Қызылордаға алғаш рет келуім. Бұл қаланың қарқынды дамуы мен оң өзгерістерін көзбен көрдім. Адамдарының өршіл рухы мен болашаққа деген сенімді қадамы ерекше шабыттандырады.
Бүгінгі күн бізге урбанизацияның шынайы мәні жайында ойлануға, сондай-ақ осы әсем елдің әрбір азаматының өмір сапасын жақсарту жолдарын бірлесіп іздеуге тамаша мүмкіндік беріп отыр. Бұл – тек қалалардың дамуы емес, адамдардың, қауымдастықтардың және ұлттың өркендеуі туралы әңгіменің бастауы. Менің негізгі жұмыс бағытым – бас жоспарлар жасау, сондықтан соңғы кездері тығыз жұмыс кестесімен еңбек етіп жүрмін.
Бірақ мен үшін ең маңызды тақырып – әлемді қалай жақсырақ орынға айналдыра аламыз? Менің жұмысымның, саяхаттарымның және әрбір жобамның өзегі осы.
Риккардо МАРИНИ
URBAN LIVING серіктесі,
Marini Urbanismo негізін қалаушы
Бұл – нағыз ілгерілеу
Қазақстанда, оның ішінде Қызылорда қаласында өтіп жатқан алғашқы Ұлттық урбан форумға қатысып отырғаныма ерекше қуаныштымын. Бұл ел тарихындағы маңызды әрі айрықша оқиға. Форумның дәл осындай орталықтан тыс, шағын қалада өтуі аймақтардың да ұлттық деңгейдегі маңызды бастамаларға белсене қатыса алатынын айқын көрсетіп отыр.

Мен форум бағдарламасына толықтай қатысып, белсенді араласуға ниеттімін. Қазіргі таңда мен қатысып отырған сессия урбанистік тұрақтылық пен климаттың өзгеруі тақырыбына арналған. Бұл – әлемдік деңгейдегі өзекті әрі күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе. Осы ретте Қызылорда қаласы мұндай түйткілдермен тікелей бетпе-бет келіп отырған өңірлердің бірі деп ойлаймын. Сондықтан дәл осы қала климаттың өзгеруі мен тұрақты урбанизация бағытында елге үлгі боларлық көшбасшыға айнала алады деп сенемін. Сонымен қатар, Қызылордада болып жатқан оң өзгерістер мен даму үдерістерін өз көзіммен көру зор шабыт сыйлады. Спорт орталықтарының, білім беру нысандарының, сондай-ақ мәдени орындардың дамуы айтарлықтай әсер етті. Меніңше, тек инфрақұрылымның жаңаруы ғана емес, оның артында жатқан оқиғалар мен идеялар, қоғам игілігі үшін жасалып жатқан нақты қадамдар, бәрі ерекше маңызға ие.
Үкіметтің азаматтардың әл-ауқатын, мәдени өмірін және қоғамдық кеңістіктердің сапасын арттыруға белсенді араласуы мені ерекше қуантты. Бұл – нағыз ілгерілеу. Кеше қаланы аралап жүріп, көп дүние үйрендім, көп нәрсеге көз жеткіздім. Мұның барлығы жергілікті биліктің тамаша әрі мақсатты бастамаларының нәтижесі деп білемін.
Ави САРКАР,
жаһандық тұрақты даму бөлімі және кеңсе басшысы (GSD)
Лаос республикасы





