Сыр өңірінде Байнияз Тілеповтің есімі етене таныс. Мәдениет саласында өзіндік із қалдырып, елдің мақтанышына айналған ол – атақты күйші, елі сыйлаған бірегей өнерпаз. Жуырда мәдениет саласының қайраткерімен тілдесіп, әңгімелесудің сәті түсті. Байнияз аға жылы қарсы алды. Оның өнер жолында атқарған жұмыстарын, жетістіктерін тізбектегенде жүзінен өнерге жан-тәнімен берілген нағыз жанашыр жан екенін аңғару қиын емес…
Оның балалық шағы Арал ауданына қарасты Көне бөген ауылында өтті. Жастайынан қолына домбырасын ұстап, ауыл сахнасын жыр мен күйге бөледі. Есейген кезінде де домбыра өмірлік серігіне айналды.
– Менің балалық шағым соғыстан кейінгі жылдары өтті. Ол кез бірде бар, бірде жоқ уақыт болатын. Қоңырқай күй кешсе де, жұрттың өнерге деген құштарлығы, көңілі бөлек еді. Сол құштарлық маған шабыт беріп, осы өнерге деген ынтамды, сүйіспеншілігімді арттырды, – деп бастады әңгімесін Байнияз аға.
Талантты жан көрсек, “кімнен дарыған?” деп тегін сұрайтын әдетіміз бар емес пе? Әкесі Дидар Тілепов – Бөген мемлекеттік балық аулау базасының балықшысы. Қолы қалт етсе болды жыраулардың мақамына салып, домбыра тартып, балаларын жырмен сусындатып өсірді. Өз ағалары Нағымаш пен Ақнияз да аудан көлеміне танымал өнерпаз болған. Анасы Орынбикенің бауырлары Тілеулес, Тілеуберген, Тілеужандар да елге белгілі жыршы-домбырашылар. Туған інісі Сайлау да өмірінің соңына дейін дирижер болып еңбек етті. Осындай отбасынан шыққан Байнияз аға да өнердің өріне самғады.
Б.Тілепов мектеп бітірісімен Шымкент қаласындағы киномеханиктер даярлайтын №38 кәсіптік-техникалық училищеге түсті. Онда халық аспаптар оркестрінде көркемдік жетекші болды әрі оркестр мүшелеріне домбыра үйретті. Өнерпаздың бұл еңбегі жетістікке жетелеген алғашқы қадамдарының бірі болатын. Өйткені, өзі жетекшілік еткен оркестр облыстық байқауда жеңіс төрінен көрініп, училище директорының мақтау грамотасын иеленді.
Байнияз ағаның еңбек жолы 1967 жылы балықшыларға мәдени қызмет көрсететін Мәдениет кемесінде киномеханик болудан басталды. “Мәдениет кемесі” дегенге таңырқаған боларсыз? Алғаш естігенде мен де таңданысымды жасыра алмадым. Дәл осы кемеге 1968 жылы басшылыққа келген ол аттай 7 жыл басқарып, балықшылар көгін көктем етті. Өнер ұжымына, білікті де талантты басшыға деген балықшы қауымның ықыласы, сүйіспеншілігі мен құрметі күн санап артты. Әсем әуен, күмбірлеген күймен теңіз тарландарына қызмет еткен Байнияз аға талантымен ғана емес, ұйымдастырушылық қабілетімен, білікті басшылығымен танылды. Осылайша, 1975-1976 жылдары мәдениет үйінің әдіскері болды. Көп ұзамай аудан басшылығы аудандық мәдениет үйінің директоры қызметіне тағайындап, оны он төрт жыл бойы басқарды. Осындай жауапты қызметтерде жүріп Мәскеуде өткен халық шаруашылығы көрмесінде өнер көрсетіп, Қазанғап атындағы ұлт аспаптар оркестрінде бас домбырашы болды. Мұнан соң Қызылорда облысы еңбекшілерінің Қарақалпақстандағы мәдениет пен өнер апталығына қатысып, лауреат атанса, оркестр ұжымы Қарақалпақ АССР Жоғарғы кеңесінің құрмет грамотасын иеленді. 1990-2010 жылдар аралығында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы қызметін атқарды. Бұл кезде де осы бөлімге қарасты клубтық мекемелер мен кітапхана мамандарының білімі мен біліктілігін арттыруда, оларды қайта даярлауда өзінің тәжірибесімен бөлісіп, білгенін кейінгі жастарға үйретті. Еңбекке етене араласа жүріп, білімін шыңдауды да ұмытпаған өнер иесі Шымкент қаласындағы мәдени-ағарту институтын сырттай оқып бітірді.
Бір басында бірнеше өнер тоғысқан жанның бойынан тек күйшілікті ғана емес, әншілік, режиссерлік, сценарист, актерлік қабілетті де көруге болады. Оған дәлел де жоқ емес. Мәселен, М.Дүзеновтің “Аралдың алтын балығы”, Ғ.Мүсіреповтің “Қозы Көрпеш-Баян сұлу”, М.Әуезовтің “Еңлік-Кебек”, Ә.Тәжібаевтың “Той боларда”, С.Адамбековтің “Ах, жүрегім”, Қ.Мұхамеджановтың “Бөлтірік бөрік астында”, Қ.Шаңғытбаев пен К.Байсейітовтің “Беу, қыздар-ай!” спектакльдерінде басты рөлдерді сомдап, көрермен көзайымына айналды. Сондай-ақ, мәдениет үйі жанынан ұйымдасқан көркемөнер-үгіт бригадасының репертуарын жаңартып, кеңейту, еңбек, соғыс ардагерлерімен кездесу кешін ұйымдастыру, театрландырылған көріністерге режиссерлік ету де Байнияз ағаның мойнына жүктелген. Бұл жұмысты да жауапкершілікпен атқарды.
– Өнердің кез келген түрі жаныма жақын. Сонау 1972 жылы “Халық театры” атағын алу үшін драма ұжымдарының республикалық байқауына М.Дүзеновтің “Аралдың алтын балығы” атты спектаклін дайындап, басты рөлді сомдадым. Бағымызға орай сәтті шығып, өзім лауреат атансам, ауданға “Халық театры” атағын алып қайттық. Кейін, Аманөткел, Қызылжар ауылдық мәдениет үйі драма ұжымдарының “халықтық” атақ алуына атсалыстым, – дейді ол.
Б.Тілеповтің аудандық мәдениет үйі жанынан Нұртуған Кенжеғұлұлы атындағы жырау-термешілер мектебі мен З.Шүкіров атындағы шығармашылық бірлестіктерді ұйымдастырып, жас өнерпаздарды баулуының өзі үлкен өнеге. Бекбосын Қайрақбаев, Хамза Тоқмамбетов, Үмбетәлі Сапаров, Жанұзақ сынды жыраулардың мақамын таспаға түсіріп, оны үйретіп, шәкірт бойына ізгілік нұрын сепсе, терме арқылы тереңдікке баулыды.
Жаңашылдыққа жаны құмар Байнияз аға үнемі ізденіп, тынымсыз еңбек етті. Өнер жолында жасаған өрелі істері биік белестерден көрсетті. Сондай еңбектің нәтижесінде дүниеге келген игі бастамасының бірі – 1985 жылы “Тамаша” әзіл-сықақ отауының құрылуы. Мәдениет үйі жанынан ашылған бұл театр елді күлкімен көмкеріп қана қоймай, астарлы ой, мағыналы көзқарас қалыптастыруға ұйтқы болды.
Қазақтың атадан балаға мұра болып қалған әндерін, жыр-термелерін кейінгі ұрпаққа жеткізу, оны насихаттау – өнерге жанашыр әрбір адамның, оның ішінде өнерпаздың міндеті. Бұл ретте Байнияз Тілеповтің еңбегі ұшан-теңіз десек, артық айтпағандығымыз болар. Жоғарыда жыршы-термешілердің мектебін ашып, шығармашылық бірлестіктердің жұмысының жандануына атсалысқанын ерекше атап өттік. Одан бөлек, енді бір қыры – осы өнердің отын өшірмей жастарға үйрету, өнерлі жандарды елге таныту жолында ансамбль құруы еді. Оның өзі бір тарих.
Жетпісінші жылдары Аралда бір көше тұрғындарынан құралған “Ақтолқын” ансамблі дүниеге келді. Жас өнерпаздардан тұратын ансамбль Сыр өңірін бойлай сонау Балқашқа дейін барып, балықшыларға концерт қойды. Мұнан кейін мәдениет үйі жанынан “Сәукеле” атты фольклорлық қыздар ансамблі құрылды. Бұл ансамбль де облыстық, республикалық байқауларда бақ сынап, жүлделі орындардан көрінді. Мұның барлығының басында білікті басшы, қабілетті ұйымдастырушы Б.Тілепов болды. Осындай тәжірибесінің арқасында болар, бір кездері жұрт Байнияз ағаны “ансамбль құрудың шебері” деп те атаған.
Ал Тілеповтердің нағыз отбасылық ансамблі 1995 жылдан бері халыққа қызмет көрсетіп келеді. Өнер қонған шаңырақта бәрі өнерпаз. Інісі Сайлау республикаға танымал, Қазанғап атындағы халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі дирижері еді. Өмірінің соңына дейін аудан халқына қазақ өнерін насихаттап, қырық жылдан астам уақыт үздіксіз еңбек сіңірді. Балалары Арман, Қараман, Еламан, Бақытгүл, Гүлбағым, келіндері Жазира, Гүлназ, немерелері Қарақат, Айқоңыр, Асқар, Адия, Нұрдәулет түгелдей биші-әнші, енді бірі суретші. Бір отбасыдан шыққан бұлардың барлығы да өнер додаларында бақ сынап, биік белестерді бағындырған. Жары Мария – өнерпаздарды бәйгеге дайындайтын ұйымдастырушы ғана емес, әулетті ұйыстырып, отбасының берекесін келтіріп отырған жан.
Шағын ғана ауданды өнер мекеніне айналдырған мәдениет майталманының осы еңбегі бүгінде лайықты бағасын алды. ҚР Мәдениет министрлігінің құрмет грамотасын, ҚР “Конституциясының 10 жылдығы”, Қазақстан ардагерлер қауымдастығының “Батыр шапағаты” және “Мәдениет майталманы” медалін, ҚР “Мәдениет қайраткері” атағын иеленді. Байнияз аға зейнетке шықса да, аудандық “Ұлағат” ардагерлер ансамблін басқарып, жетекшілік етуде. Түрлі мәдени шаралардың бастауында жүрген ол кейінгі жастарға әлі талай дүниелерді ұсынып, ел мен жерді жырға бөлемек.
Мейрамкүл Дауылбайқызы,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<