Жұмысшы мамандар даярлаудағы жаңашылдық

472

0

Елімізде аграрлық, индустриалдық, техникалық және құрылыс-сәулет сияқты салаларға серпін беретін жұмысшы мамандықтарының жетіспеуі  басты мәселенің біріне айналып отыр. Осыған байланысты Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Жыл аяқталуға таяу, дегенмен аталған бағытта біршама жұмыс атқарылып, нәтижесін бере бастады.

«Қандай нәтиже?» деген сауалға жауап бере кетсек, ең алдымен өңірдегі жұмысшы мамандар даярлайтын оқу орындарының материалдық-техникалық базасы жаң­ғыртылды. Соның көрінісі, бұл мамандықтарға де­ген көзқарас та жаңарды, яғни жас түлектердің қызы­ғушылығы арта түскен. Өйткені қазіргі аграрлық салада пайдаланып жүрген заманауи техникалар ав­томат­тан­дырылған, басқару біршама жеңілдеген. Дәл осылай­ша, басқа да салалардың жұмысы жаңаша тех­нологияға негіз­делген.

Қоғамның қай саласына болсын, кәсіби шеберлігі жо­ғары, тәжірибелі кадрлар қажет. Осындай маман­дарды дайындайтын оқу орындарының бірі – Жа­лағаш индустриалды-аграрлық колледжі. Оқу орны 60 жыл­дан аса қызмет көрсетіп келеді. Бүгінде кол­леджде еңбек нарығына қажетті 5 мамандық, 10 бі­ліктілік бойын­ша даярланады. Нақтырақ айтсақ, білім алушылар аспаз, кон­дитер, құрылысшы, ауыл шаруа­шылығы механи­за­торы, электромонтер, жеміс-көкөніс өсіруші сияқты кәсіп­терді игеріп шығады.

Колледж басшысының міндетін атқарушы Нұртай Жонтаевтың айтуынша, 2025-2026 оқу жылында 78 студент қабылданған. Барлығы 242 студент білім алады, оның ішінде 184-і шәкіртақымен қамтылған. Оқу орнында тек теориялық білім берумен шектелмей, тәжірибелік машықтарды меңгертуде де үлкен қадам жасалып отыр.

Кейінгі жылдары оқу орнының материалдық-тех­ни­калық базасы жаңартылып, «Тамақтандыруды ұйым­дастыру», «Ауыл шаруашылығын механика­лан­дыру» мамандықтары «Жас маман» бағдарламасы  бойынша жаңа үлгіде жабдықталған. Сонымен қа­тар, спорттық жаттығу залының жабдықтары да жаңар­тылып, талапқа сай қызмет көрсетеді.

– Ауыл шаруашылығын механикаландыру ма­ман­дығы бойынша заманауи техникалар алынып, кол­ледж студенттерінің практикалық білімін көтеруге жұмыс жасалуда. Бұл бағытта аудандағы іргелі ша­руашылық – «Таң ЛТД» ЖШС-мен келісімшарт жа­салып, жас мамандар шаруашылық егінжайында тәжірибеден өтеді, – дейді колледждің аға шебері Ба­қытжан Абдыраманов.

Ал өндірістік оқу шебері Ақкенже Шідербаева «Та­мақтандыруды ұйымдастыру» мамандығы бойын­ша колледж түлектерін тәжірибеден өткізу үшін «Айнабаева» жеке кәсіпкерлік нысанымен келісім жасалғанын айтты. Сонымен қатар, жаңаша жабдық­талған асханада «Аспаз зертханасы» жұмысы жолға қойылған. 

Жалпы оқу орнында 17 теориялық оқу кабинеті жұ­мыс жасайды. Колледж студенттері «WorldSkills» кәсі­би шеберлік чемпионатына жыл сайын қаты­сып, жоға­ры нәтиже көрсетіп жүр. «Жұмысшы ма­мандықтар жы­лын­да» «Байқоңыр» ғарыш кешенінің 70 жылдығына орай өткен «Менің мамандығым – менің мақтанышым» атты сайыста тасымалдау тех­ни­каларын құрастыру бойын­ша Жалағаш индуст­риалды-аграрлық колледжінің 3-курс студенті Ақ­ниет Мейірханұлы (жетекшісі Нұржан Серікұлы) 1-орын­ды жеңіп алған. Сондай-ақ ол өткен жылы «Жас өнер­тапқыш» бағытында аудандық «Жалын» жастар сыйлығын иеленген.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, мемлекет қолда­уының нәтижесінде ескі түсінік өзгерген, жаңашылдық көріністері айқын байқалады.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»