Ойпырым-ай, ойпырым-ай! Осындай да дауыс, осындай да үн болады екен. Рас, бұрындары мұндай керемет дауысты Еуропаның опера жанрында айтатын әншілерінен еститінмін. Дәл сондай үнді дәл өзіміздің қаламыздан, нақтырақ айтқанда, алақандай Қызылордадан естимін деп ешқашан ойламаппын. Таңғалдым! Қайта-қайта таңғалдым, әлі де таңғалу үстіндемін. Бес жыл, он жыл, жиырма жыл емес, бақандай қырық бес жыл журналистік ғұмырымда, оның ішінде басқа емес, дәп осы дауысқа, үнге, әнге, әуенге байланысты өнер атты өлмейтін, өшпейтін өрісті саланы жазып, көгілдір экраннан сол саланың қайраткерлері мен майталмандарын, тіпті өнер ауылына енді ғана аяғын апыл-тапыл басып бет бұрған талапты өрендерге дейін назарымнан тыс қалдырмауға тырысып, есім-сойларын қалам ұшына үйіріп, жүздерін жұртшылықпен қауыштырып жүргенде мына сирек кездесетін ғажайып дауыс иесін көрмеппін. Бірақ, бұл білместікке мен өзім ғана кінәлі емес сияқтымын. Кінә – уақытында қалыптасқан жағдайдан. Тиісті сала басшыларының, сол төңіректегі тиісті мамандардың көре білмегендігінен, бір сөзбен түйіп айтқанда «Жібек пен бөзді айыра алмағандықтарынан», яғни ешкімге, ешқандай әншіге ұқсамайтын өзгеше үнді өнер иесін сахнаға шақырмаудан, шақырмақ түгілі, кейбір кездері тосқауыл жасап, кедергі келтіруден. Ал мұндай келеңсіз әрекеттер әрине, өнер адамын өрістетпейді, өсірмейді, тек өшіреді!
Шіркін-ай, бір ғана біздің бүгінгі тілге тиек етіп отырған әншіміз емес, басқа да жастарға дер уағында, жанып тұрған, құлшынып, талаптанып тұрған кезеңінде көп демей-ақ қояйық, кішкене ғана қолдау, сүйеу болса ғой. Онда… Онда біздің өнеріміз бен мәдениетіміздің хал-ахуалы бүгінгіден әлдеқайда әлеуетті, әлдеқайда жоғары, дамыған деңгейде болар еді…
Осы жерде сіз, қадірлі оқырман, ойлап отырған болуыңыз мүмкін, «Біз, қазақтар, мықтымыз ғой, ортамыздан Димашты шығардық» деп. Жоқ! Димашты шығарған, қайталанбас ғажайып даусын біле білген, көре білген, бағалаған, сөйтіп әлемге танытқан Қытайда өткен конкурс, сондағы қазылар алқасы, көзі ашық, көкірегі ояу музыка мамандары. Әйтпесе кім біледі… Димаш оған дейін де өз елімізде ән шырқап жүрді ғой…
Хош, кіріспемнің өзі кереқарыс боп кеткендей. Мәселе, таланттыға дер уағында көңіл бөлініп, қамқорлық танытылмайтындығында. Ашынғаннан ащы даусымның шығып отырғаны. Сол салғырттық, таланттарға деген сол немқұрайлылықтан бүгіндері әлемдік сахна төрінде ән салып, өзге жұртқа ұлтымызды ұлықтатып, мерейімізді тасытып жүретін бір өнер иесін өшіріп алыппыз. Өкінішті! Өте өкінішті! Өйткені мұндай дауыс оннан бір, жүзден бірде емес, мыңнан бірде ғана кездеседі. Мүмкін, миллионнан бірде…
Сонымен өкініштен менің өзегімді өртеп, «әттеген-ай!» дегізіп отырған кейіпкеріміз кім дейсіз ғой. Айтайын. Ол – Гүлмира Төленқызы Байболова. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Педагогика және дәстүрлі өнер» институты қарамағындағы «Дәстүрлі музыка өнері және хореография» білім беру бағдарламасының аға оқытушысы. Міне, мен онымен танысқалы талантына табынып, таңдай қағып, тамсанып жүрген Гүлмира әншінің қызмет түрі осы. Міндет, мақсаты – музыка пәнінің мұғалімдерін даярлау. Болашақ мамандарға вокалдан, яғни ән салудан сабақ береді, үйретеді.
Жалпы білім беретін мектептерге бұрынғы ән-күй пәнінің, қазіргіше айтқанда, музыка пәнінің мұғалімдерін даярлауға жәй, күнделікті ғана, мектеп талабына, бағдарламасына сәйкес әнші де, маман да жарайды. Ал, мынандай… Гүлмираның даусындай, шыңыраудың түбінен зорға дегенде зарықтырып барып, тап-таза, тұп-тұнық, мөп-мөлдір етіп шығаратын кәусар дауыс табылмайды емес пе… жоқ еді ғой. Әттең-ай, әттең-ай, осы кереметті көре алатын, танып-біле алатын бір адамның болмағаны… Білместік, немқұрайлылық…
Басқа не деуге, мәдениет, ғылым, білім, өнер саласындағы басшыларға, мамандарға не айтуға болады?! Осы өзгеше дауысты талант иесі көз алдарында, дәл жандарында жүрді. Сонда үлкен сахнаға шақырса, үлкен концерттерге қатыстырса қайда қалды олар?!
Со-о-лай… Ал енді мен таңырқап, таңғалып отырған Гүлмира әншінің мына ғажайып даусы, ешқандай адамның да, құстың да дыбысына теңестіре алмай қойған керемет үні қайдан шықты? Расында, қайдан шықты?
«Жоқтан ешнәрсе пайда болмайды, бар нәрсе жоғалып кетпейді» дегендей, Гүлмираның нағашылары жүз жырау шыққан киелі Қармақшының кетелері. Оның ішінде Фирдаусидің «Шаһнамасын» қазақ тілінде сөйлеткен әйгілі Тұрмағамбет шайырдың ауылынан. Мұндай құнарлы топырақта тірлік кешкен жандар тегін болушы ма еді? Әлбетте, жоқ! Гүлмираның анасы Құралай осы ауылдағы айтулы Жұқан молданың немересі. Жұқан молда кезінде Тұрмағамбет Ізтілеуұлымен жолдас, сырлас, пікірлес болған. Ал Құралайдың әкесі Алымбек пен шешесі Мақанқызы Ораз біздің күндікке аузымыздың суы құрып айтып отырған кейіпкеріміздің туған нағашы атасы мен әжесі. Гүлмира балдәурен бала күнінде осы текті кісілердің қолында тәрбиеленді. Сонда тұлымы желпілдеген жеткіншектің құлағына құйғаны – домбыраның үні. Иә, атасы Алымбек көктемде күннің көзі жылт етіп шығысымен алты қанат киіз үйін тігіп алып, тал-дарақтардың жасыл жапырағы сарғайып, үзіліп түскенге дейін көшпенді бабалардан қалған сол баспанада қоңыр домбырасын күмбірлетіп отыратын.
Кішкентай Гүлмира осылайша домбыраның дыбысынан рахат тауып, күмбір үніне үйір болып жүргенде жеті жасқа толып, әкесі мен анасы оны оқыту үшін қалаға алып кетеді. №140 мектепке береді. Қызығы, ә дегеннен-ақ оның өнерге әуестігі байқалады. Тұрмағамбет ағайының ән-күй сабағында хор айтқанда үні көптің ішінде ерекшеленіп тұратын. Ол өзгешелікті Гүлмираның өзі жасайтын. Дауысым басқалардан әлдеқайда басым болса екен деп бар күшін салатын. Осындай сәттерде оның ойына үнемі әкесінің қарындасы Мирамкүл мен анасының сіңлісі Ақтолғай түсетін. Иә, осы апалары да ән айтатын. Жиын-тойдың, туысқандар арасындағы мерекелік басқосулардың гүлі болатын. Міне, енді сол әнші әпкелерінің даусы құлағына келіп, жадын жаңғыртты.
Сөйтіп әнге деген әуестігі артып, құштарлығы қанаттанып жүргенде бұларға болашақ мұғалім, әнші Айқын Кенжеғараева педагогикалық тәжірибеге келді. Айқын тек дәріс оқып қана қоймай, сыңғырлаған әдемі даусымен баянда сүйемелдеп балаларға ән де айтып беретін. Әнші апайының әуезді үнін тыңдап қызыққан кішкене Гүлмира енді өз бетінше жеке дауыста ән сала бастады. Ең әуелі мектептің акт залында өткен мәдени шарада шырқады. Сол жиында өздеріне қазақ тілі мен әдебиеті үйірмесінде сабақ беретін ақын, сазгер, ұстаз Ділдахан Торғаева сөз сөйлеп, талапты оқушыларға ізгі тілегін білдірді.
