Әнге ғашық адам…

1799

0

Ол Сексеуіл ауылдық клу­бының меңгерушісі еді. Клуб­тың күнделікті жұмысы мәдени іс-шаралардың арасында ән өнерін әдемі деңгейде әл­пеш­теп, сазын салтанаттап сах­наға шығатын.


Ән айтқанда жа­нарынан жалын атып, әл­дебір алысқа көзін тігіп, тың­даушысын үнмен тербетіп, әуенмен ас­қақтатып, жүрегімен жан бе­ріп, ешкімге ұқсамайтын дау­сымен, көңіл көмкеріп тәтті иірімнің таңғажайып үлгісін тамырлата білетін. Ол ән боп асқақтап, ән боп әуелеп, ән боп өмір сүретін. Халық әндерінің қадіріне жетіп, ән тарихының оқиғасын өне бойынан өткеріп кемелдете, мәнерлете ән өнері мәңгілік екенін, адами заттың арман-мақсатын үлгілеп айтып отыратын.


Шуағы мол адам еді, қайран Сейтқали аға… Ол ән айтқанын абырой көретін, көрерменнің алдына шыққанын атақ көретін. Даңғаза мадақтардан қашқақтап, «қойшы соны» деп тыйып тастайтын. Бірде Сейтқали ағамыз «Оңталап, ән аманатым сенің қасыңда жүр, көз қырыңды салып қоярсың, бала ғой, бастауы бар екенін білесің» деп қоңырау шалғаны бар. «О-о, Сәкесі, Сәкеннің сәні мен әніндей сал­танатыңды осы Нұрболатың жалғастыратын болады. Әлі бәрін көзіңізбен көресіз» деп телефонда амандасып, теле­фонда қоштасқан болатынбыз.

Сейтқали Сейтмұратов – бір­туар талант, Арал аспанында ән әуелеткен азамат. Сексеуілде тұрып, өнер өрнектеген, аза­маттық арайын көпке түсіріп, Құдай берген қасиетін ән ми­уасына айналдыра білген, қа­сиет кенері ән болып тасыған асыл аға еді.

Қазір баласы Нұрболат Астанада өз өнер түндігін ашып, өмір сәулелеп жүр. Ол да Сейтқали ағамыздай әнге ғашық. Әнші бейнесі сана көгімізде жарқырай берсін.

Оңталап Нұрмаханов,


ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, ақын,
Режиссер

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<