Аспанында қалықтап қалған ән

2328

0

Композитор Кеңес Дүйсекеев туралы толғам

Әркімнің жанын бесікке бөлегендей тербететін ән деген әлемнің тылсымына бала кезінен батқан Кеңес Дүйсекеев осы өнердің өр шыңына шыққан бірегей тұлға болды. Оның есімін білмейтін, оның әнін шырқамайтын қазақ жоқ.

Бұл биікке әрине, ұзақ-сонар жолмен жүріп жетті. Әкесінен бес жасында айырылды. Ол бір суреті жоқ заман екен, асыл адам бейнесінің қандай екенін де елестете алмайды. Еміс-еміс сөздері есіне түседі. «Балам, сен Жалаңтөс баһадүрдің тегіненсің» деуші еді. Алтын зұлпықарын сермеген Жалаңтөс қазақтың зар-мұңын жеңем деп алысқан алып батыр екен, соны білгенде кеудесін бір рух көтеріп әкетті.

Жастайынан Алматыға аттанды, үлкен қаладағы мек­теп-интернатта оқыды. Одан әрі музыкалық училищеге, онан соң Алматы мемлекеттік кон­серваториясына түсті. Училищеде Қазақ КСР халық артисі, профессор А.В.Бычков­тан, консерваторияда қазақ эпостарына опера жазған атақты Е.Г.Брусиловский, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері Л.Хамиди, КСРО халық әртісі Ғ.Жұбанова секілді өнер ғұламаларынан сабақ алды.

1980-1990 жылдар аралы­ғын­да қатар өскен, талас­а ән жазған – Сейдолла Бәйтереков, Тілес Қажығалиев, Кеңес Дүйсекеев үшеуінің аты тең танылды. Олар қазақ эстрада ән жанрына түрен­нен жол ашып, жаңалық алып келді.

Кеңес Дүйсекеев «Қара­көз­айым», «Домбыра туралы баллада», «Сәлем саған, туған ел!», «Өкінбе сен» секілді алғаш­қы әндерімен-ақ қалың елдің ыстық ықыласына бөленді. Бұл әндерді Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева секілді белгілі эстрада әншілері орындады, тіпті осы әндер арқылы олардың аты асқақтап кетті.

Ол кезде бүгінгідей ән жазған екінің бірі композиторлар одағына мүше бола алмайтын. Кеңес Дүйсекеев отыз жасында КСРО Композиторлар одағының мүшесі атанды. Одаққа мүшелікке өту үшін арнайы біліміңе қоса  классикалық жанрларда жазған бірнеше үлкен шығармаң болуы тиіс еді. Оны Мәскеуге жібересің, олар шығарманы оркестрлерге салып орындатады. Мүйізі қарағайдай мамандар басын қос қолдап ұстап отырып тыңдап, авторды одаққа аламыз ба, жоқ па деген мәселені ортаға салады. Дүйсекеев осы сыннан сүрінбей өткен ғой, сонда оның жүз жиырмадай музыканты бар оркестрдің үлкен құрамына арнап жазған симфониясын орыс музыка өнерінің өкілдері еріксіз мақұлдапты.

 Кеңес ағамыз өте еңбекшіл еді, өзінің бірегей, биік деңгейіне жету үшін жеке тірлігінің бәрін тәрк етіп, музыка музасымен ғана өмір сүрді. Ол жеңіл-желпілікті жек көрді, ұнатпағанын бетке айтатын турашылдығы туабітті мінезі болатын. Анығында, ол өнер тазалығы үшін өмір бойы күресіп өтті десем де болады.

Мен 1985 жылы Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық училищеге түстім. Кеңес ағамен сол кезде таныстым. Сонда ағамыз Қазақ телерадиосының эстрада-симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері екен.

Студент кезімде жазған «Сен мені іздедің деп кінәлама» деп аталатын әнім бар еді. Кеңес аға сол әнімді тыңдап көріп, оркестрге қосамыз деді. Әннің партитурасын жазып шықтым. Бұл – әнді оркестрдегі әр аспаптың үніне жеке-жеке қосу деген сөз. Шындығында, партитура жазуды Кеңес ағадан үйрендім. Сол әнді оркестрмен әнші Бақыт Шадаева орындап шықты. Осылайша, менің де атым атала бастады. Дәл сол кезден бастап Кеңес ағаның туғанындай болып кеттім. Ол мені жерлес есебінде ғана емес, өзімен үндес шәкірті есебінде көбірек жақсы көрді. Үйдегі Баян апамызды рулық жағынан жақын тартып, жезде есебінде еркін сөйлесетінмін. Кейде ағамыздың шалт ашуы бар, бұл жағынан мінезімізде де ұқсастық болатын. Алайда, ағаның ашуы соншалықты жұмсақ, «шайы орамал кепкенше» дейтін ашу.

Жалпы, ол кісінің бойында ұлы адамдарға тән сирек мінездер жиі көрініс беретін. Кейде дана, кейде бала. Ал, білімі жағынан терең. Дәулеткереймен дәуірлес, Құрманғазымен қоныстас кісі­дей сөйлеп бергенде былай дейтін ешкім жоқ. Сосын Гайдн, Моцарттарға қарай тартып кете береді. Сонша білімді бір бойына сыйғызып, өзін озық санамай қа­тары­мызда ойнап-күліп жүретін қара­пайымдылығы да – бір даралығы.

Жұрттың көбі Кеңес ағаны тек ауызда жүрген әндердің авторы есебінде біледі ғой, ал, оның көптеген классикалық жанрдағы шығармалары өз алдына бір әлем. Сол шығармалары Еуропаның бірнеше мемлекетінде өткен кон­курстарға қатысқан. Соның бірі – «О, туған жер!» деп ата­латын хорға арналған акапеллалық шығармасы. Мұндай дүниелерді санамалай берсе көп, әрине.

