Нью-Йорктегі концерт АҚШ-тағы Қазақстан Республикасының мәдени күндері аясында ұйымдастырылады, – деп хабарлайды Елорда Инфо.
Димаш 19 мың көрерменге арналған Barclays Center аренасында өнер көрсетеді. Концерт билеттері 13 қыркүйекте сатыла бастаған.
«Arnau tour ENVOY» – әлем назарын елімізге аударатын үлкен имидждік жоба. 2019 жыл Қазақстанда Жастар жылы деп жарияланды. Концерттік бағдарламаға дайындық жұмыстарымен қазақстандық дарынды жастардың айналысып жатқаны тегін емес. Шоу бағдарламаға қатысушылардың орташа жасы – 25 жас.
«Мен әлемге мәдениетімізді Arnau tour ENVOY шоуы арқылы паш ететініме қуаныштымын. Нью-Йорктегі концерттің көрермендері заманауи нақыштағы қазақтың саф өнерімен таныса алады. Біз бүкіл командамызбен осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Осы жобаға қатысы бар әр адам кәсіби мамандар дей аламын», – деп Димаш Құдайберген әсерімен бөлісті.
Қуаныш Бекен, Арсен Именов сынды шоу хореографтары өз ісінің майталмандары. Қуаныш Бекен ISDS бойынша The Best Choreographer 2018 атанды, сондай-ақ телевизиялық жобаларда, клип және эстрада жұлдыздарының үлкен концертінде қоюшы хореограф болған. Арсен Именов Contemporary art бағытында жұмыс істейді. Түрлі еуропалық труппаларда өзін сынап көрген. Жігіттер Димаштың дауысы мен музыкалық аспаптардың үнін дене қимылы арқылы үйлестірудің түрлі амалын тапты.
Концерттегі барлық хореографиялық элементтерді 10 бишіден тұратын қазақстандық топ орындайды. Олардың қатарында «Танцы на ТНТ» шоуының финалисі Александр Ли де бар. Александр ARNAU концертінде жеке композиция ұсынған болатын, енді осы нөмірдің жетілдірілген түрін Нью-Йорк көрермендері тамашалай алады.
DQ_band – концертке қатысатын музыканттар мульти аспапшылар болып табылады. Ұжымның әр мүшесі бірнеше аспапта еркін ойнай алады.
Афишалардағы Димаштың бейнесін қазақстандық фотограф Евгения Волкова түсірген. Постерді Contemporary art және New Media Art жанрларының жас та хас өкілі Ринат Абдрахманов дайындады. Ринат визуалды әсер беру арқылы шоу идеясын графикалық нұсқада ерекше әзірлеген. Arnau tour ENVOY афишасының дизайн авторы алматылық жас дизайнер Анастасия Шиповалова.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<