Жол – елдің тынысы, тіршіліктің тамыры

69

0

Фото: Gov.kz

Ел қуанышы еселеніп, республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» жолының Сыр бойындағы бөлігі іске қосылды. Бұл күрежол біраз жылдан бері күрмеуі шешілмей келген, халық арасында көп талқыға салынған мәселелердің бірі еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолының құрылысын мерзімінде бастауды және сапалы әрі халыққа қолайлы жағдай жасауды тапсырып, соның нәтижесін халық болып көріп отырмыз.

80-жылдардың басында аталған жолға асфальт қабатын төсеу жобалары қолға алынуы керек еді. Бірақ іске аспады. Аса мән берілмеді. Кеңес заманында облыс басшысы Е.Әуелбеков, егемендіктің бастапқы уақытында С.Шаухаманов, Б.Сапарбаев сынды қайраткерлер бұл мәселені Үкімет назарына жиі ұсынғанын білеміз. Көлік тізгіндегендер мен жолаушылар жаздың аптабы мен қыстың қақаған аязында жолда қалу жағдайлары бұған дейін көп болды. Енді қиын күндер артта қалғандай.

Жалпы Мемлекет басшысының, Үкіметтің ерекше қолдауы және аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының іскерлігінің арқасында кейінгі үш жылда Қызылорда облысында 1600 шақырым автомобиль жолы мен көшелерді, 30 көпір өткелін салуға, күрделі жөндеуден өткізуге 150 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Нәтижесінде бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылып, елді мекендердің арасындағы қатынас жақсарып, көлік қозғалысының қауіпсіздігі артты.

Нақтырақ айтқанда, қаладағы басты көшелердің бірі саналатын «Тәуелсіздікке 25 жыл» даңғылын 2 жолақтан 4 жолаққа дейін кеңейту жұмыстары жүр­гізіліп, пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, жуырда ғана Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейін 4 жолақты жол құрылысы аяқталды. Сұлтан Бейбарыс көшесі, Назарбаев даңғылы қайта түледі.

Облыс орталығындағы Жаппасбай батыр көшесіндегі үлкен жолайрық қай­та жаңғыртудан өтті. Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалынан бастап, Президент саябағына дейінгі аралық 4 жолақты болып кеңейтілді.  Жол бойындағы Сыздық, «Жаңадария», «Шір­кейлі» каналдары үстіндегі 3 көпір қайта жаңғыртылды.

Ал биыл өңірде жол инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен барлығы 50 млрд 605 млн теңге бөлініп, ұзын­дығы 329 ша­қырымды құ­райтын автомобиль жолы, кө­шелер мен көпір өткелдері жөн­деуден өту­де. Осының арқасында өңірдегі жақсы жағ­дайдағы жол­дар­дың үлесі 95 пайызға жетеді.

Жол – жай ғана инфрақұрылым емес. Жол – халықтың тынысы, өңірдің тамыры, елдіктің ең басты тіректерінің бірі. Сапалы жол – қауіпсіздік, қолайлылық, уақыт үнемі және ең бастысы, халықтың тұрмыс сапасының артуы. 

Жоғарыда айтылған «Қызылорда-Жез­қазған» жолы – көпшіліктің ортақ еңбегі, билік пен мердігер ұйымдардың үйлесімді жұмы­сының нәтижесі. Ал бұл жол Ұлытау облысының орталығына дейін толық аяқ­талса, болашақта біздің өңір ғана емес, көр­шілес облыстардың да дамуына тың сер­пін берері анық. Сондай-ақ жолаушылар қоз­ғалысын жеңілдетіп, кәсіп­кер­ліктің өр­кен­деуіне мүмкіндік туғызатынына сенім мол.

Өмірбек ШӘМЕНОВ,

Көлік министрлігінің еңбек ардагері,

Жалағаш ауданының құрметті азаматы,

«Құрмет» орденінің иегері,

облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары