ЖҮРГІЗУШІЛЕР ҮШІН ЖЕҢІЛДІК

411

0

ЖҮРГІЗУШІЛЕР ҮШІН ЖЕҢІЛДІК «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының қызметкерлері облыс орталығындағы көлік базарында акция өткізді. Шарада жүргізуші куәлігін ауыстыру мен көлік құралын тіркеу қызметтерін онлайн форматқа ауыстыру талаптары түсіндірілді. Енді автокөлік иелері жүргізуші куәлігін ауыстыру мен көлік құралын тіркеу қызметтерін еgov.kz электрондық үкімет порталы арқылы алуына болады.
Мемлекеттік корпора­ция­ның облыстық филиалы дирек­торының орынбасары Айнұр Тобаева аталған қызметтерді онлайн-режимде алу механизм жайлы айтып өтті.
– Ол үшін egov.kz порталына кіріп, тиісті өтінімді толтырып және өзінің жеке электронды цифрлық қолтаңбасымен (ЭЦҚ) қол қойса болғаны. Бұрын көлік құралын сатушы және сатып алушы осы қызметті көрсетуге өтінім беру үшін «Азаматтарға арналған үкіметтің» фронт-офисіне (ХҚКО және маман­дандырылған ХҚКО) бір уа­қыт­та барлық қажетті құжат­тарымен баратын. Енді азаматтар үйден шықпай-ақ, онлайн режимінде өтініш беру мүмкіндігіне ие болды, – деді А.Тобаева.
Көлік құралын сатушы egov.kz порталына тіркеліп, авторизацияланады да «көлік және коммуникация» бөліміне кіреді. Онда «көлік құралын тіркеу үшін электрондық өтініш беру» деген қызметті таңдайды. Содан кейін қажетті көлік құралының тізімін анықтайды, алаңды толтырады және өзінің электрондық қолтаңбасын пайдалана отырып, қол қояды. Онлайн қызметі сатушының барлық айыппұлдары мен салықтарын толық төлеуді, техникалық тексерудің өзекті болуын талап етеді. Осыдан кейін, көлік сатып алушы порталының жеке кабинетіне ол өтініммен танысады. Бұдан соң қызмет алушыға «таныс­ты, сұрау салуға өтуіне болады» деген хабарлама келеді. Егер сатып алушы мәмілеге келісім берген жағдайда, ол төленбеген айыппұлдар мен салық берешегін тексеретін әрі тексерілетін келесі қадамға бара­ды. Құжат рәсімдеу барысында сатып алушы қарапайым немесе жоғары сұранысқа ие мемлекеттік тіркеу нөмірін таң­дай алады. Ал жүргізуші куәлігін ауыстыру тіпті оңай. Электронды порталда өтінімге фотосурет және қолтаңбаның сканерленген суретін қоса жүк­тейсіз. Жеке кабинетте құжаттың дайын екендігі туралы хабарлама алғаннан кейін мамандандырылған ХҚКО-ға барып ескі жүргізуші куәлігін, жеке басын куәландыратын құжат, мемлекеттік баж төле­гені туралы электрондық чек пен өтінішті ұсынады.
Жүргізуші куәлігінің мем­лекеттік баж құны бұрын­ғысынша өзгертусіз – 1,25 АЕК көлемінде, яғни 3 006, 25 теңге. Егер сіз жүргізуші куәлігін мерзімі өтіп кеткеннен кейін ауыстыратын болсаңыз, онда сізге психдиспансер мен наркодиспансерден анықтама, сон­дай-ақ 083 формадағы меди­ци­налық анықтама қажет болады.
Онлайн тіркеу іске қо­сыл­ған күні-ақ 150-ге жуық қызылордалық жаңа­шыл­дық­­­тың игілігін көрді. Облыс көле­­мінде бір мезетте өткен акция барысында мыңға жуық ақпараттық брошюралар таратылып, кеңестер берілді. Шара алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<