«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, Гүлмираның ән айту жолы осыдан соң-ақ ашылып жүре берді. Өнерге құштар өрен ән айтқысы, ән салудың әртүрлі әдістерін үйренгісі келіп, Пионерлер сарайына барды, сондағы үйірмелерге қатысты. Қатысып қана қоймай, түрлі шараларда шарықтатып ән шырқады. Жақсысы – мұндай талапты балғынды ешкім байқамай қалмады емес, байқады, көрді. Енді ол қалалық білім беру бөлімінің атынан сахнаға шыға бастады. Мұнда Светлана Құдиярқызы апайының айтқан ақыл-кеңесі көп көмегін тигізді. «Қыз сыны – 93» байқауына қатысты. Бұл уақыт еліміздің егемендік алып, ұмыт болуға айналған ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың қайта оралып, жаңғыра бастаған кезеңі еді. Байқау барысында Төленқызы тек ән айтып қана қоймай, осы орайдағы сындарлы сынақтардың баршасынан мүдірмей өтіп, жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Бұл тұрғыда мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін Үкі Дүйсенова апайының сіңірген еңбегі аз болған жоқ.
Осылайша ол көпшіліктің көңілінен шығып, назарына ілікті. Сонан соң облыстық телеарнада өткен «Жас қанат» байқауына қатысып, тиісті тәуір бағасын алды.
Бұл кезде Гүлмира мектеп бітіретін мезгілге таяған-ды. Бір күні әлгіндей байқауларда қазылар құрамында отыратын композитор Рамазан Таймановпен сұхбаттасып қалды.
– Сен қызға педагогикалық мамандық керек пе, жоқ әлде музыканың кәсіби сауатты маманы болғың келе ме? – деді қандай мәселені болса да көлтіктемей тікесінен айтатын Рамазан.
– Кәсіби музыка маманы болғым келеді, – деді бұл өзінің шынайы ой-арманын жасырмай.
– Онда музыкалық училищеге баруың керек!
Байболова осы әңгімеден соң көп кідірмей Қызылорда музыкалық училищесіне (қазіргі Қазанғап атындағы жоғары музыкалық колледжіне) құжат тапсырды. Сынақтардан қамшы салдырмай сырғып өтті. Оқуға қабылданды. Әрине, қабылданады. Өйткені Гүлмирадай таңғажайып дауысты талантты жас ой мен қырда шашылып жатқан жоқ! Ұстазы – Қызылорда өңіріндегі танымал вокалист-маман, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Қаракөз Ақдәулетова.
Иә, Қаракөз апайы Гүлмира вокал класына жыл сайын келіп жататын көп баланың бірі емес, ерекше дауысты дарын екенін бірден байқады. Өзі де әнді білмейтін адамнан білім алған жоқ. Қазақтың бұлбұлы атанған әйгілі Бибігүл Төлегенованың консерваториядағы тұңғыш шәкірті болды. Осыдан да Қаракөздің танып-білгені, бұлбұл әнші-ұстаздан үйренгені, көкейіне тоқығаны аз емес-ті. Енді ол өзінің осынау мол тәжірибесін тарата отырып дауысты қою, үнді музыканың тиісті талаптарына сай етіп үйлесімді шығару, ән салудың және де басқа қыр-сырын бар ынта-ықыласымен балауса шәкіртіне үйрете бастады.
Әнші-ұстаздың үлкен еңбегінің және өзінің де сауатты ән салуға деген құштарлығының нәтижесінде аз ғана уақыттың ішінде Гүлмира біршама биіктерді бағындырды. Көптеген конкурстарға қатысып, талайды таңдай қақтырды.
Өстіп өзгеше даусымен өрлеп, өңірдің ән әлемінде айқындалып келе жатқан аруды училищенің екінші курсында, иә, небәрі екінші ғана курста жалағаштық сүйген жігіті алып қашты. Махаббат деген де бір көзсіз сезім ғой.
Қаракөз апайына бұл жағдай ауыр соқты. Гүлмира келешегінен үл-ке-е-ен үміт күтіп, үкілеп отырған оқушысы еді. Музыкалық училище қабырғасынан өз қолымен ұшырып, консерваторияға оқытамын деп ойлаған. «Сені Бибігүл Төлегенова әжеңе алып барамын» деп айтатын үнемі.
