Қазақтың мың әнін жинақтап, нотаға түсірген А.Б.Затаевич өзінің төрт жылдық еңбегінде: «Менің алдымнан күтпеген жерден ашылған ғажайып қазынаның жанынан елемей өтіп кту мүмкін бе еді?! Мәдениет әлеміне олар әлі күнге дейін беймәлім еді., сонымен қатар бұл мәдениет иелеріне қырылып бітудің апаты қолын соза бастаған кез еді. Сондықтан әлі де болса, бүлінбей бүтін тұрғанда жазып алуды жылдамдату керек болған еді» деп жазған екен. Расында, ән – адам жанын әлдилейтін тылсым күш. Оның ішінде кең тынысты қазақ әндерінің орны бөлек.
Осыдан бес-алты жылдай бұрын Жалағаш аудандық мәдениет үйінде кезекті бір мерекелік концерт өтіп жатқан еді. Концерттің соңына таяу жүргізуші: «А.Бабаджанянның әні «Благодарю тебе», сөзін жазған Р.Рожденственский, орындайтын республикалық ән байқауларының дипломанты Жасұлан Жәрменов» – деп хабарлады. Сахнаға орта бойлы, қараторы жігіт шығып, қалың көрерменге иіліп ізет білдірді де әнін бастап кетті. Кеудесін кере, кең тыныспен, керемет дауыспен әнді әуелетіп шырқай берді. Иә, расында, керемет дауыс! Классикалық шығармаларды асқақтата орындайтын баяғы Ермек Серкебаев сынды атақты әншілердің дауысы. Баритон дауыс. Бұл дауыс өте сирек кездеседі. Осы күні үлкен сахналарда жүрген «Астана Опера» театрының солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сүндет Байғожин есімді баритон дауысты талантты әншіні білеміз. Ал, ауыл сахнасында ән салып жүрген Жасұланның репертуары да осындай әншілерден кем түспейді екен. Айталық, халық әні «Ақбақай», Жаяу Мұсаның әні «Ақ сиса», Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасы» сияқты әндерін халық ерекше ықыласпен тыңдайды. Сондай-ақ, шетел классикасынан Ф.Дюмануа мен А.Деннеридің сөзіне жазылған Г.Свиридовтің әні «О, Маритана!», Г.Козловскийдің сөзіне жазылған М.Магомаевтың әні «Синяя вечность», неополитан халық әні «Санта Лючия» сынды туындыларды да тамаша орындайды. Иә, мәселе оның қай ұлттың немесе қай автордың әні болуында емес, өнер иесінің шебер орындауымен шарықтау шегіне жеткен халықтық, эстрадалық, классикалық немесе симфониялық әуен құдыреті еріксіз жан-дүниеңді жаулап алатыны сөзсіз. Осы орайда «Өнерде шекара болмайды» деген сөздің жаны бар.
Ерекше талантымен есімде қалған сол әнші жігітті жақында жолықтырдым. Өнер жайында аз-кем әңгіме өрбітіп, жақсы жаңалықтарынан да хабардар болдық. Ауыл баласына тән ұяңдау мінезді жігіт өзі туралы шешіліп әңгіме айта қоймады. Әйтсе де өнер жолындағы азды-көпті атқарған еңбегіне шолу жасап көрдік.
Әңгімемізге арқау болып отырған әнші жігіт Жасұлан Жәрменов Жалағаш ауданына қарасты Таң ауылында дүниеге келген. Бала күнінен ән салғанды ұнататын. Мектепте өтетін түрлі шараларда халық әндерін орындап, мұғалімдерінің ыстық ықыласына бөленіп жүретін. Алайда, ата-анасы ер балаға әншіліктен гөрі салмақтырақ мамандық алу керек деп тұжырым жасаған еді. Сол себепті Жасұлан 2003 жылы Қызылорда заң коледжіне түсіп «Құқықтанушы» мамандығы бойынша бітіреді. Әйтсе де бұл мамандығына жұмыс табыла қоймағасын, Таң ауылдық мәдениет үйіне көркемдік жетекші болып уақытша жұмысқа орналасады. Талантты жас қолына баянын алып, ауылдық мәдениет үйінің сахнасында талай рет ән шырқады. Халықтың да қошеметі бөлек. Расында, ол әрбір ән салған сәтінде өзіне де беймәлім ерекше бір күй кешетін. Осылайша жас жігіттің бала күннен бергі арман-қиялы қайтадан қанат қақты. Ойлана келіп, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Музыкалық білім» мамандығына оқуға тапсырды. Жолы болып, оқуға түсіп кетті. Мамандығы – вокалдан ҚР Мәдениет қайраткері Миуа Төлегенова, ал баян аспабынан Бақыт Жақсылықова дәріс берді. Сондай-ақ, КСРО халық артисі Бибігүл Төлегенқызынан, Қазақстан Республикасының Еңбегі сіңірген артисі Қаракөз Ақдәулетовадан тәлім алып, орындаушылық қабілетін шыңдай түсті. Осыдан кейін ол ауылдық мәдениет үйінде мәдени ұйымдастырушы, Далдабай ауылдық клубының меңгерушісі қызметтерін атқарды. Қазіргі таңда Қаракеткен ауылдық клубының басшысы.
Жас әнші Жасұлан Жәрменовтың өнер жолындағы жетістіктері жетерлік. Атап айтар болсақ, 2010 жылы ҚР Тәуелсіздік күніне орай облыста ұйымдастырылған «Менің елім Қазақстан» атты ән байқауында бас жүлде, осы жылы Ш.Қалдаяқов атындағы ән байқауында бас жүлде, ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Егемен елім – мақтанышым» атты облыстық патриоттық әндер байқауының жүлдегері, К.Дүйсекеев әндерін орындаушылардың «Туған жер» атты республикалық ән байқауының дипломанты, дәстүрлі «Студенттік көктем-2011» өнер фестивалінің бас жүлде иегері, 2012 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет және Ақпарат министрлігі ұйымдастырған Ш.Қалдаяқов атындағы халықаралық «Менің Қазақстаным» ән фестивалінің дипломанты, Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы, КСРО халық әртісі Р.Бағланова атындағы ІІ- республикалық «Ақмаңдайлым» атты әншілер конкурсының дипломанты, сондай-ақ таяуда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қармақшы ауданының мәдениеті мен өнеріне еңбегі сіңген ардагер Сұлтан Сармолдин жүлдесі үшін «Үздік көшбасшы –2019» кәсіпорын директорларының облыстық байқауынан ІІ орын иеленді.
Бүгінгі таңда Жасұлан Жәрменовтың ауылдық мәдениет үйіндегі еңбегі де жемісті жалғасып келеді. Айталық, шәкірті Пазыл Орныққан Қазанғап атындағы музыка колледжінің 3 курс студенті. Ол жақында республикалық «Аманат» ән байқауынан бас жүлде иеленіп, халықаралық байқауға жолдама алды. Сол сияқты, осы байқауда Шадияр Болатбекұлы есімді шәкірті де жүлдегер атанып, халықаралық байқау жолдамасына қол жеткізді.
«Сыр елі – жыр елі» деген қанатты сөз бекер айтылмаса керек. Өйткені ән -жыр өнерінің барлық жанры бізге таңсық емес. Әлемдік сахналарда танылып қана қоймай, таң қалдырып та жүрміз. Бұл тұрғыда Жасұлан Жәрменов сынды талантты жігіттердің болашағына зор сенім артуға болады.
Ғазиза ӘБІЛДА
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<