Елбасы көрмесі ел тарихынан сыр шертеді

442

0

Облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрмесімен таныстым. Төрт бөлімнен тұратын көрме «Елбасы жолы», «Елбасы феномені», «Әлем таныған Елбасы», «Елбасы мәртебесі-ел мәртебесі» аталған. Танысу барысында маған «Әлем таныған Елбасы» бөліміндегі Қазақстан Республикасының қарқында сыртқы саясаты көрсетілген тарихы, еліміздің көпвекторлы сыртқы саясаты дипломатиялық тарту-таралғылары, жеке жазбалар, архивтік материалдар, бейбіт әлемді қалыптастырудағы Н.Ә.Назарбаевтың ерен еңбегін таныған шетелдік мемлекет және үкімет басшыларының жеке құрметтері көрсетілген экспозициясы керемет әсер қалдырды.

Сонымен қатар, көрмеде Тұңғыш Президенттің жеке архивіндегі мемлекеттік және қоғамдық қызметіне байланысты мұрағат құжаттары мен бірегей өмірбаяндық шығармашылық материалдар, Елбасының әр жылдардағы жеткен жетістігі мен тұтынған заттары, Н.Назарбаевтың 60-жылдардан бастап жинаған үй кітапханасының кітаптары мен тарту етілген басылымдар, түрлі кезеңдердегі мемлекет басшылары мен ресми өкілдердің сыйлықтары, жоғары мемлекеттік марапаттары, сондай-ақ, музей қорларынан алынған материалдар ұсынылған екен. Мұнан бөлек, Назарбаев моделінің қалай қаланғаны, егемендік алған қысқа мерзімде еліміздің жетістіктерге қалай жеткені туралы кеңінен қамтылып айтылған.

Мемлекет басшысының көрегенділігі, біліктілігі, ізденімпаздығы да осы көрмеде толық қамтылған. Осындай елдің, Елбасының өмірінен сыр шертетін көрмені жұртшылыққа ұсынып жатқан ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін. Себебі, бұл көрме арқылы жастарымыз өткенімізді біліп қана қоймай, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолындағы тарихынан мол мағлұмат алады.

Ағайша НҰРҒАЛИЕВА,

зейнеткер.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<