің біртұтастығымен, ажырамас бірлігімен танылды. Қоғам дамуының жаңа жолын таңдап, уақыттан туындаған әртүрлі кеселдерден айығуды міндет етіп қойды.

Қоғамдағы көкейтесті  мәселеге айналып отырған сыбайлас жем­қорлық – ел ішіне білінбей кірген індет секілді. Ал біздің осы жауға қарсы қолданар қаруымыз – қоғам. «Қоғам – өмірдің айнасы» дейміз ғой. Айналамыз таза болса, өзіміздің әсемдігіміз еріксіз байқалады. Сон­дықтан да қоғам қарсы болса, жай емес, тегіс қарсы болғанда ғана бұл індетті жоймақпыз.

Ендеше, «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп қара қылды қақ жарып, турасын айтып, әділдікке жүгінген қаймана халықтың ұрпағы бүгінгідей өз алдына ел болып, еңсесі биік дамыған мемлекеттердің қатарына жетуді көздеп отырған шақта сол адами ақыл-парасат биігінен көрінуге тиіс­­піз.

М.ОРАЗБАЕВ,

Арал ауданының әкімі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<