Ақын, сазгер әрі әнші

1721

0

Ақын, сазгер әрі әнші Өнер туындысының бағасын халық береді. Түрлі байқаулардың нәтижесі шындығында шартты ғана нәрсе. Талай жүлдені иемденген шығармалардың ел ішінде өз соқпағын таппай «ұлыған күшік секілді адасып, кері қайтуы» өмірде аз кездесіп жүр ме? Пәленбай жерде топ жарды деген туынды сол атағынан алыстамай, айтылмай қала беретіні де шындық. Көпшіліктің көңіліне қона кететін өнер шуағын дүниеге келтіру үшін де орталықта тұру міндет емес, алыстағы ауылда өмір сүріп те таңғажайыптарымен таңқалдыратын таланттылар аз кездеспейді. Тасқа өскен қына секілді талғампаз жандардың ауылдың қою шаңының арасынан-ақ жүріп топ жаруы әбден ықтимал. Сондай өнер иесінің бірі – ақын, әнші, сазгер Аманбай Өтебаев.

Әбекеңді сонау жастық шағымыздан білеміз. Әншілігі бір басқа, ақындығы айтарлықтай азамат. Әуен тербеген сазгерлігі қандай! Кезінде спорт мектебінде жас палуандарды күрес өнеріне баулыған бапкерлігі ше?! Топ жара сөйлейтін шешендігіне де еріксіз сүйсінесіз. Осыншама өнерді бір бойына тоғыстырған ағамыз, барынша қарапайым, достыққа адал, кішіпейіл. Нағыз сегіз қырлы, бір сырлы, өнегелі жан десек, артық айтқандығымыз емес. Адамның өнерлі болуы, әрине, Алла берген қасиет, дегенде жұрт әуелі кімді де болса адамгершілігіне қарап бағалайды. Міне, осы тараптан алғанда Аманбай ағамыз көп замандастарымыздан озық тұр. Өзі туылған өңірді барынша сүйетін Әбекең күні кешеге дейін туып, өскен ортасынан алыстамады. «Ауылым – алтын бесігім» деп түсінген ол қазақтың қара шаңырағының тозбайтынына, кешегі күні кеткен селкеуліктердің қайта қалпына келетіндігіне барынша сеніп жүрді, өзгелерді де осыған иландырды. Елбасының 2003-2005 жылдарды ауылды көтеру жылдары деп арнайы бағдарлама қабылдағанда тіптен қуанышы үдей түскені әлі есімізде. Сол кездері болашаққа деген сенімі нығайып, шабыты шалқи түскендей көрінді.  Бұл енді жүрегінде иманы мол, болашаққа батыл сеніммен қарайтын жасампаз кісінің қасиеті.

– Екі мыңыншы жылдары Төменарықтағы мәдениет үйі қандай еді, шатыры шұрқ тесік, есік-терезесі опырайып, сұрқы қашып тұратын. Міне, Үкіметтің ауылға көзқарасы түзелгелі, біраз кем-кетігі орнына келтірілді. Алдағы уақытта мұнан да жақсы бола береді, өйткені Қазақстан болашағы зор мемлекет, – дейтін сонда өнерпаз аға, өзі меңгеруші болып қызмет істейтін мәдениет ошағына сүйсіне көз салып. Көрегендік демей-ақ, қоялық, сол айтқандарының барлығы дерлік қазір жүзеге асырылып келеді. Ауылдың жолы анау – асфальтталған, қалай қарай жолға шықсаң да сайрап жатыр, таза ауызсу, аяқсу әр үйге, әр аулаға жеткізілген. Көшелердің түнгі жарығы самаладай жарқырап тұр. Жаңа мектеп, балабақшалар қатары мол. Денсаулық саласы ғимараттары да қаладағыдан бірде кем емес. Яғни, әлеуметтік мәселелердің көпшілігі шешілген деп айтуға әбден болады.

Аманбай Өтебаевтың алғашқы әні осыдан қырық жыл бұрын жарық көрді, содан бері елуден астам ән жазды. Аса талғампаз сазгердің әуенге, оның сөзіне сақтықпен қарап, төрт аяғын бірдей тигізгенше тыным таппайтыны бар. «Ана жүрегі», «Мен өмірді сен деуші ем», «Гүлнар қыз» әндерінің өзінің ерекшеліктері бар. Сексенінші жылдары шиелілік әнші Сәрсенбек Баймағанбетов орындауында тыңдарманын тапқан «Түнді де біреу түн дейді»» әні үлкен ілтипатқа ие болды. Радиодан да, теледидардан да сол ән жиі шырқалатын. Бұл туынды сазгерге де, әншіге де абырой әперді. Абырой, атақтың шабыт шақыратын қасиеті бар. Әбекең осыдан соң тіпті үдете жазды. «Анашым – арайым менің», «Сағынам», «Гүлсара» әндері шартарапқа тарап, той-жиындарда жиі шырқалатын. Ол кездері шығармалар қазіргі нарық заманындай шытырлаған ақшамен бағаланбайтын. Әйтпесе, Әбекең осы саз, әуендерімен-ақ материалдық жағынан байып кететін адам. Көпшілік әндерінің сөзін өзі жазған. Көңілі құлаған тәуір дүниелерге де ән өрнектейтін де кездері бар. Ақиық ақын Мұқағалидың сөзіне ән шығарды. Сол ән кезінде Роза Рымбаеваның репертуарына енді, атақты әнші біраз жыл сол әнді орындап жүргені әлі күнге көпшілік жадында. «Нұр-Мұқасан» тобының орындауындағы «Бақытым менің» әні де Аманбай Өтебаевтың туындысы екендігін біреу білсе, біреу білмейді. Өйткені, ауылдың ақкөңіл азаматы өзін-өзі жарнамалаудан, орынсыз мақтаныштан бойын аулақ ұстайды.

