Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен жиында жылу маусымының өту барысы талқыланды. Жиынға облыстық мәслихат төрағасы, қала әкімі мен жауапты сала басшылары қатысты.
Облыс әкімі жауапты маусымды талапқа сай, үздіксіз өткізу үшін тиісті сала жетекшілеріне нақты тапсырма берді. Атап айтқанда, әлеуметтік нысандардағы жылу режимін тұрақты бақылауда ұстау, тұрғын үйлер мен жеке сектордағы шағымдарға жедел әрекет ету мақсатында кезекші топтардың жұмысын күшейту керек. Сонымен қатар, жылу желілерінде туындаған ақауларды дер кезінде жою және тұрғындарға қолайсыздық туғызбау қажеттігі міндеттелді.
Өңірде жылу маусымында тиісті кәсіпорындар мен әлеуметтік сала нысандарының дайындығы бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп, жоспарланған жұмыс толық орындалды. Қазіргі таңда кәсіпорындар штаттық режимде еңбек етуде.
Қызылорда облысында жылу 8 қазаннан беріле бастады. 1079 әлеуметтік нысан мен орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 909 көпқабатты тұрғын үй толықтай жылумен қамтамасыз етілген.
Жылу маусымының өту барысы облыстық штабтың тұрақты бақылауында.





