Домбыра үнінде сайын даланың сарыны бар

2176

0

Ұлттық құндылығымыздың бірі де бірегейі – қасиетті қара домбыра. 2018 жылдан бастап шілде айының алғашқы жексенбісі – ұлттық домбыра күні болып күнтізбе бетінен орын алды. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп ақын Қадыр Мырза Әлінің өлең жолдарында айтылғандай, домбыраның үнінде сайын даламыздың сан ғасырлық тарихы жатыр.

Ұлтымыздың асқақ рухы, ағыл-тегіл пейілі осынау қос ішекті аспаптың көмейінен төгілген әсемқоңыр күйге, ән мен жырға арқау болып келеді. Жалпы домбыраның құдіреті туралы бала күнімізден есте қалған аңыз әңгімелер жетіп-артылады. Соның бірі – «Ақсақ құлан» күйі туралы хикаят.

Бірде Жошы ханның ұлы аң аулауға шығып, үйірді бастап жүрген құланды жаралайды. Ызалы құлан аңшыға тап беріп, ханның ұлы сол жерде қаза болады. Бұл сұмдық хабарды ханға жеткізуге кімнің жүрегі дауаласын? Оның үстіне Жошы хан жаманат хабар әкелген жанның көмейіне қорғасын құямын деп жарлық еткен. Бірақ қалай дегенмен, қазаны ханға естірту керек. Сонда бір жігіт ханның алдына шарт жүгініп, домбырасын қолына алып, «Ақсақ құлан» күйін аңыратып тартып бергенде, аза бойы қаза болған хан «Тоқтат!» деп айқайлаған екен. Хан бәрін түсінеді, алайда қолдан келер шара бар ма?! Қайғы құшып, қаһарына мініп, әлгі домбыраның көмейіне қорғасын құйғызады. Иә, ел ішінде осы мазмұндас мысал әңгімелер жетіп-артылады.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Дәстүрлі музыка өнері және хореография» кафедрасының аға оқытушысы, күйші, композитор, өнертану ғылымдарының кандидаты Гүлнар Ысқақова жастайынан жанына домбыраны серік еткен, сонымен қатар, осынау ұлттық өнерді терең тануға, ғылыми айналымға енгізілуіне зор еңбек сіңірген ұстаз. ҚР Халық артисі, атақты күйші Қаршыға Ахмедияровтан дәріс алған өнер иесін ұлттық домбыра күнімен құттықтай отырып, тақырып төңірегінде әңгімелескен едік.

–Тарихымызды танимын десек, домбыраны айналып өте алмаймыз. Айталық, өз дәуірінде ақын-жыраулар, әйгілі күйшілер қара домбыраның қасиетімен елдің бірлігін, тұтастығын сақтай білді. Мәселен, жалынды жырларымен, асқақ күйлерімен жорықтарда жауынгерлердің рухын көтерсе, қарапайым тұрмыста ұлттық салт-дәстүр құндылығын талмай дәріптеген. Иә, алғашқыда авторлар немесе өзге орындаушылар арқылы жеткен  күйлер бүгінде заман талабына сай оркестрдің орындауында кең қанат жайып, шарықтау биігіне көтерілді,– дейді ол.

Айта кетейік, кейіпкеріміздің бойына қонған күйшілік, домбырашылық өнер атасы Ысқақтан, әкесі Исламбектен бері жалғасып келе жатыр. Осы орайда күйші, композитор Гүлнар Ысқақованың туындыларының да халықтың жүрегінен орын алуы қара домбыраның қасиетінде болса керек. Автордың «Сағыныш», «Көктем келді» деп аталатын күйлері бар. Ақын Ә.Тәжібаевтың сөзіне жазылған «Келші, сәулем» әні бүгінде үлкен сахналарда орындалып жүр. Жалпы Сыр бойы ақындарының сөзіне жазылған оннан астам әндері тыңдаушыларын тәнті етіп, риясыз ықыласына ие болды.

