Бұлақ суындай мөлдір

4997

0

Ұлы  даланы мекен еткен халқымыздың ең қасиетті музыкалық аспабы домбыраны жырламаған қазақ ақыны кемде-кем шығар. Себебі, бұл аспап қиналғанда сүйеу болар қуат, қуанышта жарқырай көрсететін көңіл күйі еді. Домбыра өнерлі жанды өрге тартар құдіретті құрал да болатын.

Атақты ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қадыр Мырзалиев: «Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра. Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» деді. Бұдан артық не айтуға болады?

Алтын Бекенова домбыраны аялап, төрінде ұстаған Сырдария ауданы Айдарлы елді мекенінде тұрған Бекен ақсақалдың ортаншы баласы Иманбайдың отбасында дүниеге келді. Ақсақалдың тұңғышы Ыдырыс ағай да тамаша тарихшы ұстаз, сәл босаса, қолына домбыра ұстайтын. Ал өз әкесі Иманбай сол маңдағы ел-жұртқа белгілі күйші еді. Бала кезімде әкесінің туған інісі Молдабаймен бірге өстім, бірге мектепке бардым. Алғаш «Тәңір берген Молдабайды» соның орындауында тыңдадым. Сөзі мен ән ырғағын ойын арасында қайталап жүретін едік.

Данышпан қазағым бәрін айтқан ғой, айтып келеді. Тек айыбымыз – соны бағдар ете бермейміз. «Алтын кездік қап түбінде жатпас», өмір осыны сан мәрте дәлелдеді, дәлелдей береді. Бұл дүниеге шыр етіп түскеннен Алтын домбыра үнімен оянып, домбыра күйімен ұйқыға кетті. Мектепте-ақ көзге түсіп, вокалды аспаптар ансамблі құрамында ойнап, «Дайдидау», «Бір бала», «Назқоңыр», «Дедім-ай-ау» әндерін тамылжыта орындады. Орта мектепті бітірген соң Жезқазған қаласындағы мәдени-ағарту  училищесінің «Хор және дирижер» бөлімінде оқып, өнер өресін биіктетті. 

Еңбек жолын 1989 жылы Қызылорда облыстық филармониясының әншісі болып бастап, көршілес Қарақалпақстанда, еліміздің Алматы, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Жезқазған, Қарағанды, т.б қалаларында гастрольдік сапарларда болды. Халық әндерімен қоса Қазақстан композиторларының да әндерін нақышына келтіре орындап, халықтың ықыласына бөленді. Қызмет арасында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан  мемлекеттік университетінің тиісті факультетінде білімін  жетілдіре түсті.  

Содан жүрегі әнге елжіреп, құлағы ерекше үнге үйренген Алтын бірте-бірте сазгерлік жолға түсті. «Қазақстан», «Нұр-Астана», «Сыр – Алаштың анасы», «Байқоңыр», «Әкеме», «Шіркін, анам болғанда», «Ұлы өзен», «Абзал аға», «Илья – чемпион», «Қарай бергім келеді», «Елес», «Әннен алқа тағайын», «Айдарлым», «Мен сол күні сұлуланып»,  т.б. халық жылы қабылдаған көптеген әннің авторына айналды. Әндері облыстық, республикалық, халықаралық конкурстарда орындалып бас жүлде, І  орындарға  ие бола бастады.

Бұл күндері Сыр еліне аты мәлім сазгердің бірнеше әнтаспасы жарық көрді. 2020 жылы «Ән – керуен» атты тұңғыш кітабы баспадан шықты. Сәті түссе, екінші жинақ та жарық көрер.

Сыр елінің басты байлығы, көне грек тілінде «Яксарт», ортағасырлық мұсылман жазбаларында «Сейхун» атауларымен бізге жеткен Сырдария өзені талай ақынды жырлатып, талай сазгердің әніне қосылды. Дария өз төңірегінде тұратын халықтың шөлін басатын сусыны да, тіршілік көзі де. Сондықтан да Алтынның сирек талант иесі, Мемлекеттік сыйлықтың  лауреаты, арқалы ақын, драматург Иран-Ғайыптың осы тақырыптағы өлеңіне жүгінуі заңды.

Жинаққа Иран-Ғайыптың жеті өлеңіне жазылған әндері кіріпті. Арқалы ақынның мына «Ұлы өзен» атты өлең жолдарына әнмен үн ендірмей, көңіл-күймен сыр ендірмей отыру мүмкін емес: 

– Сенен өткен жұмақ жоқ, Сырым менің,

Жерұйығым, жәннатым, жырым-кенім

Топырағыңды басқаным – тау асқаным,

Шықса да артық, ризамын, бүгін демім.

Бұл өлең жолдары ән болып төгіліп, жыр болып ағытылмауы мүмкін емес.

Халқымыздың сан ғасыр күресіп, қол жеткізген тәуелсіздігі жай халықты да талай тебіренткені белгілі. Алдымен патшалық Ресейдің, содан соның саяси жалғасындай болған кеңестік қыспақтан шығып, өз тізгіні өзіне тиген Ұлы даланың бүгінгі еркін қалпы, дербес жағдайы ақындарға шабыт беріп, сазгерлерді тербеткені, өлең болып ағылып, жыр болып төгілгені, әнге айналып шырқалғаны, шырқала беретіні аян. Сол себепті Сыр бойының белгілі ақыны Рысты Бекбергенованың «Тәуелсіздігім» атты өлеңінің:

– Армысың, Тәуелсіздігім,

Туғандай жаңа ізгі күн.

