Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өткізілді. Жиынға құқық қорғау және арнайы орган басшылары, салалық басқарма басшылары және онлайн селекторлық режимде қала, аудан әкімдері қатысты.
Отырыста екі мәселе қаралды. Алғашқы мәселе облыс аумағында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына арналды. Жиында облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Амитов өңірдегі жол-көлік ережелерін бұзу деректеріне тоқталып, жол қауіпсіздігін сақтауда атқарылған кешенді жұмыстарды баяндады.
Өткен жылы аймақта жол ережелерін бұзудың 122 мыңнан астам дерегі тіркелген, оның 65 мыңнан астамы – жол апатына тікелей әсер ететін өрескел құқық бұзушылықтар. Қала орталығында құқық бұзушылықты автоматты түрде тіркейтін 13 «Арқан» стационарлы жылдамдық өлшегіш құралы іске қосылған. Нәтижесінде 6 ай ішінде 31920 жылдамдықты асыру дерегі тіркеліп, 296 млн теңге айыппұл салынып, оның 251 миллионы өндірілген.
Шамшидин Амитов облыс әкімдігінің бастамасымен 7 стационарлы жылдамдық өлшегіш құралын орнату жұмыстары басталғанын атап өтіп, бұл бастаманың жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі тиімділігін айтты. Профилактикалық жұмыстар нәтижесінде өткен жылы облыста жол-көлік оқиғалары 13 процентке, қайтыс болу деректері 35 процентке, дене жарақатын алу 14 процентке төмендеген.
Отырыста облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тілеумбетов жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарында көлік апаттарының алдын алуға, қауіпсіздікті сақтауға арналған өңірлік іс-шара жоспары әзірленгенін баяндады. Бұл ретте басқарма жол-көлік оқиғаларының жиілеу себебіне талдау жасаған. Талдау көрсеткендей, жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі қарсы бағытқа шығу, маневр ережесін бұзу, жылдамдық асыру, арнайы белгіленген жаяу жүргіншілер жолынан өту ережесін бұзу және арақашықтықты сақтамау салдарынан орын алады.
Облыс әкімі жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, полиция департаментіне жол- көлік оқиғалары өсім алған өңірлерге талдау жасап, кешенді іс-шаралар жоспарын бекітуді, қауіпті учаскелерді анықтап, оларды жетілдіру бойынша тиімді ұсыныстар енгізуді тапсырды. Ал, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, жолға жақын орналасқан ауыл тұрғындарының жеке малын қараусыз қалдырмау бағытында жұмысты үйлестіруі керек. Жолаушы тасымалымен айналысушыларға түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыруды, елді мекендер көшелеріндегі жол белгілерін қалпына келтіру жұмыстарын жандандыруды назарға салды.
Отырыста қаралған екінші мәселе – әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау, отбасы тұрмыстық қарым-қатынастағы құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларына бағытталды. Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Амитов пен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова баяндама жасап, атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Өткен жылы әйелдер құқығына қарсы әрекет жасаған 663 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Полицияның сенім телефонына әйелдерге қатысты проблемалық мәселелер жөнінде 110 рет қоңырау түсіп, зардап шеккен әйелдерге құқықтық, психологиялық көмек көрсетілді. Қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 51 азаматша дағдарыс орталықтарына орналасты. Кешенді жұмыстар нәтижесінде әйелдерге қарсы жасалған қылмыстар 40 процентке, оның ішінде отбасы тұрмыстық жағдайда жасалған қылмыстар 15 процентке төмендеген.
Жиында Гаухар Қалмақова тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік қызметтер көрсету бағытында атқарылған жұмыстарды айтты. Мәселен, өткен жылы дағдарыс орталығы арқылы 98 отбасына және осы жылдың екі айында 26 отбасыға 8 бағыт бойынша арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілген. Оңалту жұмыстарының нәтижесімен өткен жылы 82 отбасы, биыл 8 отбасы өз шаңырақтарына қайта оралды.
Отырысты қорытындылаған облыс әкімі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысына тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының қызметін жетілдіру үшін ұсыныстар беруді, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен бірлесіп, дағдарыс орталығын ұлғайту үшін қосымша қаржы бөлу мәселелерін пысықтауды тапсырды. Сондай-ақ, зардап шегіп, дағдарыс орталығынан бейімделіп шыққан әйелдер мен олардың отбасы жағдайына тұрақты түрде мониторинг жүргізуді, қолдауды қажет ететін отбасылардан шыққан, оның ішінде елді мекендерде тұратын балаларды қосымша білімге, спорт секцияларға және үйірмелерге барынша тартуды міндеттеді. Ал, полиция департаментіне отбасылық зорлық-зомбылыққа бейім агрессорлармен нүктелі профилактикалық жұмыстар жүргізуді, облыс бойынша жиілеп келетін зорлық фактілерінің себептеріне талдау жасап, оларды болдырмайтын оңтайлы әдістерді тұжырымдап, ұсыныстар беруді тапсырды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<