– Әкем Исламбек Ысқақов есімі елге белгілі күйші. Оның күйлері өзіндік ерекше мазмұнымен әрі саздылығымен қарапайым тыңдарманның ғана емес, белгілі музыка мамандарының да назарын аударған. Өзі көп жыл ұстаздық ете жүріп, артына қалдырған отыз шақты күйі және жинақтаған дүниелері мыңдаған тиражбен жарыққа шығып, бүгінде оқу орындарында пайдаланылып жүр. Жас музыка зерттеушілері ол кісінің шығармашылығынан ғылыми жобалар қорғаған. Оның ішінде «Ұлытау» тобының орындауындағы «Күрішшілер биі» деп аталатын күйі бүкіл әлемге таралып, тыңдаушыларын тәнті етті. Кейін бұл күйге бейнеклип түсіріліп, заманауи тұрғыда жаңғыртылды десек болады. Сонымен қатар, күйшінің ел аузынан естіп, жинақтаған аңыз-әңгімелері де бір төбе. Жалпы ол кісінің Сыр бойы ғана емес, қазақ өнері мен ғылымын өркендетуге қосқан еңбегі зор. Әр жылдары арнайы концерттер, телехабарлар ұйымдастырылып, алтын қорға енгізілді. Осы тақырыптағы антологиялық жинақтардан орын алды. Сондай-ақ, жазушы Несібелі Рахметтің «Исламбек» атты кітабында күйшінің шығармашылығымен қатар, адами болмысы айқын көрініс тапқан.

Әкемнің көзі тірісінде шаңырағымызға небір атақты адамдар, ақын-жазушылар, әнші-күйшілер келіп жататын. Сол кездерде әкем менің атымды атап, «өнер жолында осы қызыма көп үміт артамын» деп отыратын. Сондықтан әке аманатын орындауды алдыма мақсат етіп қойдым, – дейді Гүлнар Исламбекқызы.

Өнертаушы ғалымның диссертациялық жұмысының тақырыбы «Сыр бойы қазақтарының күйшілік дәстүрі» деп аталды. Оның ішінде ортаңғы Сыр бойы күйлерінің негізінде Әлшекей Бектібайұлы, Құрақтың Досжаны, Исламбек Ысқақов сынды араларына елу жыл салып өмір сүрген күйшілердің мұралары жан-жақты талданды. Әсіресе, Сыр өңіріне тән қолтаңбалық ерекшеліктеріне назар аударылған. Бұдан бөлек, 50-ден астам ғылыми мақаласы бар. Ал 1994 жылы «Ой шақыру» тақырыбындағы оқу-әдістемелік құралы жарық көрген.

Өнерге қанат қаққан жүздеген шәкіртінің жүрегіне жол тауып, білім биігіне жетелеген ұстаздың Сыр руханияты саласындағы қырық жылға жуық еңбегі өз деңгейінде бағаланды. Әріптестерінің сый-құрметіне бөленген жан. Айта кетейік, «Дәстүрлі музыка өнері және хореография» кафедрасында музыкалық-педагогикалық, орындаушылық шеберлік, шығармашылық, ғылыми-зерттеушілік, ақпараттық-музыкалық, мәдениет саласындағы менеджмент мамандарын дайындайды.

Әңгіме барысында Гүлнар Исламбекқызынан ұлттық домбыра күнінің маңызы туралы сұраған едік:

– Бұл – нағыз дер кезінде қабылданған шешім. Жасыратыны жоқ, қазіргі жаһандану кезеңінде ұлттық құндылығымызды көздің қарашығындай қорғай білмесек, қаптаған «шоу жобалардың» шаңында қалу қаупі бар. Сондықтан бұл мерекеге қазақтың әр отбасы, әрбір азаматы терең сүйіспеншілікпен әрі жауапкершілікпен қарағаны жөн. Ұзақ жылғы ұстаздық тәжірибемнен білетінімдей, қолына домбыра ұстаған бала тәрбиелі болады. Бойына жаман әдетті жуытпайды. Жан дүниесі сезімтал, сергек болып келеді. Осы ойымызды тұжырымдасақ, ұлттық аспабымыз – домбыра әр қазақтың төрінде тұруы тиіс, –дейді.

Қасиетті домбыраны қолына алып, көңіл күйін шерте отырып, өткенге ой жіберіп, осынау сан ғасырдан жеткен қоңыр сазды бүгінгі ұрпақтың бойына сіңіруге аянбай еңбек етіп жүрген Гүлнар Ысқақовадай ғалым-ұстаздың болмысы әркез биік.

Ғазиза Әбілда,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<