Бекзат өнер биікке жетелейді

1601

0

Сырдария ауданы Аманкелді ауылының тұрғыны Шапағат Жарқынбекқызы – би өнерінің қыры мен сырына қанығып жүрген жастың бірі. Оның биге деген қызығушылығы бала күнінде басталыпты. Бағына қарай 2013 жылы ауылда әуез мектебі ашылады. Ол кезде бұл небәрі 10 жаста екен.

– Үйірмеге жеткенше асығатынмын. Сол жерден 5 жыл тәлім алдым. Ақшолпан Байсуова мен Ақмаржан Күмісбай сынды ұстаздарыма ризашылығым мол, – дейді Шапағат.

Ол М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде 4 жыл оқып, хореограф мамандығын алып шықты. Ауылдағы №42 мектеп-лицейінде жастар практикасымен жұмыс істеп жүр. Осындағы 5-6 сынып оқушыларынан құралған «Балдәурен» би тобының жетекшісі. Сондай-ақ, қаладағы «Еркем-ай» би тобының белді мүшесі.

«Еркем-ай» би тобына көпшіліктің ықыласына бөленген ұстазы Ақшолпан Байсуова жетекшілік етеді. Мұнда 8 биші қыз бар. Олар ұлттық билерді орындайды.

– Би өнері сұлулық, әсемдік сыйлайды, жанға қуат береді. Тіл жеткізе алмайтын дүниелерді бимен айшықтауға болады. Ал халық билері жастардың бойына өз ұлтының рухани мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын дарытады, – дейді жас маман.

Шапағат көпбалалы отбасында дүниеге келген. Бауырлары да өзі сияқты өнерге жақын. Сіңлісі Нұрай рухани азықты поэзиядан іздейді, өлең-жыр оқығанды ұнатады. Ал үйдің кенжесі Аружан өзі сияқты биші. Ол жақында өткен аудандық байқауда бас жүлдеге ие болды.

Ауыл балаларын өнерге баулып қана қоймай, олардың жақсы өнерпаз болып қалыптасуына ықпал етіп жүрген жас маманға риза болдық.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<