Қарақат салған ән қандай!

564

0

Қарақат салған ән қандай! Сыр топырағынан түлеген таланттар шоғырының шоқтығы несімен биік? Әрине, ұрпақтар жалғастығымен, тұма бұлақ бастауынан қанып ішкен өнерпаздар ізбасарларының қалыптасуымен жарасымды. Жас таланттардың жыл сайын өтіп жатқан халықаралық, республикалық,  облыстық  шығармашылық байқауларынан оза шауып, елден  ерекшеленіп  тұратындығымен асқақ. 

Өнер әлеміне қанат қаққан жас дарындардың талабын шыңдайтын бірегей жоба – «Бала дауысы» ұлттық балалар ән байқауы биыл үшінші маусымын бастаған еді.  Еліміздегі бала­лар арасында өтетін ең ауқымды конкурсты осы жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры қолдады.

Ұйымдастырушылар музыкалық және шығармашылық қабілеті бар балаларды анықтау және оларға қолдау көрсетуді мақсат тұтып отыр. Қызылорда қаласындағы №3 мектеп-гимназияның оқушысы Қарақат Базарбай онлайн-іріктеуден өткен талапкерлер қатарында болды.  Байқауға 8-12 жас аралығындағы балалар қатысып, үздіктері супер финалға жолдама алды. Қарақат байқаудың бұған дейінгі маусымдарына да қатысқан. Биыл іріктеуден өтіп, Майра Ілиясова, Жеңіс Сейдуллаұлы, Әсет Арыстанбек қазылық жасаған сынақта үздік өнер көрсетті. Қазылар алдында әлемдік поп-музыканың жарық жұлдыздары Уитни Хьюстон, Лара Фабианның репертурындағы «A Song For You», «Adagio» сияқты дауыс бояуын, қуатын көрсететін туындыларды орындап шықты. Ұстазы Бағдагүл Есмұрзаева осындай әндермен жаттықтыру арқылы шәкірттерінің талабын шыңдап келеді. Қазір Қарақат  – облыстық халық шығармашылығын дамыту және продюсерлік орталығы жанындағы «Сыр сандуғаштары» тобының солисі. Бірнеше халықаралық, республикалық, облыстық шығармашылық байқаулардың жүлдегері.  Репертуарында әсіресе, патриоттық әндер көбірек.    

Алдағы уақытта еліміздің 18 үздік дауысы Алатаудың баурайында орналасқан «Бөбек»  Ұлттық орталығындағы  «Жұлдызды арман» үйінде  бас қосады. Күнделікті кәсіби музыканттар, хореографтар, стилистер балаларды супер-финалға  дайындайды. Қарақат үшін ең жауапты кезең енді басталғандай. Барлығы 6 әнді – 3-ін өзі, 1 әнді дуэтпен, 2 әнді эстрада әншілерімен бірігіп айтуы керек. Әзірге халық әні «Дайдидауды»,  тағы бір авторлық және ағылшын тіліндегі әнді орындауға дайындалуда. Ал қалғанына алматылық кәсіби мамандардың қолдауымен әзірленбек.  

Бүкіл ел өз сүйікті қатысушысына дауыс беретін сындарлы сәт  әлі алда. Байқаудың барлық кезеңдерін кәсіби қазылар алқасы және смс-дауыс беру арқылы телекөрермендер бағалайды. Барлық финалистер арнайы сыйлықпен марапатталса, ең үздік деп танылған «Бала дауысы» еліміздің таңдаулы музыкалық білім ордасында оқуға  грант, ертегі әлемі – «Диснейлендке» сая­хат жолдамасын иеленеді.

Өнер жолындағы ең шешуші сапар алдында тұрған Қарақатқа ақ жол тіледік. Сыр өнерінің ұшар биікте самғаған туын одан әрі желбірете бергейсің!

Е.АЯН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<