Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәжілісмендер алдында ҚР кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қорғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Министрдің айтуынша, заң жобасы елдің қабылданған стратегиялық құжаттарына сәйкес, туристік саланы мемлекеттік реттеуді жетілдіруге, сондай-ақ ұзақ мерзімді кезеңге арналған Қазақстанның экономикалық даму басымдықтарының бірі ретінде туризм саласын дамыту үшін қажетті құқықтық база құруға бағытталған.
«Заң жобасымен қолданыстағы заңнамаларға бірқатар бағыт бойынша түзету енгізу жоспарланып отыр. Атап айтқанда ұғымдық аппаратты жетілдіру, туризмді жіктеу, саланы мемлекеттік қолдауды құқықтық реттеумен байланысты нормаларды қайта қарау көзделген. Мемлекеттік реттеу, атаулы мемлекеттік қолдауды жүзеге асыру тұрғысынан маңызды мәселенің бірі – туристік қызметтің қазіргі түрлері мен бағыттарын нақты жіктеудің жоқтығы. Осыған байланысты туристік кластерді дамытудың стратегиялық жоспарын, сондай-ақ туристік қызметтің жекелеген бағыттарын іске асыру мақсатында заң жобасында туризмді жіктеу көзделген», – деді министр.
Сондай-ақ министр Басым туристік аумақ (БТА) ұғымын енгізуді ұсынды.
«Басым туристік аумақты енгізу – заң жобасының негізгі новелласы. Басым туристік аумақ құру мақсаттары: синергетикалық әсер есебінен туристік нарықта аумақтың бәсекеге қабілетін арттыру, туристік кластерге кіретін туристік ұйымдар жұмысының тиімділігін арттыру, ресурстарды (материалдық, зияткерлік) туризмді дамытудың неғұрлым перспективалы нүктелеріне шоғырландыру. Басым туристік аумақ – туристік салаға инвестиция мен халықаралық стандарттарды енгізуді көздейтін іс-шаралар кешені. Аумақты (географиялық шекараларды) ҚР Үкіметі айқындайды», – деді ол.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<