Ауыл мәдениетіне қолдау жоғары

1087

0

Жуырда Жанқожа батыр ауылдық мґдениет үйінің директоры Марат Жақсылықовпен тілдес­кен едім. Білгеніміз, биыл өзі басшылық жасайтын ауылдық мґдениет үйін ағымдағы жөндеуден өткізуге 14,685,9 теңге бөлініпті. Қаралған қаржыға ғимараттың шатыры толық ауыстырылады. Сыртқы қабаты түсіріліп, сґнді сылақпен қайта сыланады. Есіктер жаңартылып, 4 бөлменің еденіне кафель салынып, жоғарғы беті армстронгпен қапталады екен. Тілектестігімді білдіріп, шынайы қуандым.

Осыдан біраз уақыт бұрын, яғни, 2014 жылы Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйінің ғимаратына күрделі жөндеу жасалып, жылу жүйесі қайта жүргізілген болатын. Соның арқасында еңселі мәдениет ошағының іші қақаған қыс мезгілінде де ұядай жылы. Аудан, ауыл әкімінің жылдық есеп беру жиыны кей жердегідей мектепте емес, ауылдық мәдениет үйінде болады. Ауыл мәдениетіне деген жанашыр көзқарас жалғаса берді. 2016 жылы музыкалық дыбыс күшейткіш аппаратура алынды, кеңсе жиһаздарымен толықты. Енді ағымдағы жөндеу жүреді деп күтілуде.

Мемлекеттің жанашыр көз­қарасын жете сезінген Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйінің ұжымы да жақсылықтың қарымтасын шынайы өнер, жоғары жетістікпен қайтаруды көздейді. Жаз мезгілінде өнер ордасының ауласына бас сұқсаңыз, саяжайда жүргендей сезінесіз. Күн сәулесі қалың жапырағынан әзер көзге шалынатын көлеңкелі талдар, жеміс ағаштары кеудеңді рахат күйге бөлейді. Ерінбей санап шықтым. Бұл жердегі қара талдың өзі 200 түп екен. Оған жұпар иісі аңқыған Бұқар жидесін, өрік пен шие ағаштарын қосыңыз. Сондай-ақ, арнайы орынға егілген әсем гүлдер – ерен еңбектің нәтижесі. Жасыл желегі жайқалған аулаға жарық шамдар ерекше шырай беріп тұр.

Марат Жаңабайұлы «көркемөнерпаздар үйірмесі мүшелерінің қатысуымен ақылы негізде түрлі шаралар өткізіліп, мәдениет үйіне керек-жарақтарға жұмсаймыз» дейді. Бұл ауылдағы мәдениет майталмандарының ауызбірлігін, директордың іскерлігін танытады.

Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйі 1981 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі таңда ән, би, драма, терме үйірмесі жұмыс істейді. Ауылдық мәдениет үйі туралы сөз қозғалса, алғашқы директоры – Жанділдә Баймұратов туралы айта кеткен абзал. Ізденімпаз да кәсіби шеберлігі жоғары Жанділдә ағамыз ауыл өнерпаздарын жиып, көркемөнерпаздар үйірмесін құрды. Үйірме мүшелері көптеген мәдени шаралар ұйымдастырып, халық назарына ұсынды. Арада жыл өте мәдениет үйі жанынан драма үйірмесі өз жұмысын бастады. Талаптары бөтен болған жоқ. Аудандық драма үйірмелері байқауына қатысып, жүлделі орыннан табылып жүрді.

Жанділдә Баймұратовтан соң ауылдық мәдениет үйіне айтыс­кер ақын, дәстүрлі әнші Толғай Дүнкеев, көпшілікке есімі жақсы танымал әнші Ғани Дәрмағамбетов басшылық жа­сады. Екі азамат та Жәкең салған өнер сүрлеуін даңғыл жолға айналдырды.

Біршама уақыттан бері Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйі директоры қызметін  Марат Жақсылықов атқарып келеді. Екі бірдей жоғары оқу орнын бітірген Марат – осы ауылдың төл перзенті. Кезінде ауыл жастарының жетекшісі ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан жігерлі жігіт өз ортасына да сыйлы. Кәсіби міндетіне қоса бағбандыққа да бейім екенін мәдениет ауласының жасыл желегі тамылжыған кейпі паш етеді.

Ауылдық мәдениет үйінің жанындағы халық театры – Қазалы ауданындағы осындай жоғары атағы бар бірден-бір ұжым. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяқ шенінде ауыл өнерпаздары қол жеткізген «халық театры» өзінің атағын сонан бері бірнеше мәрте қорғады. Мұның қандай жоғары жетістік екенін театр саласынан хабары бар жандар жақсы түсінеді. Бір ғажабы, ауылдық мәдениет үйінде ұрпақтар сабақтастығы жақсы қалыптасқан. Сонау жылдары ауыл клубында Ханзада Қарабураева анамыз киномеханик болып ұзақ жыл еңбек етті. Кейін анамыздың жолын ұлы Жаңабай Төлешов жалғас­тырды. Сол ізгі дәстүр әлі де үзілген жоқ. Қазіргі таңда ауылдық мәдениет үйі жанындағы «халық театрының» режиссері қызметін Жанділдәнің баласы Ақниет Баймұрат атқарады. Сондай-ақ, театрдың суретшісі Қаршыға Қалымбет, мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Ғалия Алдамұратова мен әдіскері Тұрар Айсауытов – өз өнерлерімен көпшілік ілтипатына бөленіп жүрген жандар.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<