Иә, Қаракөз ұстаздың ойы айнымай келді. Талантты шәкіртін шынында да тұрмыс биледі. Бөпелі болды. Консерватория жайына қалды…
Дейтұрсақ та, Алла тағала сыйлаған ғажайып үнімен қоса, бойында алға ұмтылушылық, білімін, даусын жетілдірушілік, өз-өзіне үлкен талап қоя білушілік секілді өміршең қасиеттері бар Гүлмира бір ғана оқу орнымен тоқталып қалмай, училищеден соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне түсті. Сол бір ақжолтай жылы әйгілі жырау Алмас Алматов Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының шифрімен осы университетте «Орындаушылық өнер» мамандығын ашқан. Сәті түсіп Байболова осы бөлімге қабылданды. Мұнда Миуа Төлегенова, Роза Алисова, өзінің бұрынғы апайы Қаракөз Ақдәулетова сынды білікті де ұлағатты ұстаздардан білім алды. Ән айту өнерінің тылсым сырларына және оны оқушылар бойына дарытудың әдістерін оқып, үйрене жүріп, университетті үздік, яғни қызыл дипломмен бітірді. Сонда мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы болып Алматыдан келген Қыздар педагогикалық университетінің профессоры Шолпан Құлманова Гүлмира таланттың тамаша даусын естіп, «бұл бала Астананың опера және балет театрына баруы керек» деп ұсыныс жазды. Өкінішке орай, біздің талантымыз туған жерден табан аудармады. Себебі – тұрмыс пен отбасы жағдайы. Шіркін-ай деп ойлаймын, Астанадағы опера және балет театрына барып, үлкен сахнада шырқап, әйгілі опералардан ариялар орындағанда, сөйтіп жасындай жарқырап көрінгенде, кім біледі, әрі қарай Италияның Ла-Скала театрына кетер ме еді? Менің бұлайша армандап отырғаным тектен-тек емес! Гүлмира Байболованың барқыт сынды тембрге тұнған таңғажайып үні бұл биікке әбден лайық-ты. Сөйтіп бұл қыз ән салудың ең биік шыңы – опера айтудың, кез келгенге жалын сипатпайтын классикалық шығармалардың шырайын кіргізіп, орындаушылық шеберліктің шынайы үлгісін көрсетер ме еді?..
Қой, орындалмаған арман-қиялды осы жерден «орнына» қойып, енді қазіргі, нақты тірлікке көшейік.
Гүлмира өзі тәмамдаған жоғары оқу орнында оқытушы болып қалды. Содан бері арада аттай сырғып жиырма үш жыл уақыт өтті. Әнші-ұстаз осы кезеңде талай-талай талантты жастарды, музыка пәнінің мамандарын даярлады. Бүгінде шәкірттерінің көбі филармонияда, мектептерде, мәдениет үйлерінде еңбек етіп жүр. Олардың арасында халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары болғандар аз емес. Педагогикалық қызметіндегі алғашқы шәкірттері әншілік қана емес, сазгерлік жағынан да жақсы танылған Гүлнұр Нұрасылова, облыстық филармониядағы Арайлым Мұқамбетжанова, Айбек Теңізбаев, Тілектес Іңкәр, Аяулым Молдабекқызы сынды лауреат түлектерін мақтан тұтады.
Дауыс мүмкіндігі байқалған, ән салуға деген таудай талабы бар балаларды көрсе қай кезде де тыным тауып отыра алмайтын Гүлмира 2018 жылы жеке бір кабинетті жалға алып, кішкентайларды ақылы негізде вокал бойынша оқытып, дайындады. Айтарлығы, сол талапты балғындардың біразы әлгіндей халықаралық және республикалық сындарлы сайыстардың лауреаттары атанып, сонан соң музыка колледждеріне, консерваторияға грант негізінде оқуға түсті. Ұстазға мұнан артық қандай жетістік, қандай қуаныш керек! Үкілі үміттің, моншақтап төккен маңдай тердің тәтті жемісі – міне, осы! Жақсылық Нұрсәндібек, Нұрдәулет Әлиханов, Айару Сейдолла, Әмір Ыдырысовтың алдағы уақытта білімді де талантты вокалистер болатынына сенім мол. Сондай-ақ осы студияда дәріс алған, әлі мектеп қабырғасындағы Хайри Искакова мен Зейнамаш Нұрай да лауреаттар. Бұл өрендердің көздегендері – болашақта музыкалық білімдерін байытып, кәсіби маман болу. Күткен үміт зор.
