Даланың даусы – домбыра

1416

0


«Қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп Қадыр Мырза Әлі айтқандай, қазақ халқы десе, ең алдымен еске түсетін атрибуттың бірі домбыра екені анық.


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында жазылғандай, ұлттық жаңғыру – бұл ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. «Ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», – делінген мақалада.


Домбыра – шекті аспаптардың ішіндегі ең көнелерінің біріне жатады. Жалпы, әрбір қазақ үшін киелі домбыра – ұлтымыздың символы. Қазақ күйі адам жанын тебірентеді, керемет сезімге бөлейді, жүрекке бойлап, терең бойлайды. Көпшелілер заманында да солай болған, бүгін де солай.

Домбыра бағзы заманнан бері қазақ халқымен бірге жасап келеді. Адамдар оны қайғыда да, қуанышта да қолынан түсірмейді. Сыңғырлаған домбыраның қоңыр үні халқымыздың тарихын, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа әуенмен жеткізіп келеді.

Аталған аспап туралы қазақ ертегілерінде де, аңыз әңгімелерінде де айтылады. Ал Құрманғазы, Дина Нүрпейісова, Әлшекей Бектібайұлы, Нұрғиса Тілендиев сынды домбыраның құлағында ойнаған дәулескер күйшілердің есімдері қазақ мәдениетінің символына айналып, олардың шығармалары қазақ музыкасының жылнамасында сақталған.


Домбыраға деген қызығушылық әрі музыкалық аспаптың танымалдылығы ешқашан да тоқтаған емес. Бүгінде домбыраның құлағында ойнайтын жастар көп. Бұл қуантарлық жайт. Бұл дәстүрді сақтап, оны келесі ұрпаққа аманат етіп тапсыру біздің қолымыздан келеді.


Қазақстан тәуелсіздік алуымен бірге домбыраның да күні туғаны анық. Домбырамен күй тартып, ән салатын адамдарды осы күні төрге шығарайық. Тек осы күні ғана емес, жылдың үш жүз алпыс бес күні домбыра ұлтымыздың жүрегінде болғай.

Жадыра Әлиханова,


Жаңақорған ауданы

Әлшекей өнер мектебінің мұғалімі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<