Байқоңыр қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесіне арналған VI облыстық халықтық спорт ойындары мәресіне жетті.
Астананың – 20, Қызылорда қаласының 200 жылдығына орай ұйымдастырылған додаға келген командалар спорттың 12 түрі бойынша сынға түсті. Волейбол мен қол күресте жалағаштық спортшылар мықтылық танытса, гір тасын көтеруде сырдариялықтардан озған ешкім болған жоқ. Үстел теннисі, шахмат, стритбол, стрит воркаут, тоғызқұмалақ, дойбы, шағын футболдан Қызылорда қаласы мен Жаңақорған командасы жеңімпаздар сапынан көрінді. Стритбол мен волейболдан ерлер арасында ғарышты қаланың өкілдері алдыңғы орынға шықты. Қазақ күресінен қармақшылық балуандар басым болды.
Ойындардың бас төрешісі, облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасы бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Ғалым Сиқымовтың айтуынша, жеңімпаздар республикалық ойындарда бағын сынайтын болады.
– Байқоңыр қаласының спорттық инфрақұрылымы осындай деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Облыс ойындарындағы жеңімпаздар қыркүйек айында Ақтау қаласында ҚР Президенті жүлдесі үшін өтетін республикалық халықтық спорт ойындарына қатысады, – деді ол.
Мыңнан аса адам қатысқан шарада жалпыкомандалық есеп бойынша Қызылорда қаласының спортшылары бірінші орынды иеленсе, екінші орын Жаңақорған ауданына бұйырды. Байқоңырлық спортшылар үшінші орынға тұрақтады.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<