Судың сүзілмейтіні, өнердің үзілмейтіні секілді қазақ өнерін ғасырдан ғасырға жеткізіп, мерейін асырып жүрген баршаға үлгі боларлық өнерлі отбасылар аз емес. Бір шаңырақ астында екі бала тәрбиелеп, бекзат өнердің өркен жаюына да бірлесе атсалысып жүрген сондай отбасының бірі Қармақшы ауданында тұрады.
Тумысынан өнерге жақын Берік Айтов аудан жұртшылығына ғана емес өңірімізге де кеңінен танымал. Өнер иесі бүгінде жары Жазира Асылбекқызымен бірге ауданның мәдениет саласының дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Олар Түркістан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алған. Берік – араб, ағылшын тілдерінің маманы, Жазира – өнер факультетінің түлегі, мамандығы – хореограф. 2011 жылдан бастап «Шауғар» би ансамблінде өнер көрсеткен олар 2013 жылы Түркістан қаласында «Бастау» би тобын құрған. Ерлі-зайыптылар 2017 жылы Қармақшы ауданына көшіп келген.
Би – бекзат өнер. Ол жай қимылдан, құр қозғалыстан тұрмайды. Оны көзбен көріп қана қою аз, жүрекпен түйсіну қажет. Жазира Асылбекқызы жастардың би өнерінің қиындығына қарамастан, осы салаға келуі қуантарлық жайт екенін айтады.
– Алыс-жақын шетелдердегі осы киелі өнердің майталмандары біздегі ансамбльдерде билеп жүрген жастардың көптігін көріп, «сіздердегі би өнерінің болашағы бар екен» дегені бар. Кезінде Гүлжан Талпақова мен Шара Жиенқұлова сынды жеке-дара шыққан майталмандар болды. Бүгінгі би өнеріне қызыққан жастардың арасынан да осындай өнер иелерінің шығуына қолдау көрсетілуі керек, – дейді ол.
Жас отбасы Шамшат Төлепова атындағы Қармақшы аудандық мәдениет үйіне көркемдік жетекші және хореограф болып жұмысқа орналасып, сахнада түрлі іс-шараларда өнер көрсетіп келеді. Сондай-ақ, үйінде би үйірмесін ашып, шәкірт дайындайды. Бүгінде шәкірттері байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<