Қай кезде де кабинетте қол қусырып қарап отыра алмайтын, жаны да, жүрегі де тек ән, әуен деп соғып, соны ғана қалайтын, бар мақсаты жеткіншектердің музыкалық сауаттылығын жетілдіре түсу болған ұстаз 2019-2022 жылдары «Дәстүрлі өнер» институты директорының орынбасары қызметін атқарды. Бірақ, мұндай басшылық жұмыс өзінің қолы емес екенін түсінді. Сөйтті де ол шаруаны өзге әріптесіне тапсырып, балаларға бірыңғай ән үйретуге, әннен сабақ беруге, баулуға көшті. Уақыт өте берді…
Негізінен Гүлмира вокал пәнінен дәріс береді. Мұны жазбамыздың өн бойында айтып отырмыз. Ол сонымен қатар хор класына жетекшілік жасайды. Бұл бағытта да талантты оқытушының қол жеткізген табыстары баршылық. Бір топ, отыз баланың басын қосып шырқату оп-оңай емес, әрине. Осы орайда уақытпен есептеспей жұмыс жасауының нәтижесінде Төленқызы өткен жылы үлкен жетістікке ие болды. Сәуір айында Студенттер сарайында болған есепті концертте Гүлмира ұстаз жетекшілік еткен хор ұжымы өте тамаша, бүгінгі өскелең ұрпақтың талабына сай сауатты да тартымды, мазмұнды өнер көрсетті. «Әуелеген ән мен хор» атты кеш барысында қазақ, орыс, басқа да алыс, жақын шетел композиторларының шығармалары мен вокалдық туындылары, опералардан ариялар шырқалды. Оқытушылар мен студенттердің бірлескен еңбегі нәтижесінде өткен бұл шарада әрбір шығарма шеберлікпен орындалып, көрермен қауымның шынайы сүйіспеншілігіне бөленді. Атап айтарлығы, хор тұрғысындағы мұндай жетістік университет тарихында бұрын-соңды болмаған екен.
Вокалист ұстаздың қуанатын тағы бір жетістігі – сол концерттен соң көп өтпей-ақ болған «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты фольклорлық-музыкалық өнер фестивалінде төрт шәкіртінің белгілі композитор Рамазан Таймановтың «Қорқыт гимні» әнін әуелете шырқап, көпшіліктің көңілінен шыққаны.
Ал енді Гүлмира ұстаздың, жай ғана ұстаз емес, ерекше дауысты әнші-педагогтің ширек ғасырға жуық жасаған еңбегінің өтеуі, яғни марапаттары қандай дейсіздер ғой? Оның ең үлкені – университеттің «Қорқыт ата атындағы алтын медалі» мен осы оқу орнының «Үздік оқытушы» деп аталатын медалі екен. Сонан соң Білім және ғылым министрлігінің, облыс әкімдерінің Алғыс хаттары, бірқатар мерекелік төсбелгілер…
Ұят-ай! Тілің күрмеліп, жүзің қызарады. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген осы! Репертуарында дастарқан басында айтудан аспайтын төрт-бес қана туынды бар, тіпті ауылдың алты ауызынан ұзап шырқай алмайтын базбір әншісымақтардың кеуделері сыңғырлаған орден-медальдарға толып масайрап жүргенде, біз әңгімемізге арқау етіп отырған мыңнан бірде кездеспейтін сирек дауысты әншіде, ұлағатты ұстазда ауыз толтырып ұялмай айтатын мемлекеттік бірде-бір марапат жоқ екен.
Бұған не деуге болады?!
Ән қоржынында мюзикл оперетталары мен шетел және қазақ композиторлары операларының ариялары, сондай-ақ ұлт сазгерлерінің шығармалары бар Байболова туған жер төсін таңғажайып үнімен тербеп келеді. Үлкен талант, әрине, үлкен сахнаны армандамайды емес, армандайды.
Гүлмираның дауысын біреулер каларатуралық сопрано, ал өзі драмалық сопрано дейді. Мейлі, қандай сопрано болса да, әйтеуір бұрын-соңды бұл өңірден біз естімеген керемет!
Қазақтың қара сөзінің майын ішпесем де, жілігін шағып жүрген менің кестелі тілім кейіпкеріміздің дара дауысын қаламмен жазып сипаттауға жетпеді, білем. Өйткені дауыстың құнары мен қуатын, бояуы мен өрнегін танып, таңғала отырып ләззатқа кенелу үшін тек орындаушыны тыңдау керек!
Иә, Гүлмира әншіні тыңдау керек!
Несібелі РАХМЕТ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі





