Жолдаудың негізгі бағыттары

2003

0

Президент Қ.Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында ел дамуының түрлі басымдықтарын атап өтіп, алдағы жоспарлар мен міндеттерді ортаға салған болатын. Жолдауда әлеуметтік, экономикалық, идеологиялық, мәдени, рухани мәселелердің барлығы назарға алынған.

Кәсіпкерлікті дамыту мәселесі де жыл сайынғы Жолдауларда баяндалып келе жатқаны мәлім. Осы ретте, Президент күштік құрылымдардың бизнес ісіне шамадан тыс араласуына заң арқылы тосқауыл қою керек,- екенін атап өтті.

Қазіргі таңда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Содан болар, бүгiнгi таңда шағын және орта кәсiпкерлiктің серпiндi дамып келе жатқаны белгiлi. Соның ішінде, шағын кәсiпкерлiктің саны қарқынды түрде өсiп келедi.

Дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, шағын және орта бизнесті қалыптастыру мен дамыту экономиканы нығайту үшін қолайлы алғышарттар жасайды. Атап айтқанда, салалық және өңірлік монополизм жойылады, рынокта тауарлар мен қызметтер көбейеді, жаңа жұмыс орындары ашылады, ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктері өмірге енгізіледі, қоғам тұрақтылығының кепілі болып табылатын орта тап қалыптасады. Нәтижесінде шағын және орта кәсіпкерлік көптеген адамдар үшін тартымды сипатқа ие болып, нарықтық экономиканың қажетті элементіне айналады.

Кәсіпкерлікті жетілдіру – экономика­ның тұрақтылығы мен оның бәсекелік сипатын қалыптастыруда басты бағдарлардың бірі болып табылады. Кәсіпкерлікті дамыту үшін субъектінің белгілі бір дәрежеде ер­кіндігі мен құқығы, шаруашылық қызме­тінің бағытын таңдауда еріктігі, қабылда­натын шешімдерге, одан туындайтын нәтижелерге тәуекелдіктің болуы қажет.

Жолдауда қозғалған тағы бір мәселе тұрғын үй құрылысымен  қатар жылжымайтын  мүлік нарығын  дамыту мәселелері сөз болды.Президент  еліміздің  өңірлеріндегі жылжымайтын  мүлік  жөніндегі орталықтардың жұмысын жандандыру мақсатында біздің алдымызға нақты міндеттер қойды.

Жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеу – мүлікке құқығыңызды растайтын міндетті рәсім. Сатып алу-сату шарты, айырбастау, мұрагерлік ету немесе жалға алу сіздің құқығыңызды растамайды, дегенмен тіркеуге негіз болып табылады. Жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеу мүліктің толыққанды иесі атану, өзіңізді алаяқтықтан қорғау және келешекте оған қатысты операцияларды кедергісіз орындау үшін қажет.

Жылжымайтын мүлікке белгілі бір орынмен тығыз байланысты нәрсенің бәрі жатады: жер телімдері, ғимараттар мен құрылыстар. Яғни, еш зарарсыз орнын ауыстыру қиынға түсетін нәрселер. Сонымен қатар жылжымайтын мүлік бастапқы және кейінгі нысандар болып екіге бөлінеді. Бастапқы нысандарға ерекше атқарымдық мақсаты бар ғимараттар мен құрылыстар, қала құрылысының маңызды нысандары, ал екінші мәртеліктерге – жекелеген (бөлінген) құқық объектілері (бірінші мәртелік объектінің құрамына кіретін пәтерлер, жапсарылыс салынған үй-жалар, дүкендер мен офистер) жатады. Біздің, яғни ҚР азаматтарының әрқайсысының ЖСН және жеке куәлігі бар болатыны секілді, ел аумағындағы жылжымайтын мүлік нысандарының да өзіндік бірегей нөмірі (кадастрлық нөмірі) және техникалық төлқұжаты болады. Электрондық үкімет порталының «Жылжымайтын мүлік» бөлімінен Жылжымайтын мүлігіңіздің кадастрлық нөмірін біле аласыздар.

С.Ибраев,

Жаңақорған ауданаралық әділет басқармасының басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<