К.Дүйсекеев «Толғау» симфо­ниясының, «Жалаңтөс батыр» симфония поэма-картинасының, «О, дүние!» кантатасының, «Жыл мезгілдері» романстар циклі­нің, «Мәди», «Аққу Жібек» мюзиклінің, «Алдар көсе» опе­рет­­тасының, симфония-кон­церт­тер, аспаптарға арналған кон­­церт­тер, камералық оркестрге ар­налған шығармалар, соната, рап­содия, вариациялар және екі жүз­ден астам әннің авторы болды. 

Шындығында, тыңдарман үшін Кеңес аға әр жүректің сезім күйіне оранған көркем әндерімен қымбат. Бір ғана «Қарағым-ай» әнінің өзі – баяғының бәсімен құны қырық нарға жүк болатын жауһар. Жақында осы ән Димаш Құдайбергеннің орындауында күллі әлем тыңдарманына жол тартты. Осыны тыңдағанда Кеңес ағаның әндері орындаушысын тапқан сайын түрленіп түлей түсетін, ғұмыры ғасырлық өлшемдерге сай туындылар екенін тағы бір мойындатты.

Осындай үлкен жүректі адам туған жерін шексіз сүйе­тін перзенттік махаббатын әр­дайым іспен дәлелдеді. Аудан көлемінде қолға алынып, кейін тоқтап қалған Роза Бағланова атындағы «Ақмаңдайлым» ән­шілер кон­курсының облыстық дәре­жеде өткізілуіне тікелей бастамашы болды. «Бозторғай», «Жас ­қанат» республикалық кон­курстарының қазы­лар алқасында отырды. Қостанайда балалар шығар­машылығына арналып өткізіліп жүрген «Алтын микро­фон»  байқауына келетін шетелдік қазыларға да өзі төрағалық жасады.Мұнысы ол кісінің басқалардан бір бас озық білімділігінің белгісі болатын.

Өсіп келе жатқан талантты бала­ларды көргенде балаша қуанатын. Қызылордадан сыртқа шы­ғып, өнерден озып бәйге алған бір жастың атын естісе, дереу телефон соғып, бізді құттықтайтын.

2006 жылы Кеңес ағаның 60 жылдық мерейтойына орай Қызылордада облыстық мәдениет басқармасының үйлестірумен жастар шығармашылығын шың­дау, жас таланттарды таныту мақсатында «Туған жер» деп аталатын композиторлар мен әншілер байқауы қолға алынды. Әуелі бес облыс арасында өткізілді. 2008 жылдан ол Кеңес Дүйсекеев атындағы  респуб­ликалық әншілер кон­курсы болып кеңейтілді. Осы байқаудан қаншама өнерлі жастың тұсауы кесілді. Шаттық Ешниязова, Ринат Үсенов, Саламат Әбутәліпов секілді Сыр елінің талантты жас әншілері әр жылдары байқаудың бас бәйгесін иеленді. «Туған жердің» беделі де, бәйгесі де «Жас қанат» байқауынан артып түсті. 

2018 жылы «Туған жер» әншілер конкурсы 2020 жылдың сәуір айында халықаралық дәрежеде өткізілетін болып шешілді. Осыған байланысты барлық ұйымдастыру жұмыстары атқарылып, Қазақстаннан басқа 9 мемлекеттен қатысушылар келетін болып қарбаласып жатқанда төтеннен киліккен пандемия жол кесті. Енді бұл дүбірлі өнер тойы келер жылы Кеңес Дүйсекеев ағамыздың 75 жылдығы қарсаңында қолға алынады деп үміттенеміз.

«Адамдар өмірге қонақ екен, шынымен бұл дүние шолақ екен» деп Кеңес ағамыздың өзі сұлу әніне қосқандай, енді міне,  еңсемізді есікті қақпай кірген бір мұң тұқыртып-ақ тұр. Жазуы бар, озуы бар дүние ағамызға сол күнді көруге жазбады. 

Асыл ағамыз, туған жерінің туымы ерен тұлғасы, көрнекті композитор Кеңес Дүйсекеев еңбегіне сай атаққа да кенде болмады.  ҚР  Еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің профессоры, «Құрмет», «Парасат» орден­дерінің иегері, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының мәдениет саласы бойынша мемлекеттік степендия иегері, Қазалы ауданының құрметті азаматы атанды. Берілсе, мұнан басқа атақтар да жарасар еді. Бірақ, хас дарынның өлшемі қолдан берілетін атақ емес, халықтың ықыласы мен сүйіспеншілігі.

Кеңес Дүйсекеев десе, елең етпейтін кім бар?! Осы күн­нен бастап қазақ ән өнерінің өр тұлғасы о дүниеге емес, хал­қының жүрегіне көшіп алғандай көрінеді. «Тірліктің талай гүлі солғанменен, тағдырдың талай мұңы болғанменен, өмірге келгеніңе өкінбе сен» деп сұлу бейнесі күлімдеп тұрғандай. Кеңес ағаның бір әнінің сөзі осылайша рух сыйлайтын. Маған ол осы бір әндегі мәннің өзі ортамыздан кеткен соң ашылатынын білгендей әсер береді. Өйткені, Кеңес ағаның шығармаларында пәндәуи жеңіл мән кездеспейді, уақыт өткен сайын жарқырай беретін жан иірімінің тереңіндегі інжу-зүмреттей бір қымбат дүниелер көз арбайды.

Мәңгілік мекенің жұмақтың бақшасынан бұйырсын, текті аға!

Рамазан ТАЙМАНОВ,

композитор,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

«Құрмет» орденінің иегері,

Қызылорда қаласының

құрметті азаматы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<