Әзизаның әсем әлемі

5477

0

Жуырда қаламыздың сәулетіне сән қосқан жаңа ғимарат – «Өнер орталығы» ашылғаны белгілі. Осынау салтанатты жиында өңір мәдениетінің дамуында өзіндік қолтаңбасы бар өнер саласының өкілі Әзиза Іздіқұлова Қызылорда облысының Құрмет грамотасын иеленді.

Ол – бүгінде облыстық филармония басшысының орынбасары. Негізгі мамандығы – хор дирижері және өнертанушы. Біз бер жағынан тамашалап, көңіліміз серпіліп қалатын концерттер, әдеби композициялық қойылымдар, спектакльдер, өнер байқаулары сияқты іс-шаралардың сахнаға шығуына дейінгі сан алуан жұмыстарында бұл мамандардың еңбегі зор.

Аймақтың мәдениет саласына жап-жас күнінде келіп, жұмысы қым-қуыт саланың ыстық-суығына да үйренген маман, әрдайым ізденісте, біліктілігі мен тәжірибесін жетілдіріп отырды. Өйткені бүгінгі уақыттың өзі соны талап етеді. Осындай тынымсыз еңбегінің, шығармашылық қабілетінің арқасында ол сценарий жазу, сахналық қойылымдарға режиссерлік жасау сияқты жауапты жұмыстардың қыр-сырын меңгеріп алды. Айталық, өткен жылы «Арман» инклюзивті театрының тапсырысымен жазылған «Көршілер» спектаклі Ә.Іздіқұлованың режиссерлігімен алғаш сахналанды. Қарапайым өмір қалыбын бейнелейтін қойылым көрермен көңілінен шықты. Әйтсе де мүмкіндігі шектеулі жандардың мүмкіндігін ашып, өмірге деген құштарлығын оятып, сахнаға алып шығу оңай болмағанын аңғару қиын емес.

Бұған  дейін ХІ аймақтық азаматтық форум аясында облыстағы «Үкіметтік емес ұйымдар альянсы ассоциациясы» бірлестігінің төрағасы Анар Ізденнің шығармасы бойынша Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті студенттерінің қатысуымен «Студенттер сарайында» сахналанған «Жұма кеші» («Вечер пятницы») спектакліне режиссерлік жасады. Жалпы ол жастар тәрбиесіне қатысты түрлі тақырыптағы қойылымдарды дайындау барысында қазіргі буынның алдындағы күрделі сауалдардың шешімін табуға күш салады.

Кешегі елді есеңгіретіп кеткен пандемия кезін әлі ұмыта қойғанымыз жоқ. Ал осы уақытта облыстық филармония онлайн концерт ұйымдастырып, көңілі алаң халыққа ерекше қолдау көрсеткен еді. Өнер жолында жүрген жандар үйде отырып-ақ, аймақ тұрғындарына рухани тұрғыда күш-жігер берді. Айталық, поэзия жанры бойынша ақын-жыраулар, домбыра, баян, қобыз сынды халық аспаптарында дәстүрлі әнші-күйшілер, пианино, скрипкада кәсіби музыканттар өнер көрсетіп, өңір тұрғындарының сол бір елең-алаң шақтан еш сыр бермей, аман шығуына тілектестік танытқанын көз көріп, көңіл сүйінген болатын.

– Осы бір кезеңде өзіміздің де ойымыз сан-сақта, үрей құшағында жүрдік. Әлеуметтік желі бетінен күн сайын жанды ауыртар жаманат хабар еститін едік. Егер үмітсіз, әрекетсіз отырсақ, еңсеміз езіле беретін түрі бар. Сондықтан күш-жігерімізді жинап, қиындыққа қарсы тұруды ұйғардық. Өнер арқылы халықтың рухын көтеріп, келешекке деген сенімін нығайтуға тырыстық. Ойлап отырсам, сол кезеңде 8 онлайн жоба дайындаппын. Бұрын-соңды тәжірибеде жоқ, тың бастама, орындап шығу оңай болмады. Дегенмен өнердің туын жықпай, қай кезде де алғы шептен табылатын әріптестер ұйымшылдықпен жұмылып, сәтті жүзеге асырды. Жобаларымыздың нәтижесі болар, жаны тыншыған, көңілі серпілген жұрт алғысын жаудырды, – дейді Әзиза Іздіқұлова.

