Дүрия көйлек шәйімен бүрген…

2933

0

Қазақтың қандай киімі болмасын, онда халықтың әсемдік тал­ғамы, өмір салты, өткендегі хал-ахуалы суреттеледі. Сырдың өнер қайраткерлері ұлттық киімдер ар­қылы қазақ халқының бай мәдениеті мен жоғары талғамын сахна биігінен көрсете білген.

Музей экспозициясында ән мен сұлулықтың тәжін қоса киген Алаштың ақ маңдайлы аруы, қайталанбас дауыс иесі, Сыр елінің тумасы Роза Бағланованың сахналық киімі орналасқан. Бұл – киноархивтегі мәскеулік операторлар түсірген көріністерде жарқ етіп жүрген көйлектердің бірі. КСРО Халық артисі, Халық қаһарманы Роза Бағланованың сахналық киімі сол уақыттағы музей директорының орынбасары Әмірғали Көшек­баев пен музей қызметкері Аманкүл Нұржанова ар­қылы музей қорына 2002 жылы түскен. Көйлек 48-ші өлшемде, көк масаты мен шәйіден тігілген. Көйлекке қос етек түскен. Ал, масатыға алтын түстес дөңгелек әшекейлер жапсырылған.  Бөрігі терімен көмкеріліп, төбесіне үкі тағылған. Үкі әсемдік берумен қатар, тіл-көзден сақтайды деген сенім бар.

Роза Бағланова қай елде болмасын, қай сахнада өнер көрсетпесін қазақтың әнін ғана емес, қазақтың ұлттық киімі мен салт-дәстүрін серік етіп, насихаттап жүрді. Ұлыбритания еліне сапарында Роза Бағланованың сахналық образына тәнті болған Елизавета патшайым: «Қазақ әйелдерінің киген киіміне қарап-ақ, олардың қандай халық болғанын тануға болады. Бұл киім байлық пен талғамды аңғартады», – деген екен. Роза Тәжібайқызының сахналық киімдерін Орталық Комитеттің тапсырмасымен арнаулы шеберлер дайындаған. Киімнің үлгісі мен түсі Роза Бағланованың жоғары талғамын аңғартатын.  Шет  елдерде қазақтың қос етек дүрия көйлегін, қынама бел қамзолын, үкісі бұлғаңдаған тақиясын киіп, жарқ етіп, сахнаға шыға келгенде жұрт  ду етіп қол шапалақтайтын. Бұл – өз ұлтының салт-дәстүрін қадірлей білген және өзгеге сыйлата алған ұлтжанды тұлғаның көрінісі.

Әйгерім Бекқұлиева,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<