«Нұр Ғасыр» мешітінің 10 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған ІІІ республикалық «Әдемі әуезді азаншы» жарысы өз мәресіне жетті. Төрешілер шешімімен, Қызылорда облысы, «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің ұстазы Шыңғыс Жаппарханұлы «Әдемі әуезді азаншы – 2018» деген атқа лайық деп танылды.
Бәйге жеңімпазына 1 000 000 теңгенің қаржылай сертификаты мен байқаудың естелік кубогі сыйға берілді. Марапатты жарыс демеушісі Құлғазиев Келбатыр мырза салтанатты түрде табыстады. Айта кету керек, жарыс жеңімпазы атанған Шыңғыстың жасы небары 24-те. Ол – бүгінгі байқаудың ең жас қатысушысы.
Жарыстың ІІ жүлделі орнын «Нұр Астана» мешітінің азаншысы Хадиршаев Салман Абдулхафизұлы иеленді. Елорда мерейін асқақтатқан азаматқа арнайы кубок және Умра қажылығына жолдама берілді. Үздік үштікті қорытындылаған «Мәшһүр Жүсіп» мешітінің азаншысы Темірғалиев Серік (Павлодар) ІІІ жүлделі орынды жеңіп алды. Ол арнайы кубокпен және 300 000 теңге көлемінде қаржылай сертификатпен марапатталды. Өзге қатысушылардан оза шапқан тағы да 2 қатысушы ынталандыру жүлдесіне ие болды. Талдықорған өңірінен келген Ғазиз Нұржол мен атыраулық азамат, «Исатай-Махамбет» мешітінің бас имамы Иманғалиев Ержанға 100 000 теңге көлемінде қаржылай сыйақы және Алғыс хаттар табыс етілді. Байқаудың бұдан өзге барлық қатысушыларына 50 000 теңгеден берілді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<