Иә, ол аймақта ұйымдастырылған республикалық, халықаралық байқаулардың өз деңгейінде өтуіне шынайы жанашырлықпен, зор жауапкершілікпен үлесін қосып келеді. Сонымен қатар, өнер, шығармашылық бағытында Ресейдің Орынбор, Астрахань, Қазан өңірлерінде болып, мәдениеттің айналасындағы ортақ мәселелерді талқылауға қол жеткізді. Ал биыл облыс әкімінің мәдениет саласы мамандарына жасаған қолдауымен Беларусь елінде болып, тәжірибе алмасып қайтты. Сол сапарлардан ойына түйгені, біздің Сыр бойында рухани құндылықтың сарқылмас қазынасы бар. Тек соның түпкі сарынын,  нақышын өзгертіп алмай, бүгінгі көрерменге ұсына білу.

Жақында ғана облыс орталығында, А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен Сырдың талантты қыздары Асылзат Арыстанбек пен Жанар Болатбектің «Өзіңдей дос» аталатын шығармашылық кешінде осы авторлардың «Сағынамын», «Жаным, апа» атты әндерін орындап, өзіндік бояуы бар қоңыр дауысымен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Бұл кейіпкеріміз Әзиза Іздіқұлованың он бес жылдан кейін сахнада ән шырқауы екен.

– Негізгі міндетім – филармония басшысының орынбасары, яғни, әкімшілік, ұйымдастырушылық жұмыстар. Соның арасында жүріп, шығармашылыққа уақыт бөліп, түрлі тақырыптың аясында идея тауып, сахналық қойылымдарды дайындау қажет, – деді кейіпкеріміз әңгімесін әрі қарай сабақтап.

– Қазіргідей, мәдени кеңістікті плагиат, фонограмма шоу бағдарламалар сияқты интернет өнімдері жаулап алған заманда академиялық өнер, жанды дауыс, дәстүрлі орындаушылық, бір сөзбен айтқанда, шоқтығы биік саф өнерді сақтап қалу қиын. Сол үшін бар жігерімізді сарп етіп, тың идея ойлап тауып, қолда бар дүниені жаңаша сипатта дамытып, көрермен талғамына сай ұсынуға күш саламыз. Әрине, бұл орайда әрдайым ізденіс үстінде болу керек. Идея туындау үшін шабыт керек. Заманмен бірдей адымдап отыру да оңай емес. Бір қазанда қайнай берсе, яғни, ізденіс болмаса, жаңашылдыққа ұмтылмаса, адам сарқылады. Сондықтан шетелдерге шығып немесе еліміздің өзге өңірлерімен байланыса отырып, өнер тақырыбында тәжірибе алмасудың да өзіндік әсері бар. Қандай да бір іс-шараны дайындауда жаныңды салып, жақсы дүние шығаруға тырысасың, сондай-ақ ол қашан көрерменге жеткенше көңілің байыз таппайды. Бірақ дайын концерт жарқ етіп сахнаға шыққанда, көрермен қошеметіне бөленген сәтте осыған дейін бастан өткерген барлық қиындықты ұмытып кетесің, – дейді ол.

Мәдениет саласындағы отыз жылға жуық еңбек жолында  шығармашылық пен ұйымдастырушылық жұмыстарды қатар алып жүрген білікті маман аймақ руханиятының дамуына айтарлықтай үлесін қосты.

Еткен еңбек еш кетпейді. Бүгінде өнер саласының белді өкіліне айналған Әзиза Іздіқұлова – Мәдениет саласының үздік қызметкері. ҚР Мәдениет министрлігінің Құрмет грамотасының, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері. Сондай-ақ әр жылдардағы өңір басшыларының Алғыс хаттарын иеленген.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<