Бекзат өнердің бапкері

1606

0

Қаладағы түрлі мәдени іс-шараларда бірдей киінген, әсем билейтін бір топ қызды жиі көремін. Қасында биші Әсел Бекзатханқызы жүретін. Кішкентай балалармен жұмыс істеп, оларды үлкен сахнаға шығару оңай шаруа емес.  Бүлдіршіндерді би өнеріне баулып жүрген Әселмен жақын танысу үшін М.Қалауов атындағы Қызылорда қалалық «Өнер» мектебіне арнайы бардық. 

Мектепке жақындағаннан күмбірлеген күйдің, фортепианонның дауысы естілді. «Балалар, қәне бәріміз бірге, қайталаймыз, оңға, солға, бір, екі, үш!» деген Әселдің даусы шыққан залға қарай бет алдым. Кейіпкеріміз шәкірттерін келесі сайысқа дайындап жатыр екен. Дәрісті бөлмей күтіп, балалардың ырғағымен біз де би әлеміне еніп кеттік.

Бекзат өнердің бапкері

Мың бұралған биші, педагог-зерттеуші Әсел бекзат өнердің қайталанбас ғажайып әлемінде өмір сүріп, оны жанына серік етіп келеді. Аталған білім ошағының хореография бөлімінің жанынан құрылған «Балбұлақ» халықтық (үлгілі) балалар би ансамблінің көркемдік жетекшісі.  Бала күнінен би өнерін сүйген балауса қыз, бойжеткен соң  Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Хореография» мамандығында білім алды. Еңбек жолын М.Қалауов атындағы Қызылорда қалалық «Өнер» мектебінде хореография бөлімінің мұғалімі қызметінен бастады. Талантты жас шығармашылығын шыңдап, біршама жетістіктерге жетті.

Бекзат өнердің бапкері

Өнер – өнегелі, ақылды адамдарды тәрбиелейтін құрал. Соның бірі – би өнері. Балалардың оны түсініп қабылдауына ерекше көңіл бөлетін талғампаз тәрбиешінің еңбегі шәкірттерінің жетістігінен көрінеді. Әселдің тәрбиелеген оқушылары бүгінде түрлі халықаралық, республикалық деңгейдегі шығармашылық байқаулардың жеңімпазы атанып, алдыңғы қатардан көрініп келеді.

Атап айтар болсақ, «Бозторғай» облыстық балалар шығармашылығы байқауынан бес жыл қатарынан бас жүлде, II республикалық «Алатау шыңы» жастар мен балалар шығармашылық конкурсынан, «Би нұры» фестивалінен, халықаралық «Бейбітшілік әлемі», «Жеті өнер», «Таланты Казахстана», «Music Drive», «Все звезды мира. Галактика талантов», «К звездам!»  және «Жұлдыз Арт Қазақстан»  конкурс-фестивальдерінен  бас жүлдені иеленді.

Бекзат өнердің бапкері

International Festival «Golden Time Hollywood» және «Звезды выходят на сцену» конкурстарынан I-орын иеленсе, республикалық телевизиялық «Айгөлек» балалар шығармашылық байқауы мен «Burabay Summer Fest» халықаралық жасөспірім таланттар фестивалінде ерекше көзге түсіп, аймақтық «Все краски танца»  би  байқауында 
I орын тұғырынан көрінді.

Әсел Бекзатханқызы ̶ ізденімпаз, еңбекқор педагог. Жаңашылдыққа жаны құмар ол әркез білімін жетілдіріп тұрады. Би педагогикасы туралы мақалалары республикалық «Хабаршы» ғылыми-әдістемелік және «Алаш ұстазы» республикалық ғылыми-педагогикалық журналдарына жарияланып, оқырманның оң бағасын алды. Би саласындағы жаңашылдықтар туралы мақалалары басылым беттерінде жарық көріп жүр. Білікті  маман    облыста   өткен  би сайыстарына қазылық етіп, түрлі телевизиялық және қоғамдық жобаларға қатысады. Қорқыт ата атында Қызылорда университетінің «Дәстүрлі музыка өнері және хореография» кафедрасының оқытушысы болып қызмет атқарған. Қазақстанның Хореографтар одағының мүшесі.

Әсел әр жылдары жемісті еңбегі үшін облыс, қала әкімдерінің, облыстық мәдениет және құжаттама басқармасының, білім басқармасының Алғыс хатымен марапатталған. Он жылға жуық еңбек еткен қалалық өнер мектебі директорының Құрмет грамотасын иеленген. Шығармашыл ұстаз биылдың  өзінде  халықаралық  бес  байқауда, республикалық бір байқауда шәкірттерімен бақ сынады. «Қазақ би өнерінің дамуына өз үлесімді қосып келемін. Менің тынымсыз ізденіс жолым, көп жылдар бойғы жинаған тәжірибем  ̶  би өнеріне деген шексіз махаббатымның айқын көрінісі. Би – менің өмірім» дейді Әсел.

Әсем ән, ырғақты қимылдарға толы би әлемінен Әселді шығарып алу мүмкін емес. Бізбен әңгімелескен аз-кем уақытта қайтадан би залына, балаларға асығып тұрды.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<