Әбекең талай мәрте ақындар айтысына да қатысып, оза шапты. Сыр бойы сүлейінің бірі Манап Көкенов, талантты өнерпаз Есіркеп Қоңқабаев, Әмір Мәжитовтермен қатар еңбек етіп, олардың тәрбиесін де алды. Өзгелермен кейде санаса бермейтін өршіл мінезді Мәкең Аманбайды зор құрметтеп, сөзіне мән беретін-ді. Бірде, «Үсенбай бауында» деректі кинофильмге түсіп жүргенінде Манап Көкеновтің ордені түсіп қалыпты. Көк шөп пен қалың жапырақ арасынан кішкене темір қайдан көзге шалына қойсын, айналасындағылар онысын тез арада таба алмай қалысады. Шарт-пұрт ашуланған ақын арнайы дайындалған асқа қарамай кетпекші болғанда:

̶  Мәке, дәмнен ұлық емессіз, кідіріңіз. Орденіңіз де халықтың ықыласымен алынған нәрсе ғой, көптің тілегін аяқасты етпеңіз, – деген тілеулес інісі Аманбайдың бірауыз сөзінен кейін ғана аттан түскені кешегідей есте. Айта берсек, осындай хикаяттар жетерлік. Бәрін баяндай беру шарт емес, азаматтың адамдық болмысын көрсетсек жеткілікті деп ойлаймыз. «Аманбай Өтебаевтың айтқан термелері мен әндері әлі күнге дейін елдің құлағында. Ол жастайынан кітапқұмар болды. Кешкілік ауылдың үлкендеріне «Мұңлық-Зарлық», «Рүстем-Дастан», «Қырық қыз», «Көрұғлы» қиссаларын түннің бір уағына дейін оқып беретін. Өзі де шетелдік жазушылардың «Су астына саяхат», «Он бес жасар капитан», «Капитан Немо», «Цуцима», «Том Сойердің басынан кешкендері», «Аралдағы қазына» кітаптары мен Әуезовтің «Абай жолы» мен Шолоховтың «Тынық Дон», «Дон повестері», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар», Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» шығармаларын сүйіп оқыды. Осы оқығандарын тамылжыта айтып та беретін» деп жазады белгілі журналист Берік Бейсен өзінің жуырдағы мақаласында. Әбекең «дене шынықтыру және ән-күй сабағының мұғалімі болып жұмыс істеді. Ауыл балаларын спортқа баулыды, күрес үйірмесін ашты. Екі-үш жылдың көлемінде, ауыл спорты дамып, өз нәтижесін берді. Төменарық елді мекенінде Кеңес Одағының Батыры Романов атындағы жүлде тағайындалып, жылда облыстық жарыс өткізу дәстүрге айналғаны да сол кез. Аманбай ағаның баптаған шәкірттері ауылдың атын шығарды, аудан, облыс, республикалық жарыстарға дейін қатысты.         

Адамға өмір бір-ақ рет беріледі. Оны мағыналы да, мазмұнды өткізу әуелі жаратушы қолдаса әр пенденің өз қолында. Бұл орайда сан қырлы өнер иесі Аманбай Өтебаевтың еңбегін ешкім жоққа шығара алмас. Жарты ғасырдан астам уақыт ауыл мәдениетінің көркеюіне, шеткі елді мекен балаларының спортқа бейімделуіне аянбай тер төккені өзінше бір тарих. Алайда, қайраткер ағамызға еңбегіне сай бір атақ беру ешкімнің ойына да келмепті, өзі де сұраншақтанып, ешкімнің есігін аша қоймапты. Баяғы Аманбай әлі сол Аманбай! Бұл күндері өнерпаз ағамыз Астана қаласында тұрады. Ұлы Сағыныш өзі секілді өнерлі де ізденімпаз болып жетілді. Қазақ радиосында қызмет атқарады. Ортасына абыройлы, өнерден де құралақан емес, арагідік өз шығармашылығынан да хабар беріп қоятыны бар. Әбекең Тәрбие жеңгеміз екеуі немерелерін бағып-қағып, тәуелсіз еліміздің ұландарын шыңдай түсуде. Өнер десе елеңдеп отыратын ол бұл күндері де өзі тұратын ауданда ардагерлердің басын қосып, түрлі мерекелерде концерттер ұйымдастырып отырады. Басқа да шаралардың бел ортасында өзі жүреді.

    – Бір өлеңдер жинағымды ілгеріректе шығарғанмын, «Сағыныш» атты. Тағы бір топтамам дайын тұр. Сәтін салса, оқырмандарыма ұсынармын деп ойлаймын. Күн жылына елге барып, кеш өткізсем деп те қоямын. Өз қолымыздан келгенінен тартынбай, көпшілікке ұсынып отыру азаматтық парызымыз емес пе?! – дейді жетпісінші белесіне көтерілетін өнердің өнегелі өкілі.

Нұрмахан ЕЛТАЙ, 

ҚР Ақпарат  саласының үздігі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<