Жүргізуші және ойыншы: Қаржылық қыспақ үстемдігі нені меңзейді?

1616

0

сурет ашық дереккөзден

Дамыған елдердің өзгелерден бір ерекшелігі – салық пен айыппұл түрлерінің көп болуы. Дегенмен бұл тенденцияны дамушы санатындағы мемлекеттердің үлгі етіп алуы сәл қисынсыз құбылыс іспетті. Таяуда ескі көлік жүргізушілеріне айыппұл салынатыны жайлы ақпарат тарады. Шенділер алға тартқан себеп – ескі көліктердің экологияға зияны. Дегенмен мәселенің келесі жағын ескермегенге ұқсайды. Оның үстіне биылдан бастап букмекерге тіркелген әрбір ойыншы ұтысынан салық төлеуі мүмкін. Бірақ бұл тұста да шолақ қаралған күйі өзгеріс енгізілмек. Аталған жайттардың кемшілігін сараптап көрсек. 

Манипуляция ығындағы ызғар

Әдетте кәрі құрлық елдеріндегі заңнамалық өзгерістерді іліп әкететін жауаптылар, қоғамдағы экономикалық һәм әлеуметтік ерекшеліктерді неге ескермейтінін түсіне алмадық. Әйтпесе ескі көлік жүргізушілеріне айыппұл салу Англияда да бар, бірақ аталған елдің халқы қоғамдық көлікпен жүруді құп көреді, сол үшін жағдай жасалған, әрі көп адамның шындығында жаңа көлік сатып алуға жағдайы жетеді. Бұл жай мәселеге бойламас бұрын түртіп қояр дүние.

Сонымен қазақстандықтарға ескі көлік жүргізгені үшін айыппұл салынатынын кей ақпарат құралдары дабыраға айналдырды. Шамамен 1,4 млн теңге айыппұл салынатынын жазғандар жетерлік. Әрине, бұның манипуляция екеніне дау жоқ. Бірақ қуануға әлі ерте. Ұлттық экономика министрлігі заң жобасын әзірлеп жатыр. Ол бойынша елде экология органдары полицейлермен бірігіп, тұрақты рейд жүргізеді екен. Ауаны ластау көрсеткіші нормадан асып түссе, онда дереу көліктің нөмірі тәркіленіп, ондай көлікті әрі қарай пайдалануға тыйым салынбақ.

Біздің елде бүгінде көліктен шығатын ластаушы заттар шамадан асса, ескерту жасалады немесе жеке тұлғаларға 36 920 теңге, заңды тұлғаларға 369 200 теңге айыппұл салынады. Ал жоғарыда айтылған 1,4 миллион теңге айыппұл қолданыстағы заңда бар. Бірақ ол жеке тұлғаларға емес, ірі кәсіп иелеріне салынады.

Енді ең маңыздысы, сол жазаланған көлік иелері бір жыл ішінде қайта ұсталса, айыппұлы екі еселенеді. Жеке тұлғалар 80 мың теңге, ал ірі кәсіп иелері 1 476 800 теңге айыппұл төлейді, яғни, ешкім де қараша халыққа заңбұзушылық үшін 1,4 млн айыппұл салмайды. Бұл ірі бизнеске қатысты жаза. Ал жеке тұлғалар әрі кеткенде 80 мың теңге төлейді. Мұның өзі қайталанып жасалған заңбұзушылық үшін.

Дегенмен заң жобасын әзірлеушілер «таяқтың екі ұшы болатынын» ескермеген секілді. Жалпы қазақстандағы көліктердің орташа жасы 14,3 жыл. Ал жауаптылар қанша жыл болған көліктерді ескілер санатына қосады? 15 немесе 20. Оның үстіне Қазақстан автонарығындағы көліктердің 70 пайызы 20 жылдан асып кеткен. Олардан бөлінетін ауаны ластаушы заттар шамадан артық екені даусыз, яғни, көрінген көлік иесі айыппұл арқалап кетуі мүмкін. Біздің ойымызша, бұл – жыртығы жамалмай жатқан Үкімет бюджетін толтырудың бір амалы ретінде қарастырылған дүние. Әйтпесе Қазақстан автобазасын жаңарта қоятындай халықтың басым бөлігінде жағдай жоқ. Қазір шыққанына 20 жыл болған сұраныстағы көліктердің өзі 5 миллион теңге жобасында бағаланады. Ал 10 миллион немесе одан артық бағаланатын жаңа көліктерді азаматтар несиеге ғана рәсімдей алады.

Салыққа салық жамала ма?

Салық жайы қоғамның тасасында жүретін тағы бір топты алаңдата бастады. Биыл 12 ақпаннан бастап букмекерлер ойыншылардың мәліметтерін салық органдарына беріп отыратын болды, яғни, әрбір ойыншының ұтысынан салық ұсталады. Балансында қанша ақша болғаны, не тіккені, қанша ұтқаны, бәрі тапсырылады. Бірақ сұрақ көп, жауап жоқ. Мәселен, осы уақытқа дейін букмекерлер онсыз да билікке миллиардтап салық төлеп, түрлі спортқа қаржылай қолдау білдіріп келді. Енді оны азсынғандай жауаптылар ойыншылардың жеке мүддесіне шүйлігуде.

Жауапсыз сауал көп. Салықты букмекер төлей ме, әлде ойыншының өзі ме, ұтыс қалай есептеледі, салынған ақша мен ұтыстың айырмашылығынан ба, әлде жалпы ұтыс сомасынан алына ма? Қанша пайыз салық ретінде ұсталады? Букмекер өзі ұстап қалып, салықты ойыншы атынан төлей ме? Шетелдік қолданушылар да салық төлей ме? Осының бәрін жауаптылар рет-ретімен түсіндірместен мәліметтер базасын қолына алмақ. 

Әзірге букмекерлер де үнсіз отыр. Негізі бұл тарап ойыншыларға жан-жақты түсіндіруі керек еді. Әйтпесе біраз ойыншыдан айырылып қалуы мүмкін. Бұның зияны да бар. Жұрт енді шетелдік кеңселерге тіркеліп, басқа да тиімді кеңселерді таңдайды, яғни, ақша сыртқа ағылады. Көлеңкелі бизнесті мақсат еткен қара букмекерлер де пайда болуы мүмкін.

Бәріміз жақсы білеміз, Қазақстанда табыс салығы 10 пайыз. Шамасы ойыншылардың ұтысынан осы көлемде салық ұсталатын тәрізді. Негізі қазір қазақстандықтардың көбі сол 10 пайыздық салықты төлемейді. Неге? Дефакто бақылау атымен жоқ. Букмекерлер салық органанына жыл сайын бір жылдағы айналым мен пайдадан шамалас қаржыны төлеп келді. Оларда ресми түрде айналым қаражатын 170 млрд теңге деп көрсеткен, ал шынына келгенде, 1 триллионға жетті. Еліміздегі ең үлкен жарнама беруші компаниялардың айналымы 170 млрд теңге болады деу – нонсенс. Букмекердің лоббиі өте қуатты, қолы ұзын. Енді салық органдары әрбір тұлғаның дерегін алып, шынайы айналымды көретін күшке ие болады. Сайып келгенде, салыққа салық жамау процесі іске аспақ.

Жүргізушілер мен ойыншылар бұл өзгерістерді жақсы қабылдай алмайтыны айтпаса да түсінікті. Халық айыппұл төлемес үшін көлігін тастай салмас, алайда ойыншылар салықтан сытылу үшін небір заңсыз қадамдарға баруы мүмкін. Ал ол салық органдарына зиянын тигізбесе, аса пайда бере қоймайды.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<