Езілдік ғасырлар бойы,

Жарылқап еді бізді кім?..»

деген өлең жолдары кімді болса да толқытады, жүрек пернелеріне үн береді. Бұл ақынжанды сазгер Алтын Иманбайқызына да шабыт беріп, аттас әніне арқау болған. 

«Ән-керуен» жинағына ақын Мөлдір Айтбайдың бес шығармасының бірі «Өнер сүйген қызыңмын» аталатын өлең Алтынның өзіне арналған сияқты. Ал шындығында келгенде, бұл өлең кез келген өнерді сүйген, соны өзінің рухани дамуының кілті санаған сезімі нәзік жанды толғантпай тұра алмайды. Назарларыңызға мына бір шумақты ұсына кетейік: 

– Жүрегіме дүрсілдеп тыным бермей,

Әсем ән боп әр таңым арайланған.

Көркіме кеп ай жүзі үңілгендей,

Пернесінен көңілдің ән ойнаған.

Алтын Иманбайқызының тынымсыз еңбек етіп келе жатқанына  аз уақыт болған жоқ. Өнер жолындағы кейбір белесті кезеңдерге тоқтай кетейік.

Композитор Кеңес Дүйсекеевтің  60 жылдығына арналған «Туған жер» атты әнші-композиторлар конкурсының дипломанты болса, композитор Рамазан Тайманов атындағы әнші-композиторлар конкурсының бас жүлдегері атанды. Оңтүстік Американың Доминикан Республикасының Фунто-Кано қаласында өткен «caribbean-cold-2008» халықаралық әлем балаларының ән байқауында Иран-Ғайыптың сөзіне жазылған «Сен» әні  халықаралық конкурстардың лауреаты, жас әнші Индира Ахметованың орындауында күміс жүлдені жеңіп алып, таспаға жазылып сол елдің алтын қорына қалдырылды.

Қызылорда облысының 70 жылдығы және Қызылорда қаласының 190 жылдығына арналған «Қыдыр қонған Қызылорда» атты композиторлар аймақтық конкурсының І орын жүлдегері атанса, Кентау қаласында өткен композитор Сейдолла Байтереков атындағы «Әлия»  жас эстрада әншілері мен композиторлар республикалық байқауында «Елес» әні жас әнші Индира Атырауованың орындауында бас жүлдені, композитордың өзі  Әлия атындағы сыйлықты жеңіп алды.

Алтын Иманбайқызының көп жылғы еңбегі аталып келеді. «Қайталанбас дауыстар» Сыр саңлақтарының антологиясына енді, Қызылорда қаласының 200 жылдығы медалімен, Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Астана қаласында «Bilim orkenieti» Ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткен еңбек  озаттарының «Алтын төсбелгі»  иегері.

Қазір жарты ғасырлық тарихы бар облыстағы өнердің қарашаңырағы болып саналатын халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығында жемісті қызмет етіп келеді. Сазгерлік жұмыспен қатар Алтын өзі қызмет еткен орталықтың фонотека қорындағы әр жылдарда үнтаспаға жазылған жыр-дастандар, термелер, айтыстардың мәтінін баспаға дайындауда. «Сыр сұлуы», «Нұргүл» ән-би ансамбльдері, халықтық фотостудия мен киностудия, облыс әкімі ансамблінің жұмыстарына бағыт-бағдар береді. Әсіресе «Мәдени-мұра» бағдарламасы бойынша «Бабалар мұрасы ғасырлар сүрлеуімен» атты мәдени-фольклорлық көшпелі экспедиция құжаттары мен бейнетаспаларын жинақтап, «Ежелгі Тұран мәдениеті» атты деректі түрлі-түсті каталог-журнал мен фильм шығару жоспарланып, «Жырау» тарауының баспадан шығарылуында Алматы қаласында іссапарларда болып,  атқарған еңбегі орасан зор.

Осылардың бәрін айта отырып, бүгінгі нарықтық  қатынастар жағдайында талант иелерінің де тағдырының оп-оңай еместігін, күрделене түскенін аңдаймыз. Өйткені нарықты тұтас қабылдадық. Ал қоғамдық өмірдің қайшылықты жайлары аз болмайды, онсыз ол дамымайды, ілгері жылжымайды. Біз керемет шығыстық менталитетімізді, адами қасиеттерімізді, адалдығымызды, имандылығымызды, әділеттілігімізді нарықтың қайшылықтарына қарсы қоя алмадық. Әсіресе, шынайы өнер адамдары еркін қимылдай алмайтын күйге ұшырады. Бұл жағдай қарындасым Алтыннан да алшақ болып тұрған жоқ. Ал алдау-арбауды білетіндер мен нарықтың капиталына бас ұрғандардың бірсыпырасы ілгері кетіп, атақ-даңққа ие болды. 

Осы сияқты түрлі себептерден Алтын Иманбайқызы өз талантына сәйкес жұртшылыққа көріне алмай жүр. Осы кезге дейін кең көлемде бірде-бір авторлық кеші өткен жоқ. Сол себепті капитал құндылық емес, рухани дүние, өнер – халықтың байлығы, ұлттың басты мұрасы екенін жақсы білетін  өнерсүйер басшылар бүкіл өмірін өнерге арнап келе жатқан шынайы талант иесінің авторлық кешін ұйымдастырса, әділеттіліктің бір айқын көрінісі болар еді.

Әбдіжәлел БӘКІР,

профессор,

саяси ғылым докторы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<