Жыл бойғы жұмыс қорытындыланды

15

0

Фото: ҚХП

Қазақстан Халық партиясының Қызылорда облыстық филиалы 2025 жыл ішінде атқарылған ауқымды жұмыстарды қорытындылады. Облыстық мәслихат депутаты, филиал төрағасы Қайрат Ерназаровтың жетекшілігімен аймақта әлеуметтік әділдікті нығайту мен халықтың мүддесін қорғауға бағытталған маңызды бастамалар іске асырылды.

Партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаевтың қатысуымен өткен облыстық форум аймақтағы партиялық құрылымдардың жұмысына жаңа серпін берді. Форум аясында халық пен билік арасындағы диалогты нығайтудың басым бағыттары айқындалды.

Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында филиал өндіріс орындарымен тығыз байланыс орнатты.  Филиал төрағасының демеушілігімен «Қоғам ТВ» телеарнасынан жаңадан ашылған «MAITALMAN» тележобасы арқылы еңбек иелерінің мәртебесін ұлықтау шаралары жүйелі түрде жүргізілді. «Еңбек адамы – 2025» байқауының жеңімпаздары хабар қонағы болып, сұхбат берді. Бірқатар еңбек адамы ҚХП «Еңбек майталманы» медалімен марапатталды. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау бойынша арнайы Халықтық кеңес құрылып, инклюзивті қоғамды дамытуға бағытталған бірқатар меморандумдарға қол қойылды.

Одан бөлек, «Мектепке жол» акциясы аясында бірқатар мектеп оқушылары арасында қайырымдылық шарасы жүргізілді. Ардагерлерді қолдау акциялары тұрақты ұйымдастырылды. «Халық үні» жобасы аясында азық-түлік бағасының тұрақтылығына, мектеп асханаларының сапасына, жол қауіпсіздігі мен елді мекендерді жарықтандыру мәселелеріне орай қоғамдық мониторингтер жүргізілді.

«Мәдени Мұра» жобасы шеңберінде Жеңістің 80 жылдығына орай тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру, ардагерлерге тағзым ету және жастарға патриоттық тәрбие беру шаралары кешенді түрде атқарылды.

Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл ардагерлепіге құрмет көрсетілді. Соғыс және тыл ардагерлері мен студенттер арасында кездесулер ұйымдастырылып, өнегесі мол шара өткізілді.

Бұл аталған шаралар партия жұмысының бір парасы ғана. Алдағы уақытта да Қазақстан Халық партиясының облыстық филиалы Сыр өңіріндегі тұрақтылық пен даму бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береді.

Қорытынды жиын барысында ҚХП Қызылорда облыстық филиалының Шиелі аудандық өкілдігінің төрағасы Әбдімомын Алдияров Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл — Әбдімомын Шайбекұлының қажырлы еңбегі мен қоғамдық-саяси қызметінің жоғары бағалануы. Осы орайда әріптесімізді зор жетістігімен шын жүректен құттықтай отырып, алдағы қызметіне толағай табыс, мықты денсаулық және жаңа белестер тілейміз. Сонымен қатар аталмыш шарада партияның бірқатар белсенді мүшелері Алғыс хаттарға ие болды.